- Advertisement -

Жайылымдық сатылмауға тиіс

84

- Advertisement -

 Байдалы 

БЕЙСЕУОВ,
агроном,
еңбек ардагері.

Бірден айтайын, ауыл маңындағы жайылымдық – жекеменшікке де сатылмаса, жалға да берілмесе деймін. Олай дейтінім – халықтың малын емін-еркін өрістетіп, жаюына мүмкіндік туады. Ауыл тұрғындары төрт түліпен күнін көріп отыр ғой. Жайылым тарылып, малдан айырылса, күні не болады? Осы жағын да ойлау керек.
Жердің жекеменшікке сатылғаны дұрыс. Бірақ, кім көрінгенге емес, осы саланың суығына тоңып, ыстығына күйіп жүрген, жерді тиімді пайдалана білетін шаруаларға ғана берілуі керек. Ауыл шаруашылығының исі мұрнына да бармайтын қалалық байшыкештерге берілмегені жөн. Осы тұрғыдан келгенде, аукцион өткізудің де керегі жоқ сияқты. Үйренген адам жерге баласындай қарайды. Өйткені, жер – асыраушы сала. Соны түсінетін, жан жүрегімен шынайы сезінетін адамдар жердің нағыз қожайыны болып жүр, бола да береді. Отбасын асырайтын, өзі жан сақтайтын жерді кейін ұрпағына аздырмай-тоздырмай сақтап жеткізетіндер де солар.
Мен зейнетке шыққанға дейін Талас ауданындағы «Ойық» кеңшарында бас агроном болып қызмет еттім. Көп жылдық жұмыс тәжірибемнен көңіліме түйгенім де көп-ақ. Біз ол кезде көбінесе ауыспалы егіс жүйесін пайдаланатынбыз. Жоңышқалықты төрт-бес жыл пайдаланғаннан кейін оны жыртып, орнына жүгері, бидай егетінбіз. Бұл дақылдар құнарлы жерде жақсы өседі. Сөйтіп ауыстырып, топырақты ұдайы құнарландырып отыратынбыз. Біздің кезімізде қазіргідей тамшылатып суару технологиясы болмады, егістік алқаптарды жаппай суардық. Ол енді сәл жабайылау еді ғой. Ол кезде қазіргідей жаңашыл істер, тамшылатып суару, суды үнемдеп пайдалану дегенді ешкім ойлай қоймаған еді. Шаруалар осы жағын да қарастырса, құба-құп. Бәрібір мемлекет тарапынан олар үшін субсидиялау, басқа да көмектер керек-ақ. Қолдау болса ғана ауыл шаруашылығы өркендеп, алға басар еді.
Шаруа қожалықтары агротехникалық шараларды сақтамайын демейді. Шамалары келмейді. Сосынғы жерде техникалары да жетімсіздеу. Оларды жөндеп беріп жатқан ешкім жоқ. Өз тәжірибеме сүйене айтарым, егістік жерлерге минералды тыңайтқыштардан гөрі, көң, қи секілді органикалық тыңайтқыштарды көптеп пайдалану әркезде де тиімді. Жерді тоздырмайды, тұздандырмайды, химиялық құрамы жақсы сақталуына септеседі. Малдың қиын жинап, кәдеге асыру сатып алғаннан гөрі көп арзанға түседі ғой. Бірақ, бұл іс те шаруалардың оң жамбасына келмей жатыр.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында да ауыл шаруашылығы өндірісін ауқымды жаңғырту, әлемнің барлық елінде мүмкін бола бермейтін егістік алаңын ұлғайту, егістік түсімін ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі түрде арттыру міндетін алға қойып-ақ жатады. Қалай болғанда да ауыл шаруашылығы дамытылуы тиіс. Осыған басым көңіл бөліп, шаруалардың, ауылдың барлық жағдайын жасау керек. Сонда біз байимыз, бұдан әрі де бақуаттана түсетін боламыз.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support