- Advertisement -

ҚИЛЫ ЗАМАН ҚАСІРЕТІ

782

- Advertisement -

МейрамбекМейрамбек 

ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның
еңбек сіңірген
қайраткері.

 

Батырсыз халық 

болмайды

24aa92d3aefbaacf0019de6a5e37a959 1394355453Қазақ халқының арғы-бергі тарихында ұлттық азаттық пен бостандықты көксеген 300-ге жуық үлкенді-кішілі көтеріліс болған. Солардың қай-қайсысы болсын адамдарды қамту, көлемі мен күрес аумағына қарамастан ұлттық сананы оятатын, елдік намысты қайрауға зор күш-жігер берді, түптің түбінде тұтас халық болып ұйымдаса білудің тарихи мәнін мейлінше айқындай түсті. Азаттық жолындағы қанды күресте басын өлімге байлап, кеудесін оққа тосқан адамдардың ерліктері және соған сәйкес айбынды тұлғалары ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп тарап, олар өз дәуірінде ұлттық намыстың тірегіне айналды. Сондықтан да ұлт азаттығы жолындағы күресте қаны селдей ақса да беті қайтпаған, ананың ақ сүтін арда емген боздақтардың бірі де қалмай ел мақтанышы және биік құрметке ие екенін әділеттілік тұрғысында да, тарихи мәнінде де толық тиянақтауға міндеттіміз.
Бір ғана дерек келтіре кетейік. Ресми мәліметтер бойынша, 1913 жылы отарлау пиғылымен Жетісудағы жергілікті халықтардың 4.192.620. десятина шұрайлы жері тартып алынған. Орыс әкімшілігінің сол тұстағы өз дәйектеріне сенсек, Жетісу губерниясында егіндік жерлерді жалпы халықтың пайдалану үлесі түтінге шаққанда мынадай мөлшерде екен: казак-орыстар – 61 деседен, орыс мұжықтары – 9,9 деседен, ұйғыр мен дүнгендер – 3,8 деседен, ал қазақ өз жерінің 1,4 десесін ғана пайдаланады екен.
Міне, 1916 жылдың қарсаңындағы қазақтың хал-ахуалы осындай еді.
1916 жылы патша ағзамның қазақ жастарын майдан шебіндегі қара жұмысқа алу туралы жарлығы халықтың кенеттен қатты толқуын туғызып, ол жаппай наразылыққа ұласа берді. Жетісу, Сырдария, Ақмола, тағы басқа әкімшілік губернияларының түкпір-түкпірінен өрт болып тұтанған көтерілістер орыс патшасының жендеттерінің зәре-құтын қашырып, дүрліктіргенімен, отарлаушылар тарапынан аяусыз езіп-жаншудың, қырып-жоюдың орын алатыны анық еді. Соны жүрегімен сезіне тұрып, жақсылық күтпесін анық біле отырып, басын бәйгеге тіккен ерлер, ұлт намысына жаратылған көзсіз батырлар, нағыз сардарлар найзағай жарқылдаған күндері халқын бастап атқа қонды.
Жетісу губерниясында ірілі-ұсақты бас көтерушілердің өзара тізе қосып, тұтас күшке айналдыруды мақсат тұтқан саяси қайраткер Тоқаш Бокин патша үкіметінің аңдуына, бақылауына қарамай Үшқоңыр тауының етегіндегі Жайылмыс, Шамалған, Ботпай, Күрті болыстарын аралап, жастарды патшаға қарсы күреске шығуға үндейді. Күллі Жетісу өлкесіне атағы жайылған адам Бекболат Әшекеев бастаған Жайылмыс болысының көтерілісшілеріне ерекше дем беруші болады. Алайда жендеттердің аңдуынан құтыла алмаған Т. Бокин көтеріліс қыза бастаған күні түрмеге қамалады да көтерілісшілер басқарған адамдардан қол үзіп қалады.
Қолында сойылы мен шоқпардан басқа атыс құралы жоқ көтерілісшілер 1916 жылы 7 шілде күні Үшқоңыр тауында Бүрген деген жерде (оны жергілікті адамдар «Ту тіккен төбе» деп те атайды) Жайылмыс болысының қазақтары жиналып, патшаның 19 бен 31 жас арасындағы бұратаналарды (дұрысы жергіліктілер,біздіңше қазақтар) майданның қара жұмысына (окоп қазуға) алынсын деген «июнь» жарлығына қарсылықтарын білдіреді (Қараңыз, «Восстание 1916 года в Казахстане». А., 1947г).
Үш күн – үш дүркін мәжілісте «Патша үкіметінің жарлығына қарсымыз. Бала-шағамызды, өскелең ұрпағымызды майданның қара жұмысына жіберіп, қарақан басымыз қаңқиып қалатын жайымыз жоқ» дегенге саятын түйін жасаған ел ақсақалдары тегеурінді жаудың салар сүргініне, елге жасайтын қырғын дойырлығына қарсы тұрар ұлттық намысты серт етті. Басқа жол қайда?
Бекболат Әшекеев өзінің үзеңгілес ағайын-туыстары әрі ауылдастары Сәт Ниязбеков, Байбосын Тамабаев, Әбілеш Бекбатыров, Серікбай Аманжолов, Екейбай Сатқанов, Әли Нұрғожаев, Қырбай Бозымбаев және басқа да беделді адамдар көтерілісті дайындауға барынша белсене атсалысады. Бекболаттың інісі Сармамбет Әшекеев, баласы Әбділда да алдыңғы шепте болған. Ат үстінен түспей, ойға да, қырға да шауып, Жетісу қазақтарынан қарулы күш жасақтауды ойластырған Бекболат Әшекеев сол кезде 73 жастағы қария кісі екен. Орта дәулетті шаруа отбасынан шыққан, қолы өте қарулы ұста болған. Көпті көріп, көкірегіне тоқығаны да көп адам ел басына күн туғанда «Бас иесіз халық болмайды. Әзер болса өлерміз, не салғанын көрерміз. Аянатын не жан бар? Көп күшіне сенеміз» деп ұран салады.
