Апатқа өкінгеннен, алдын алған тиімді

Апатқа өкінгеннен, алдын алған тиімді
ашық дереккөз
Апатқа өкінгеннен, алдын алған тиімді

Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өңіріміздегі жаз айларында орын алуы ықтимал орман және дала өрттерінің алдын алу мен жазғы шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының жағдайын қарап, талқылауға арналды. Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің, тиісті басқармалар мен мемлекеттік мекемелер басшыларының қатысуымен өткен жиынды облыс әкімі, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасы Кәрім Көкірекбаев ашып, жүргізді. 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – облыс елді мекендеріндегі ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен бекеттерін құру, орманды дала алқаптарының өртке қарсы жағдайы, табиғи өрттердің алдын алу және жою бойынша дайындық жұмыстары жөнінде облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы М. Әкімбаев айтып берді. Оның айтуынша, былтыр облыс аумағында далалық алқаптарда 2683 гектар жерді қамтыған 135 жану оқиғасы тіркелген. Оның басым көпшілігі Шу, Жуалы, Сарысу, Байзақ, Қордай, Талас, Жамбыл аудандарында орын алған. Орман қоры аумағының 1685 гектарында – 10, далалық алқаптардың 7 гектарында 3 өрт тіркеліп, оның қоршаған ортаға елеулі зардабы да тиіпті. Арнайы жүргізілген талдау нәтижесі өрттің басым дені шілде, тамыз айларына сәйкес келетінін, негізінен азаматтардың отты пайдаланудағы орашолақтықтарынан туындайтынын көрсеткен. Биыл мұндай жағдайларға жол бермеу үшін ауылдық округтерде құрамында 2368 адам бар 171 ерікті өрт сөндірушілер жасағы құрылып отыр екен. Өртке қарсы құрылымдар 303 трактормен, 228 арнайы техникамен, 24 өрт мотопомпасымен, 78 аспалы, 2757 қоласты өрт сөндіру құралдарымен жарақтандырылыпты. Айтпақшы, былтыр ғарыш мониторингін енгізу де орманды дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін бақылаудың тиімді тәсілі екенін көрсеткен. Оның көмегімен ормандардағы 4 өрт пен далалық алқаптардағы 92 жану оқиғасының ошағы дер кезінде анықталып, өшірілген. Бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыру үшін биыл облыстық қазынадан 6 миллион 500 мың теңге бөлініпті. Баяндамашы, сондай-ақ кейбір ауылдық округтердегі мұндай құрылымдардың материалдық-техникалық базасы әлі де төмен деңгейде қалып отырғанын, Мойынқұм, Жуалы, Сарысу аудандарында өрт сөндіруге бейімделген техника саны өте аз екенін де атап көрсетті. «Орман шаруашылығы мекемелерінде орман өрт стансасы құрылмаған және қажетті техникамен тиісті деңгейде жабдықталмаған. Облыс аумағындағы 377 елді мекеннің тек 102-сі ғана өрттен қорғалған. Қалған 275-інің өртке қарсы қорғанысы жоқтығын ескеретін болсақ, ауылдық округтерде өрт бекетін құру өзекті мәселенің бірі болып отыр», деді ол. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы С. Қойбақов бүгінде ормандарды күзету және оның қорын молайту жұмыстарымен құрамында 753 адам бар 14 орман шаруашылығы мекемесі мен ормандарды қорғау жедел қызметі айналысатынын, өрт бақылау мұнаралары, бекеттер, және кордондар тұрақты және жылжымалы 84 рациялық байланыс желісімен қамтамасыз етілгенін, техникаларға қажетті 186 тонна жанар-жағармай қоры жинақталып отырғанын жеткізді. Басқармаға қарасты мекемелер мамандары орман қоры аумағына өрт жібермеу мақсатында күнбе-күн кезекшілік ісін ұйымдастыруда екен. Биылғы өрт қауіпсіздігі кезеңінде орман өртіне қарсы күресуге 33,6 миллион теңге бөлініп, осы қаражат көлемінде атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалып бекітілген. Оның қатарында бұрынғы жылдары жүргізілген 7 мың километр минералды жолақтарды күтіп баптау жұмыстары да бар. Алдын алу мен өртке қарсы қорғаныс шараларының тиімді жүргізілуі оң нәтиже беретінін атап өткен Кәрім Нәсбекұлы: «Биыл жауын-шашынның мол болуынан шөп бітік шығып, аттың бауырына жетті. Шөптің мол болуы өрт қаупін туындататыны анық» деп, бұл тұрғыда тиісті мекемелер басшыларының республикалық, облыстық маңызы бар темір жол мен автомобиль жолдары бойындағы – жолдың әр қапталындағы өрттен қорғау жолақтарының сапасын ұдайы бақылауда ұстауы керектігін ескертті. Шабындықтар мен жайылымдықтарды өрттен қорғап, сақтаудың да маңызы айрықша ерекше. Бұл орайда аудан басшыларына өрттің алдын алу мен жоюға байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Облыстың су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының да жағдайы алаңдатарлық күйде. Бұл жөнінде облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының бастығы Ю. Салагаев хабарлама жасады. Оның айтуынша, былтыр – 16, ал биыл жыл басынан бері 8 адам суға кетіп, қаза болған. Олардың бесеуі – жас балалар. Ересектер суда шомылу, мұзойықтан балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамауы, балалар ата-ана бақылауынсыз қалуы салдарынан бақытсыздық оқиғалары орын алған. Өңір басшысы аталған мекеме тарапынан жергілікті полиция органымен бірлесе азаматтардың топтасып спиртті ішімдіктер ішуіне, мас күйінде суға шомылуына тыйым салу, айыппұл салу, мәжбүрлеу жолымен тиісінше шаралар қолдану әлі де мардымсыз күйде екенін атап көрсетіп, «Біздің міндетіміз – адамдардың амандығын қамтамасыз ету. Осы мәселе бойынша сіздерде нақты қандай істер жүзеге асырылуда? «Жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесе рейдтік тексеру жүргіздік, суда шомылу ережесі мен қауіпсіздігін бұзған азаматтарға әкімшілік жаза қолдандық, айыппұл салдық» деген бір сөз де айтылмады. Мұзойықтан балық аулаушыларды «Бұл жердің мұзы жұқа, балық аулауға тыйым салынады» деп сақтандырып жатқан біреу бар ма?» деп, баяндамаға көңілі толмайтындығын жеткізді. Тараз қаласы мен Шу, Талас аудандарының әкімдері өрттің алдын алу мен су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға байланысты өздерінде қолға алынып жатқан шаралар жөнінде баяндады. Облыс әкімі К. Көкірекбаев білім саласы басшылары да оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде балалардың суға шомылуы кезінде сақтық шараларын айрықша назарда ұстауы керектігін еске салып, қала, аудан басшыларына, ТЖД мекемелеріне тілсіз жау – от пен судан келетін қатерді барынша азайту мақсатындағы шараларды қолға алуды, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл жөнінде тұрғындарды жан-жақты хабардар етуді ұйымдастыруды жүктеді. Жиында аталған мәселелерге байланысты тиісінше шешімдер қабылданды.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Баймаханбет АХМЕТ, 
«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар