- Advertisement -

Облыс әкімі тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

101

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев тұрғындардың талап-өтініштерін тыңдау үшін қоғамдық қабылдаулар өткізіп тұрады.

Партия филиалында өткен қабылдауға мәселелерін айтып келген жандарды өңір басшысы жылы қабылдап, өтініштерін тыңдады. Бұл жолы қабылдауда болған азаматтар оқу, ауыз су және көше атын беру мәселелері бойынша сұрақтарын жолдады.
Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылының тұрғыны, зейнеткер Қалдыбек Ниязов облыс әкімдігі мен С. Асфендияров атындағы медициналық академияның арасындағы келісім-шарт бойынша білім алған немересі Әсел Кәрібаеваның мәселесін көтерді. Ол немересінің облыс әкімдігі ақша төлемейтін болғаннан соң оқуын жалғастыра алмай қалғанын айтып, шағымданды. Оның айтуынша, Әсел Кәрібаева көп балалы отбасынан шыққан, тиісті қаражатты өз қалтасынан төлеп оқуға қауқарсыз.
– Иә, біз осыдан төрт-бес жыл бұрын өңіріміздегі маман тапшылығына байланысты аталмыш медициналық академиямен келісіп, ақшасын төлеп, болашақ дәрігерлерді оқытуды қолға алғанбыз. Алайда, көп ұзамай мемлекет қаржысынан бұл тұрғыда ақша бөлуге болмайтыны туралы заң шыққанына байланысты облыс әкімдігі тарапынан келісім бұзылған. Кейіннен сіздер секілді біраз ата-аналар шағымданған болатын. Осы орайда сот отырысы өтіп, сот шешімі ешкімге ақша төленбейтінін мәлімдеген. Министрлік жанындағы арнайы қорға арызданып, несие алып немесе өздері қалтасынан төлеп оқуын жалғастырғандар да болды. Жағдайы келмей шығып кеткендер де жоқ емес. Бұл мәселе өткен жылы толығымен жабылған. Оны қайта қарастыра алмаймыз. Егер немереңізді академияда оқытуға жағдайыңыз көтермесе, онда облыстағы оқу орындарының біріне түсіріңіз. Бұл жақтағы оқу ақысы әлдеқайда төмен. Егер отбасылық жағдайы расымен төмен болса, онда оқу орындарының ректорларымен сөйлесіп жеңілдікпен білім алуын қарастыруға болады және оған ықпал етеміз, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы «Жамбыл облысы Ішкі істер органы мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ІІД бастығының кеңесшісі Өрнек Смаиловтың өтінішін тыңдады. Өрнек Төленұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, «Құрмет белгісі» орденімен, ҚР Президентінің Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Ниязалы Сраиловтың Отан алдындағы және еліне сіңірген еңбегінің ерен екенін ескеріп, келешек жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлғаның есімін Т.Рысқұлов ауданы, Абай ауылының бір көшесіне беруге ықпал етуді сұранды. Облыс басшысы оның сұранысын қанағаттанарлық деп тауып, егер халық қолдаса, бұл тұрғыдағы жұмыстарды белгіленген талаптар бойынша жүзеге асыру керектігін алға тартты. Бұдан соң, аталмыш ауданның Қаракемер ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мейрамбек Киікбаев ауыл тұрғындары атынан Қаракемер, Алғабас елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуде туындап отырған бірқатар мәселелерді алға тартып, оның оң шешілуіне қол ұшын беруді сұрады. Кәрім Нәсбекұлы бұл мәселемен таныс екенін айтып, бұл тұрғыдағы келеңсіздіктерді жойып, екі жақты жұмыстар жүргізуді аудан әкіміне нақтылап тапсырды. Және бұл орайдағы жұмыстарды өзіне баяндап отыруды ескертті. Сондай-ақ, облыс әкімі қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелердің барлығы «Нұр Отан» партиясының бақылауында болатынын жеткізді.
Жиын соңында облыс әкімі наурыз айында өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында белсенділік танытқан партия мүшелерін Елбасының, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының Алғыс хаттарымен марапаттады.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support