- Advertisement -

Білім бәсекесі қандай нәтиже көрсетті?

121

- Advertisement -

Биыл мектеп бітірушілердің орта білімін аттестаттайтын әрі жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік беретін бірыңғай жүйедегі тестілеу дәстүрлі форматта соңғы рет өткізілуде. Өзге өңірлерде және ірі қалаларда ҰБТ 15 маусымда аяқталады. Ал облыс түлектері тестілеу «машақатынан» құтылды деуге де болады. Сынақтың соңғы легі 7 маусым күні Тараз қаласындағы ТарМПИ базасында орналасқан ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінде өтті. Жамбылдық мектеп бітірушілер бойын билеген үміт пен күдікті қалай жеңді? Білім бәсекесінде қандай нәтиже көрсетті? ҰБТ-ның көрсеткіші көңіл көншіте ме? Осы сауалдардың жауабын білу үшін облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованы сөзге тарттық.

– Сұлушаш Сәтбекқызы, облыста ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Түлектер үмітті ақтады ма?
– Облыс түлектері үшін ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Тестілеу бес күнге созылды. Бұл түлектер мен ата-аналары, өңір педагогтері үшін де үміт пен күдік кезек алмасқан сын сағаттары болды десем, артық емес. Биыл бірыңғай тестілеуге облыс бойынша 315 жалпы білім беретін мектепте оқитын барлығы 8561 мектеп бітірушінің 6065-і, яғни 70,85 пайызы қатысты. Өткен жылы ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші 66,7 пайызды құраған болатын. Бес күнгі тестілеу нәтижесінде мектеп бітірушілердің орташа балы 78,71-ді құрады. Үш түлек 124 балл жинап, жоғары нәтиже көрсетті. Үздік шыққан Сұлтан Көбеев, Камила Мұратаева, Санжар Наурызқұлова – Тараз қаласындағы №45 Б. Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясының және Жуалы ауданындағы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясының мектеп бітірушілері. 5 оқушы 123 балл жинады. Оның үшеуі ауыл мектептерінің шәкірттері екенін айта кетуіміз керек. 123-тен балл жинап, ұстаздары мен ата-аналарының үміттерін ақтаған Жуалы ауданындағы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Инабат Өмірзақтың, Қордай ауданындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі Әйгерім Серікбайдың, Жамбыл ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің шәкірті Ақнұр Жанболаттың, Тараз қаласындағы №41 гимназия және №8 гимназияның мектеп бітірушілері Ислам Қанатбекұлы мен Нүрила Жаулыбай есімдерін де атай кеткеніміз жөн шығар. Жалпы, 59 оқушы 120-дан жоғары балл жинап, жақсы нәтиже көрсетті. 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер саны – 1041.
– Бір ғана Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясының үш түлегі жоғары нәтиже көрсеткен екен. Аталған білім ошағы мектептер арасында үздік шығар?
– Білім беру үрдісінде рейтингісі жоғары жоғары оқу орындары сияқты білікті педагогтер жасақтауда және білім беруде өзгелерден озық тұратын мектептер болады. Солардың қатарында Жуалы ауданындағы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясы да бар. Тараз қаласындағы №45 классикалық гимназия, облыстық дарынды қыздар және ұлдарға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаттары – жас ұрпаққа сапалы білім беруде өзіндік тәжірибесі қалыптасқан білім ошақтары. Осы мектептердің шәкірттері жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуде және басқа да түрлі білім додаларында үздік нәтижеге қол жеткізеді. Биылғы ҰБТ-да Айша бибі атындағы облыстық дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты түлектерінің орташа көрсеткіші – 107,98, Жуалы ауданындағы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназияның бітірушілерінікі – 105,05, Тараз қаласындағы №45 гимназияның шәкірттерінікі – 104,11 балды құрауы соның дәлелі. Облыстың ең жоғары көрсеткіш көрсеткен 3 мектебі – осылар.
– Биыл «Алтын белгіге» 220 мектеп бітіруші, үздік аттестатқа 86 түлектің үміткер болғанын білеміз. Олар ҰБТ-да түгелдей өз білімдерін дәлелдей алды ма?
– «Алтын белгі» орта білім туралы аттестатына үміткер 220 мектеп бітірушінің 130-ы, яғни 59,10 пайызы өз білімдерін дәлелдеді. Былтыр 223 үміткердің 124-і, 55,61 пайызы үмітті ақтаған болатын. «Алтын белгі» алу үшін 24 үміткерге 1 балл жетпей қалды.Үздік аттестатқа үміткер 86 мектеп бітірушінің 30-ы (34,88 пайызы) біз күткен межеден көріне алды.
– Тестілеуде шекті деңгейге жетпей қалғандар саны қанша?
– Мектеп бітірушілердің орта білімін аттестаттайтын бірыңғай жүйе енгізілгелі 12 жылдың ішінде ҰБТ басты білім бәсекесіне айналды емес пе?! Ал бәсекеде бағы жанып, жоғары нәтиже көрсететіндердің де, төмен балл жинап, өкініп қалатындардың да болуы заңдылық. Бірақ, биылғы түлектерде өкініштен гөрі үміт басым болды. Себебі, тестілеу талаптарына енгізілген өзгерістер бойынша ҰБТ қорытындысында шекті деңгейден өте алмағандарға сынақты екінші рет қайта тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан, тестілеуде жинаған балы 50 балға жетпей қалған 595 түлектің салы суға кетіп, сағы сынбайды деп сенеміз. Өйткені, олар тамыз айында ақылы негізде қайтадан кешенді тестілеуге қатыса алады.
Тілші түйіні: Көңілді күпті еткен ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Жоғары нәтиже көрсетіп, мемлекеттік грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алғандар да, жинағаны 50 балға жетпей, еңсесі түсіп жүргендер де бар екен. Облыстық білім басқармасының басшысы айтқандай, бір қуанатыны, оларға тағы бір мүмкіндік беріледі. Екінші мүмкіндікті пайдалана алмаса, үшіншісінде бақ сынайды. Қысқасы, бұрынғыдай бір жыл уақытын жоғалтпайтын болады.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support