- Advertisement -

Ең қымбат қазына

104

- Advertisement -

 Сейсен ІЗЕТБАЕВ,

«Майтөбе» шаруа
қожалығының
жетекшісі,
аудандық
фермерлер
одағының
төрағасы.

Тегінде «Бабын тапсаң – жер жомарт» дейтін сөздің астарында көп мән-мағына жатыр. Оны көзімізді ашып, тірлікке араласқалы бері білеміз. Әсіресе, біздің Берікқара өңіріне бұл сөздің әбден қатысы бар. Өйткені, таулы аймаққа орналасқан ауылымыздың Аралтөбе деп аталатын жері қаратопырақты, өте құнарлы. Астық ексең, суарып та әуре болмайсың. Тәлімі жер ғой, сапалы тұқымды агротехникалық талапқа сай сепсең, гектарына кемі 20-30 центнер өнім алуға болады. Оған шаруашылық жекешелендірілмей тұрған кезде көзіміз әбден жеткен. Құйқалы аймақтың 5-6 мың гектарын игеріп, алтын дәнге қырман толып, қарық болушы едік.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы жүргізілген жекешелендірудің арқасында біраз жұрт пай үлесін есептетіп, жер телімдерін алды. Бізге де 300 гектар егістік алқабы тиді, оны 49 жылға жалға алдық. Алғашқы кезде бұрыннан қалыптасқан тәжірибе бар, еншіге алған техникаларымыз бар, тиесілі жерімізді түгел болмаса да, шамамыз келгенінше игеріп, әжептәуір өнім алып жүрдік. Кейіннен техникаларымыз тозды. Тұқым, тыңайтқыш алуға қаржы тапшы, жұмысымыз қожырай бастады.
Шынымды айтсам, қазір менің 300 гектар ақ егіс алқабын игеруге қауқарым жетпейді. Осындайда жерімді бос жатпасын деп жалға да бергім келетінін несін жасырайын. Бірақ, біреуге берсең, оның жерге тап өзіңдей жаны ашымас деп те ойлайсың. Бірнеше шаруа қожалықтарының өзара бірігіп кооператив құрып, көшке ілесіп жатқандарын да көріп отырмыз.
Тау-тасты аймаққа қуатты техникалардың керек екенін де сезінесің. Осының барлығын мен кезінде жекешелендірудің дұрыс жүргізілмеуінен, ауыл шаруашылығын реформалаудың өз дәрежесінде ұйымдастырылмауынан деп ойлаймын. Қалыптасқан жүйені тас-талқан етпеуіміз керек еді. Енді жерді реформалау турасында «үйту керек, бүйту керек еді» деген сипатта түрлі ақыл-кеңестер, ұсыныс-пікірлер айтыла бастады. Мұны мен тек құптаймын.
Меніңше, жердің иесі – қазақ халқы, қазақстандықтар. Қадірін солар ғана біледі. Рас, шетелдердің озық технологиясын меңгерген жөн. Бірақ, осы уақытқа дейін неге ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен айналыспағанымызға таңым бар. Біз аграрлы ел ретінде бұрыннан танымал емес пе едік? Осы өткен уақыт ішінде шетелдік қымбат көліктерді емес, жер жыртатын, өңдейтін, тұқым себетін техникаларды көптеп шығарғанымызда ғой, жер игерілмей жатыр деген сөзден баяғыда-ақ құтылатын едік.
Сондықтан әлі де болса шаруалар үшін бағасы қолжетімді қазақстандық ауыл шаруашылығы техникаларын көптеп шығаруды тездетіп қолға алуымыз керек. Бұл жөнінде облыс басшысы К.Көкірекбаевтың Беларусь еліне барып, бірқатар агроқұрылымдарының жұмысымен танысып, облысымызда трактор құрастыратын зауыт ашамыз деп уағдаласып қайтқанын естіп, қуанып қалдық. Бұл мәселе шешілсе, жер де игеріледі, жұмысымыз да жанданады. Бұл – анық.
Өз басым жердің иесі тек Қазақстан азаматы болуы керек деп есептеймін. Жат жарылқамайды, өзіңдікі өзекке теппейді. Осыны қатаң есте ұстап, ескере жүргеніміз жөн-ау!

Майтөбе ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support