– Кеудесін отқа тоспайтындар атқа қонбасын, – деп Бекболат батыр қалың топтың алдында өмір мен өлім беттесер шайқастың аяушылықтан ада, қатыгездікке тірелген мән-жайын алға тартады. Адамдар шарасыз көзден гөрі жаудың көзін жояр ыза-кекке булыға бастаған-ды.
Қол бастаған ақсақалдың бар уайымы сарбаздарды қаруландырып, әр топтың сардарларын әскери тәртіппен ұрыс жүргізуге үйрету, байлардың жылқысын айдап әкеп, оларды мініске жуасытып, әр үйдің босағасына байлап қою, шал-кемпірлер мен бала-шағаларын таудың қауіпсіз жерлеріне орналастыру секілді тіптен оңай соқпас шаруаны реттеп үлгеру еді. Елдің қорғаны болар, ақылды әрі батыр қарт кісіні жан-жақтан сабылған жұрт қол көтермей-ақ, шар тастамай-ақ бірауыздан көсем,ту ұстар басшы сайлап алады.
Тамыздың шіңілтір ыстығы күйіп тұрған мезгілде Үшқоңыр тауының арғы-бергі жағы қазақ сарбаздарының жасақтарына толыға бастайды. Ошақты шатқалында сан мың адам жиналып, от пен оқтың ортасында қалар қауіпті-қатерлі сағаттардың алдында абыр-сабыр еді. Қапталдан жаудың жазалаушы отряды киліге алмайтындай етіп тау-тастарынан кішігірім бекініс тұрғызады. Шұбарат пен Жамбас асуына сақшылардан күзет қойылды. Барлаушы жігіттер күні-түні Верный қаласынан шығатын орыс әскерін аңдып, жолын тосып жатты.
Сол екі арада патша жарлығына бағынбай, майдан жұмысына адамдарды бермеу үшін қарсылық қозғалысына шыққан Жайылмыс болысының қазақтарын «бүлікші» деп басып-жаншу үшін уезд бастығы, подполковник Базилевский өзінің қасына қылышынан қан тамған жұлымарларын алып, соңынан Верный гарниозына Симбирск жаяу әскер полкіне келген 50-ден астам солдатты ертіп, Үшқоңыр көтерілісшілеріне қарай аттанады. (ҚР Орталық мемлекеттік архиві. 76-қор. 510-іс). Басқыншылықтың қара ниетінен қаны бұзылған жендеттер мен қарулы келімсектер құзырлы басшыларынан «Көтеріліске шыққан қырғыздарды (қазақтарды) аяусыз атып, мал-мүлкін тартып алыңдар» деген әскери бұйрықты естігеннен кейін еліріп шыға келген-ді. Жазалаушы отряд ел шетіне келгенде жол бастаушылыққа және тілмаштыққа кезінде Қаскелеңге жер ауып жетіп, ендігі айтқанына көндіріп, айдауына жүргізетін билік күшінен дәмелі, сондайлық үстемдікке жетіп те қалған бір қауым казак-орыстар қосылады.
Бас сардар Б. Әшекеев Жетісу губерниясына қарасты қазақ болыстарына қолына қару алып, атқа мінуге жарайтын жігіттерін, тіптен өзі сияқты қария кісілерді бір тудың астына түгелдей жинап алмаса да, мұздай қаруланған орыс әскеріне қарсы шығып, қарулы соғысқа, атыс-шабыс майданына өз шамасынша даяр тұрды.
Бұдан бір ай бұрын, шілде айының 10-ы күні Үлкенсазды деген жерде Шығыс және Батыс Қастек, Ұзынағаш, Бидалы, Қарғалы, Ботпай, Тайторы, Ырғайты және Күрті болыстарының 5000-нан астам адамы қатысқан жиында майдан жұмысына адам бермеуге бірауыздан шешім жасап, сөз байласқанда, бұл қозғалыстың мәні өзіміздің халық екенімізді көрсетіп, ұрпағымызды сақтап қалу үшін еш аянбайтынымызды білдіретінін елге жария етуді ұйғарды. Бұқаралық сипат алған бұл қозғалысқа Мойынқұм және Үлкен Алматы аймақтарының қазақтары атсалысады. Сол Үлкен Алматы көтерілісшілерінің басшысы Байбосын Тамабаевтың Самсы және Қастек шатқалындағы қазақтарға барып, Мойынқұм болысының жігіттерін патшаның әйгілі жарлығына қарсы шығуға үгіттеп, азаттық жолында ажал құшса, арман бар ма деген сипатта әңгіме өткізіп қайтқаны бар, сондай-ақ Верный уезінің сотында тілмаш болып істейтін Т. Тастеміровтың «патша жарлығының қазақтарға қатысы жоқ, ол арнайы заңмен бекітілмеген» – деп қарсы жүргізген заңгерлік сөзінің ықпал дүмпуі бар, айналып келгенде Б. Әшекеев бастаған Үшқоңыр көтерілісшілерінің даңқы көпшілікке тез жетіп, қолдау табады. Ел басына күн туғанда, қол бастайтын бір ұлдың шыққанына ел тәубе етеді.
Тамыздың 10-ы күні Жайылмыс болысының 500-дей сарбазы Ошақты шатқалынан биік асуға қарай бет алады. Әлгінде ғана келген шабарман жігіт: «Жазалаушы отрядтың көзіне қан толған екен. Бір солдаты бейқам мал баққан қарияның басын шауып тастапты, қозы соңында жүрген жас баланы алыстан көздеп оқ атып, жер жастандырыпты» деген суық сөздерін естіп, қорқыныш пен үрейден абыржып та қалғандай еді.
Дегенмен, қазақ көтерілісшілерінің сол күндері не істейтін әрекеттері, өкінішке қарай, патша үкіметінің шенеуніктері мен әскери басшыларына негізінен мәлім еді. Оны патшаның жергілікті генералдары да, басқалары да біліп отырды. Өйткені, орысша оқып, білім алып, сол кезде Верный уезінде полиция (городовой) қызметінде жүрген С. Күнтубаев пен Ж. Сүлейменов дегендер ауыл адамдарынша киініп, көтерілісшілер арасына кіріп алып, болып жатқан істің, айтылған сөздің бәрін Қаскелеңдегі урядник Андрей Малышевке жеткізіп тұрған. Бекболат сарбаздарының ішіне тыңшылыққа барып келген надзиратель Н. Жайнақов та көтерілісшілердің бас қосып, бәріміз бірлесіп соғыс ашамыз деп ел адамдардың келіскенін хабарлайды. Сонымен бірге жекелеген болыстар мен байлар арасында да бірауыздылық болмай, сатқындық жасап, ел арасына іріткі салумен болды.
Үшқоңырдың ұшар басына ақ ту тігіп, атой салған көтерілісшілер мен жазалаушы отряд арасындағы қақтығысты оқиғаның өрбуі тарихи деректерде жақсы сақталған.
Тамыздың 13-і күні болған Жайылмыс болысының көтерілісі туралы Қаскелең стансасының уряднигі, 50 жастағы, православия дініндегі Андрей Малышевтің түсінігі: «Мен уезд бастығының отрядына қатыстым. Біздің отряд осы тамыздың 13-і күні сағат 5-те шықтық. Үшқоңыр тауындағы төбенің үстіне тігілген тудың түбіне шоғырланған екі жүздей қырғыздарды (қазақтарды) көрдік. Олар бізді көре салып «Аттан! Аттан!» деп айғайлады. Бұл дауысты естіген қырғыздар тұс-тұстан жинала бастады, сөйтіп 2000-дай адам жиналды. Оларға қарай екі рет залппен (бір дүркін) оқ аттық. Қырғыздар ыдырап Наркүнгейге қарай қашты. Олардың соңғылары бізге екінші рет шабуыл жасады. Бұл жолы алдарына бір үйір жылқы салып шабуылдады. Олардың бізді қоршап алмақ болғанын байқадық. Сонда уезд бастығының бұйрығымен ыңғайлы қорғаныстау жерге орналасып, қайта ата бастадық».
Иә, тұтқиылдан сау еткен жауды көрген сарбаздар аттарын ірке тартып, алдыңғы шептегілері ғана алға шығады. Штабс-ротмистр Поротиковтың Верный қаласының прокурорына жазған рапортында айтылғанындай, дәл ұрыс болатын күні Бекболат жасақшылары Мойынқұм мен Сартыкөл болыстарының көтерілісшілеріне барып қосылмақшы болады. Уәделі жері Жалғызаяққа енді аттануға дайындалып, тек Шапырашты руына хабарға жіберген үш кісінің келуін күтіп тұрғанда, жансыздар арқылы хабардар боп отырған жазушылар отряд келіп қалады да, сол жерде үлкен айқас басталады.
Ал жазушы отряд солдаттары винтовкадан жаңбырша оқ жаудыру үшін бірі жатып, бірі тізерлеп қаз-қатар қарсы тұрған-ды. Әлден соң көтерілісшілер «Аттан! Аттан!» деп айқай салып, сойыл ұстаған жігіттер ат басын жіберді. Сол-ақ екен, солдаттар винтовкадан дүркін-дүркін оқ жаудырады. Беттетпейді. Жігіттер арқан бойынан артық бармай оққа ұшып жатты. Ат үстінен оқ тиіп, үнсіз сырғып түсіп жатқандар да бар.
Көтерілісшілер батыл шабуыл жасай алмай кідіре береді. Жазалаушы отряд солдаттары оқты қарша боратып, маңына жолатпайды.
Енді не істеу керек?
– Оқтан шегініңдер, жылқы келеді, – деді Бекболат аттары оршып, үркіп, шиыршық атқан сарбаздарға арт жақты нұсқап.
Жылқы дүбірі Бұрған жақтан да, Кіші Шыңбұлақтан да екі бүйірден шықты. Жер қайысқан әрі асау қысырық үйірлері жүйткіп кеп қалды. Қиқулаған айқайға елітіп, жер апшысын қуырып, сол маңды сұмдық бір дүбірге бөлеген асау жылқылар жау отрядының шебін бұзып өтіп, өздерін таптап кететіндей қатты екпінде еді. Мұны көріп зәре-құты қашқан солдаттар бас сауғалай жөнеледі. Қойтастарға бекініп, қайта оқ жаудырады. Дүркін-дүркін атылған оқ алапатынан үріккен асау жылқылар жалт береді, әр жерде кісіней құлап, енді сарбаздардың өзіне тосқауылға айналса, көтерілісшілер солдаттардың оқ өтіне тосылды.
Бұл айқаста көтерілісшілер қалың әскерге қарсы тұра алмады. Базилевскийдің отрядына Қарғалыдан көмекке келіп үлгерген Скатовтың 25 адамнан тұратын отряды жау шабуылын үдете түсті. Қарулы отрядқа құр қол (найза, садақ, сойылдан басқа қаруы жоқ) төтеп бере алмай, көтерілісшілер шегіне берді. Осы қақтығыста 40 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды.
Қылышынан қан тамған, пулеметтен оқ бұршақша жауған, зеңбірегі жер сілкіндірген патша үкіметі көтерілісшілерді қанға бояп, жеңіске жеткенімен билікке халық тарапынан қауіп-қатердің бар екенін білді. «Қанды 1916 жылда не өмір сүру, не өлу, не туған жер топырағында қалу, не жат жерге жылысып қоныс аудару» деп өз тағдырында тұрған мәселеде басын бәйгеге тігіп, ереуілге шыққан қазақтар жайында ендігі жерде мүлдем басқа бағыт ұстанбаса, халыққа ие бола алмайтынын түсінген еді. Егер сол 13 тамыз күні Суықтөбе тауы мен Қопа өзенінің бойында қазақтар сол маңда жеке бас көтермей, Шамалған шегінде Бекболат әскеріне келіп қосылғанда, одан бетер қанды қырғын болатын еді. Сол тұста Верный уезінің бастығы Петроградқа, Ішкі істер министрлігіне Қастек тауының етегінде 10 мыңға жуық қазақ (кейбір деректерде, Үшқоңыр көтерілісіне қатысқан Исабек Сексенбаев өз естелігінде «Бекболат батырға 5 мың адам келіп қосылды» деп айтады) атқа мініп, жасақ құрып жатыр деп хабарлаған дерек бар.
Үшқоңыр көтерілісі жеңіліске ұшырап, күшпен басылғанымен бұл оқиға ұлт азаттығы жолындағы ұзаққа созылған күрестің тарихи өткелі ретінде өз мәніне ие болды. Халқымыздың болашақтағы бостандық өмірге сенімін оятты. Алашқа қорған болар Б. Әшекеев секілді ұлт-азаматтардың бар екені де дәлел. Патша үкіметінің әскері еркектері тау асып, шегінген ауылдардың шын мәнінде тас-талқанын шығарды. Малдарын тартып алып, үйлерін өртеді. Дүние астан-кестең болды.
Бұдан кейін жаппай жазалау жорығы басталды. Ол елдің үркуіне ұласты.

«Құрбандық – бәрің үшін жалғыз өзім»

Үшқоңыр көтерілісінің басшысы Бекболат Әшекеев пен оның сарбаздарының бұдан кейінгі тағдыры қандай болды?
Патша жендеттері ату, асумен елді қорқыту-басқыншылық саясат үшін тән қажеттілік деп табары анық. Солай болды да. Жетісу губерниясының губернаторы, генерал Фольбаум көтерілісшілерді тез арада тұтқындап, соғыс жағдайында жүргізілетін сотпен жазалауды қатаң тапсырады. Қаскелең стансасында елді тыныштандыру деген сылтаумен комитет құрылып, оның құрамына стансаның аға урядниктері А. Малышев пен С. Плотников, О. Мәнкин, М. Ыстыбаев, А. Тасболатов және Б. Төлегенов енеді. Бірі – полицей, бірі – судья, біразы жергілікті бай адамдар. Бұлар ауылдарды аралап, халыққа «көтерілісшілер өз еркімен келіп, кешірім сұраса, патша үкіметі бәрін кешіреді» деген хабар таратады. Әрі осы тарихи көтеріліске қатысты деректерде айтылғанындай, қазақтың кейбір оқыған мырзалары ел ішінде тыңшылар мен сатқын молданы жіберіп, Бекболат және оның жолдастарының қайда екенін біледі.
Бекболат батыр қорқып өз басының қамын ойлап қашқан жоқ. Ол бір топ жолдастарымен Қарғалы болыстарының көтерілісшілеріне қосылмақшы болып кейін шегінеді. Осындай қолайлы кезеңді пайдаланған солдаттар өздеріне тілектес 100 қаралы адаммен Бекболаттың соңына түседі. Бас сардар Қырғыз еліне немесе Қытайға асып кетуіне болатын еді, олай істемеді. “Мен елге жарлық қылдым, жиыл дедім” деп көтеріліске басшы болғанын жасырмай, қайта халықтың ауыртпалығын бірге көтереді. Ол әскерилердің кінәсіз халықты «бүлікшіл» деп қырғынға ұшыратқанын көріп, қатты қапа болады. Содан Екейбай Сатқынов, Серікбай Аманжолов үшеуін 17 тамыз күні екі қазақ полицейі опасыздық жасап алдап, батырды жолдастарымен қолға түсіреді де, Балғабек Төлегеновтың үйіне «келісім үшін шақырылған» жазалаушы отрядқа тапсырады. Оның алдында Бекболат өлімнен қорқып, жолдастарын ұстап бере алмайтынын, үзеңгілес серігін жауға беру – серттен танумен бірдей, ел-жұртының амандығы үшін, бәрі үшін жанымды қиып, құрбан болам деп аманат сөзін атады.
Көтеріліске қатысушылар шетінен ұсталып, Қаскелең, Верный түрмелеріне қамалады. Жендеттер суық қаруды кезеніп, қолға түскендердің әрбірі: «Ұрысқа қатыстың ба? Оны кім бастады?» деген сұраққа: «Иә, қатыстым. Елімнің ерлік ынтасы еліктірді» деп жауап қатады. Тек ұлықтардың алдында бас изеп, «тақсыр», «құлдық», «төре» деп жалына, жағымпаздана сөйлейтін қажы мен үш старшина «Бекболат бізге зорлық қылды. Қамшымен айдап, зорлап қатыстырды» деп олар Б. Әшекеев пен оның баласы Әбділда Бекболатовты сұқ саусақтарымен меңзеп көрсетеді. Сол күні күдікпен 13 адам ұсталып, тұтқындалады. Олар – Бекболаттың сенімді серіктері Сәт Ниязбеков, Әбділда Бекболатов, Қадырбек Карамсин (құжатта осылай жазылған), Оспан Бөгембаев, Әбілеш Бекбатыров, Сатқын Әбішев, Сарықазақ Солтанаев, Боранбай Қашкин, Жарылғап Нұрбаев және басқалары ұзын саны 100-ден астамы түрмеге жабылады. Осы көтерілісшілердің арасынан екі адам ғана өздерінің көтерілісті ұйымдастырып, қол бастап шыққанын айтып, кінәсін мойындайды. Олар 73 жастағы Бекболат Әшекеев пен 74 жастағы Қадырбек Карамсин еді. (Ғ. Сапарғалиев «Карательная политика царизма в Казахстане (1905-1917 г.г.) «Наука», А. 1966).
Патша ұлықтары Б. Әшекеев секілді жергілікті халыққа ерекше беделді, қайсар да өжет адамдарды өздерінің бітіспейтін дұшпаны санап, қатаң жазалауға асықты. Губернатор Фольбаум Жайылмыс болысында көтерілісті ұйымдастырушы Б. Әшекеевтің ісін әскери-далалық сотта екі күн ішінде тергеліп, соттау керек деп бұйрық береді. Бас-аяғы 13 күнде тергеу ісі асығыс-үсігіс өте тез аяқталып, сол жылдың 1 қыркүйегінде тергеу қорытындысын Верный гарнизоны бастығының міндетін уақытша атқарушы, генерал-майор Грызов бекітіп, қалалық сотқа жібереді. 7 қыркүйекте Верный гарнизонының отрядтық сотының үкімі шығады. Жабық есік жағдайында өткен сот Б. Әшекеевті кінәлі деп табады. Енді сол сот үкіметінен үзінді келтірейік: «Бекболат Әшекеевтің жасы жетпіс үште, мұсылман. Верный уезі Жайылмыс болысындағы төртінші ауылда тұрады.
Көтерілісшілер туралы жасалған хабарларды, оларға тағылған айыптарды тыңдай және саралай келіп соттың мүшелері – Түркістан өлкесіндегі жабайыларды патшаға қарсы белгілі мақсатпен қарулы көтеріліс ұйымдастырғаны, тыңдамай қарулы қарсылық жасағаны үшін саяси айыпты деп тапты. Себебі, ол тұрған ауылында Ошақты деген жерде Жайылмыс болысындағы қырғыздардың басын қосып, Верный уезі соғыс жағдайында деп, жарияланғанына қарамастан съездер өткізеді.
Осындай қарсылық тамыздың 13-інде Верный уезінің уақытша бастығы подполковник Базилевский бастап барған қарулы отрядтың жауынгерлеріне көрсетілді.
Бекболат Әшекеевтің ісінде үкіметке қарсы қарулы күш көрсету мақсаты болғандықтан, ол әскери жарғының 263-статьясына сәйкес барлық құқынан айырылып, 15-20 жылға сотталуға тиіс. Алайда, соттың мүшелері оның соғыс жағдайындағы аймақта халықты жинағанын, басқосулар мен съездер өткізетінін, көпшілік және басқаларды қарулы қақтығыс жасауға шақырғанын, оларды ұйымдастырғаны мен басқарғанын ескеріп, әскери жарғының 279-статьясы бойынша оны барлық құқынан айырып, оны өлтіру жазасына бұйыруды орынды санайды» (ҚР Орталық мемлекеттік архиві. 76-қор. 510-іс, 626-630-беттер).
Көзіне қан толған жендеттер Б. Әшекеевті көтерілісті ұйымдастырғаны және оны басқарғаны үшін дарға асу арқылы өлім жазасына кеседі.
Батыр адамдар алдында ешнәрседен қорықпай, қаймықпай жазалаушылардың сұрақтарына күмілжімей, саспай, ыза кернеп тіл қатады.
– Үшқоңырдағы бата не жайлы болды? Және ол батаны берген кім? Соны айтыңызшы?
– «Қазақтан солдат алмаймын» деген антын бұзған ақ патша оңбасын деп ант бердік.
– Айыпкер Әшекеев, сіз ата жолын қуып, өзіңізді хан жариялапсыз ғой. Соны айтыңызшы?
– Қазақ ханнан ада болғалы қашан? Ертең бізді дарға ассаңдар, сонда қан болады. Қан төгу сендердің қолдарыңда, – дейді асыл текті Бекболат батыр сот үкімін шығарған полковник Левашев, дружина капитаны Фогель, жергілікті артиллеристер бөлімінің бастығы капитан Тимофеевке от шашқан қыран көздерін қадап тұрып.
Он үш күнге созылған тергеу кезінде Б. Әшекеев өз халқын азат ету жолында табандылық көрсетіп, жауына жанын берсе де, сырын бермей кеткен халық ұлы болып көрінеді.
Бұл үкім 9 қыркүйек күні Боралдай жотасында орындалады. Бекболатпен бірге жақын серіктері Б. Тамабаев, Ә. Бекбатыров, Е. Сатқынов, Д. Қасымбеков, Сыпатаев, Әбдірашевті де осындай ең ауыр жазаға кесуге үкім шығарды. Өзгелерін ұзақ жылдарға Сібірге айдатты.
Мұны көрген халықтың аза бойы қаза болды. Жазалаушылар ел ішіне іріткі салып, жік туғызып жүрген «өз адамдарының», тыңдаушыларының куәлік етуімен бас сардар Б. Әшекеевті дарға асып, жұртты шошындырған жымысқы әрекеттерін одан әрі жалғайды. 1916 жылы 17 қарашада Жайылмыс және Шамалғы болыстарын 42 адамның үстінен қозғалған тергеу ісін аяқтады. Оның екеуі түрмеде қайтыс болады. Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің бұйрығы бойынша 1916 жылы 12 желтоқсандағы көтеріліске қатысушы 23 адамның ісі әскери сотқа берілді. Бас-аяғы үш күн ішінде әскери сот 14 адамды «бүлікші» деген айыппен өлім жазасына кесті. Алайда 1917 жылы Петроградта ақпан төңкерісі басталып, ол үкім орындалмай қалды.
Бекболат Әшекеевтің ерлік тұлғасын халық өлімнен қорықпайтын қайсар, ел басына күн туғанда қарттық жасына қарамастан қолына найза ұстап, атқа қонған батыр деп бағалап, есімін аңызға айналдырады.
Сол 1916 жылғы қазақ даласындағы көтерілістердің бәрі де азаттықты аңсаған күрескерлердің ұлттық намыспен шыңдалып бас көтеруі деп бағалаймыз. Әйтсе де дәл осы арада Жетісу-Үшқоңыр көтерілісі туралы қанша жазылып, айтылса да, тарихи әділ бағасы түрлі себептермен бұрмаланып келгенін жасыруға болмайды. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 80 жылдығы қарсаңында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстан» газетінде: «Он алтыншының ұлт-азаттық көтерілісі біздің советтік тарихымызда қатты бұрмаланып көрсетілді. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс десе, көпшілік тек Торғай көтерілісін ғана, Амангелді батырды ғана біледі. Өйткені үгіт-насихат жұмысы солай өрбіді. Соның өзінде де Торғай көтерілісін көрсетуде де рабайсыз көріністер көп…
Жетісу көтерілісінің көсемі мен батыры Бекболат туралы не білеміз?… Тарихтағы ең үлкен сорақылық – Қазақстанның оңтүстік өлкесінде он алтыншы жылы болған Албан, Жетісу, Меркі көтерілістерін ұлт-азаттық көтеріліс деп бағаламай, жалпы орысқа қарсы реакциялық теріс көтеріліс деп қара таңба басуы» деп тарихшы-ғалымдардың назарына осы көкейкесті тақырып жайында терең ой салып айтқаны бар. Жетісу өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілістер жайында жан-жақты зерттеу жүргізген Еркебай Қойшыбаев «Қазақ әдебиеті» газетінде (14.05.1996) «Үркіншілік жыл» деген тақырыппен жарияланған көлемді мақаласында: «Ел тарихын еміс-еміс құлағы шалған біздің замандасымыз Павел Кузнецов өзінің «Отан соғысына» іле-шала жазған «Жамбыл-Ыстыбайдың немересі» атты қалың романында Әшекей хан болуды көксеген дала алпауыты. Қазаққа ыстық құшағын жайып келген ұлы жұртқа үрке қарап, сыртқа тепкен қиқары» – деп оны жағымсыз кейіпкер етіп алған.
1956 жылы баспасөз беттерінде «Он алтыншы жыл уақиғасының 40 жылдағы құлықсыз аталуының басты себебі осыдан болатын» деп атап көрсетеді. Ал енді елу жылдан бері Б. Әшекеев бастаған көтеріліс жайында мерзімдік баспасөз беттерінде үзбей жазып, көтеріліске қатысты барлық мұрағат құжаттарын тиянақтап жинап жүрген қаламгер-журналист Үсенбай Тастанбековпен 2009 жылы кездескенімде, сол кезде жасы 90-ға толған ақсақал өз әңгімесінде есіл ердің ерлігіне сай құрметтеліп, ескерілмеу себебін мынадай бір өткен жағдаймен байланыстырған еді: «Бекболат Әшекеев кеңес заманы кезінде көпке дейін кең насихатталмады. Себебі, Бекболат «хан боламын» депті-мыс деген жалған ақпарат көпке дейін айтылып келді. Ол орыс тілін шала білетін топас тілмәштардың орыстарға батырдың сөзіне теріс аударып беруінен туған жала еді. Шындығында, Әшекеев сот тергеушіге: «Сен мені өлтіресің, содан қан болады» деген. Осы сөзді «Туркестанские ведомости» газеті 1916 жылғы 30 қыркүйектегі нөмірінде «Ашекеев хотел быть ханом» деп жазып, өсекті өршітіп жіберген екен, ал кейбір зерттеушілер газеттің осы сөзіне сеніп Әшекеевті көпке дейін насихаттап, жазуға қорқып келді».
Кешегі таптық идеологияның кесірі тиген. Сөз зергері, академик-жазушы Ғабит Мүсірепов өзінің бір естелігінде Мирзоянның Қазақстанда хатшылық құрған айтулы дәуірінің екінші жылында бұқара халық мақтан етерлік қаһармандарды іздеп тауып, үгіт-насихатқа пайдалану мақсатымен «Батырсыз халық болмайды. Қазаққа сондай бір жойқын батыр керек, әмбе ол кедей табынан шыққан, өзінің бақ-дәулетін емес, туған халқының мұң-мұқтажын шынайы қорғаған ерекше кесек қимылдың адамы болуға тиіс» деген билік нұсқауы болғанын ойға алады.
«Құдайға шүкір, батырдан кенде емес екенбіз… Мәселен, Жетісу қазақтарының он алтыншы жылғы патшаға қарсы қозғалысын Бекболат Әшекеев деген батыр азамат басқарыпты», – деп еске алады Ғ. Мүсірепов. Тарихқа оның қозғалысы «Үшқоңыр көтерілісі» деген дүрбелең оқиғамен кірген. Ұмытпасам, Жайылмыс болысының (осы күнгі Жамбыл ауданының) бас көтерер қазағын атқа мінгізген. Кем дегенде он мың кісі… Аңқаулық салдарынан опық жеп қолға түскенде сабаз бірде-бір жолдасын ұстап бермепті, дарға асыларда да өжет қалпынан айнымай кетіпті. Қысқасы, нағыз қас батыр! Бірақ шыққан тегі-кедей емес, дөңгелек дәулетті орта шаруа…» (М. Сәрсеке. «Мен білетін ер Ғабең». «Атамұра», 2002ж.).
Бұрын-соңды естімеген ескі тарихтың бүге-шігесіне жанасып, біршама мағлұмат алғанымызға тәнті болмасқа шарамыз жоқ.
Бекболат Әшекеевтің батырлығын, кісілігін, жанқиярлық ісін бүкіл халық шүбәсіз мойындап, бірден-бір күрескер тұлға деп танығанымен, ол жайында айтылар ақиқат кешегі таптық саясат салдарынан, онда да көрер көзге бұрмалануы мен нақақ жаладан, бәлкім, іздеушісі кемшін бе, әйтеуір тарихи-әдеби, саяси ортада көмескіленіп кетпесе де, кейіндеп қалу себебі, міне, осындай. Бұл есіл ер үшін қиянат, тарих алдында обал емес пе?
Әйтсе де белгілі әдебиетшілер «Иса Дәукебаевтың «Бекболат» поэмасы – 1916 жылғы халық көтерілісі туралы поэзияның таңдаулы үлгілерінің бірі. Бекболат бейнесі халыққа, жас ұрпаққа өнеге боларлық өшпес ердің тұлғасы» деген әділ бағасын берген. Мұны аға буын өкілдері жақсы біледі. Өйткені, олар поэманы жастайынан жаттап өскен ұрпақ. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған халық поэзиясы туралы қаншама ғылыми-зерттеу еңбектері жазылғаны және бар.
Сөйте тұра, бұл поэма тарихында тағы бір мәселе бар. Біз әлі күнге дейін поэманың авторы Иса Дәукебаев деп оқып, жазып келеміз. Шындыққа жүгінсек, мұндай қаламгер өмірде болған ба, жоқ па, әлде ойдан шығарылған автор ма, міне, осы жағы белгісіз. Себебі…

«Бекболат» поэмасының авторы кім?

Қазақ даласын дүбірлеткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты өмірге келген халық поэзиясына жан-жақты талдау жасаған ғылыми-әдебиетшілерді «Бекболат» поэмасы өзінің көркемдік шешімін тапқан жоғары идеясымен, тартымды сюжет, композициялық тіл ерекшеліктерінің тұтастығымен дараланып көзге түсуімен өте ұғымды көрініп, қазақ әдебиетінде алатын орны өте зор», деп жазады.
«Бекболат» поэмасының кешегі өткен «ер састы, етек басты» замандағы ел-жұртының басынан кешкен зарлы қайғысы мен ызалы кегінде, әділеттік пен бостандық үшін күрескен Бекболат секілді халық ұлының жарқын тұлғасын да, алдағы атар таңға зор үмітпен қараған халықтың оптимистік сенімін де көруге болады. Осындай ортақ ғылыми-әдеби пікір туғызған «Бекболат» поэмасы «1916 жыл» атты жинаққа тұңғыш рет жарияланып, содан бері қарай түрліше оқулықтар мен хрестоматияларда басылып келеді. 1936 жылғы нұсқасымен 1960 жылғы «Дастандар» атты жинаққа кірген.
Ғылымдағы жолын ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты поэзияны зерттеумен бастаған белгілі әдебиетші, филология ғылымының докторы Мұхамедрахым Жармұхамедұлы 1961 жылы «Жұлдыз» журналына (№9) «Бекболат поэмасы» деген мақала жазып, әйгілі поэманың авторы жайында тосын сөз қозғайды. «Бекболат» поэмасын баспаға ұсынып, ол жөнінде ғылыми пікір айтқан кісілердің бәрі оны Иса Дәукебайұлыныкі деп атайды. Бірақ, бір қызығы, қолжазба қорындағы поэманың түпнұсқасынан автордың фамилиясын кездестіре алмаймыз. Тек поэманы жинаушы Жеңіс делінген. Бұдан басқа ешқандай дерек жоқ, деп жазады зерттеуші ғалым өз мақаласында. Поэманы жырлаушы да өз жөнінде ештеңе айтпайды, тек бір жерінде:
Сөзді жақын қылалық алыс қылмай,
Жанға жүрдім сөзімді таныстырмай.
Жасымнан кәсіп қылған ісім емес,
Аяғын бітірейін алыссынбай.
Немесе:
Ескіден жаңа сөзге қопарып ал,
Сөзімді бұзып кетпей орнына сал.
Онша-мұнша қатесін айып қылма,
Жазушы тәжірибелі қартайған шал.
деген қысқа мәлімет қана бар.
Бұл бір ауыз сөздің ақиқатын білуге жәрдем жасайтын ғылыми тұжырымды да ғалым мейлінше дәл көрсетеді. Оның пікірінше, көтеріліс тұсындағы кішігірім майда оқиғаларға дейін жақсы біліп, тарихи деректі әрі дәл, әрі кең баяндауына қарағанда, автор 1916 жылғы Бекболат бастаған көтерілістің ізін суытпай іле жырласа керек.
Қай жағынан да қисынға жақын бұл пікірді қарт журналист, сол оқиға болған Жайылмыс болысының азаматы, көрнекті зиялы жан Рахмалы Байжарасов 1966 жылы «Жұлдыз» журналында (№7) «Бекболат» поэмасының авторы кім?» деген өте тұшымды зерттеу мақаласында толық қостайды. Бұл поэманы жазған осы көтеріліске белсене қатысқан және Бекболатпен түрмеде бірге отырған адам болуы тиіс деген қорытындыға келеді.
Бір ғажабы, берісі Жайылмыста, арысы Алматы өңірінде Иса Дәукебайұлы деген ақынның аты белгісіз. Жетісудағы Жамбыл бастаған Бармақ, Кенен, Үмбетәлі, Шүкітай, Қалқа сияқты ақындар қатарында ондай ақын болған емес.
Сонда ол кім?
Бірнеше жыл И. Дәукебайұлының болған-болмағанын анықтау үшін іздеу-сұрау салу ешқандай нәтиже бермейді.
Халық ақыны Кенен Әзірбаев ондай ақынды бұрын-соңды естімегенін айтады. Бір жазса, Шүкітай ақын жазуы мүмкін деседі. Бірақ сол кезде Шүкітайдың өз аузынан Бекболатты дастан етіп жырлағанын ешкім естімеген. Көнекөз қариялар да Иса Дәукебайұлы деген ақынды білмейтінін, естімегенін жеткізеді.
Р. Байжарасов жаңа із-поэманы жинаушы Жүніс деген кісінің дерегін сұрастырғанын жазады. «Бекболат» поэмасының түпнұсқалық көлемі 1986 жол екенін, оның жарияланып жүрген 731 жолдың нұсқасы осыдан қысқартылып алынғанын дәлелдейді. Бұрынғы Жайылмыс болысының азаматы, Бекболат бастаған көтеріліске қатысқан, 1918 жылы осы болыста тұңғыш мектеп ашқан қарт ұстаз Әбжан Байсалбаев Сары Жүніс Сүлейменов деген азаматтың Бекболатпен бірге тұтқындалып, түрмеде отырып шыққанын айтады. Кезінде Жайылмыс болысының биі болған адамның өлең жазатынын 70-80 жастағы шал-кемпірлер майын тамыза айтып, атақты әнші Күләш Байсейітованың әкесінің ағасы, судья болып қызмет істейтін Айтбек Бейісов пен Жүністің Алматыда жақын тұратын туысы, коммунист Ахметжан Мұқанов ол кісінің көп оқып, көп жазатынын растайды. Сары Жүніс өзінің патша тұсында би болды деген атағынан жасқанып, бұл шығармасын ешкімге көрсете алмаған. Ең ақырында өлер алдында апарып өткізгенде де өзінің осы поэманың авторы екенін айтудан қорыққан. Керек десе, аты-жөнін толық айтуға да батылы бармай «Атым Жүніс еді, осыны жинаған едім» дегеннен аса алмаған. Латын әрпімен мәшинкеге басылған түпнұсқада (ҚР Ұлттық ғылым академиясының кітапханасында сақталған) автордың не аты, не қолы тұратын жерде латын әрпімен сиямен жазылған «Жүніс» деген сөз бар.
Р. Байжарасов «Бекболат» поэмасына ертеден қатысы бар деген соң филология ғылымының докторы Есмағамбет Ысмайыловпен сөйлескенінде, ол кісі де И. Дәукебайұлы жайында еш дерек жоқ екенін, осы поэманың авторы жоқтығын пайдаланып, ерте кезде оны иемденгісі келгендер де болғанын, тілге тиек еткенін жазады. Демек, поэма авторының ойдан шығарылған адам екені бұрын да белгілі сияқты. Ал Жүніс Сүлейменовтің авторлығын шешу үшін оның арабша қолжазбасын іздеген жөн болар деген ұсыныс та болған. Әйтсе де, арабша қол жазбаның табылуы немесе табылмауының Жүніс Сүлейменовтің авторлығына күмән туғызбайды деген ой түйінделеді. Бұдан кейін «Поэма авторы кім?» деген сауал белгілі себептермен одан әрі пікірталасқа ұласқан жоқ.
«Белгісіз» Иса Дәукебайұлының 1936 жылдан бері, әдеби тілмен айтқанда, қалыптасып қалған авторлығын өзгерту оңай болып па?
Соңғы жылдары енді әйгілі «Бекболат» поэмасының негізін Үмбетәлі Кәрібаев жазған деген әңгімелер шығып жүр. Ұзынағашта тұратын ақын Надежда Лушникова: «Бекболат» поэмасын жазған осы Үмбетәлі Кәрібайұлы. Мен 1965 жылы үлкен шаңыраққа келін болып түстім. Сонда Үмбекең айтқан еді: «Мына поэма менікі, кейін орнына саларсың» деп. Ол кісі 1969 жылдың қарашасында дүниеден өтті. Сегіз қыздың ортасында жалғыз болған соң ол кісіні бәрі Дәукең деуші еді. Атақты Иса Байзақовпен достық қарым-қатынаста болған…
Иса Дәукебаев деген содан шықса керек – деп («Жас Алаш», 26.06.2001) бір шындықты іздеген болжам жасайды.
Сонымен «Бекболат» поэмасының авторы кім деген сұраққа толық дәлелді жауап табыла қойған жоқ. Иса Дәукебаев деген адамды ешкім білмейді, ондай ақын жоқ. Ал Жүніс Сүлейменов жазған дастан ба, ол жағы кезінде сөз болғанымен түпкілікті дәйектелмей қалды. Сексен жылдан астам уақыттан бері әдебиеттану ғылымында әбден айналымға түсіп, ғылыми-зерттеу еңбектерінде талдауларға арқау болған әйгілі поэманың шын авторын әлі күнге дейін ешкім білмейді. Заманында Шүкітай ақын Бекболатқа арнаған өлеңінде:
Шамалғанның ауылым жағасында,
Кім жетеді асылдың бағасына.
Ардақты аға сен едің, ер Бекболат,
Тұлпар мініп, ел бастап барасың ба? – деп жырлаған екен. Бүгінгі азат елдің ұрпақтары жетпесе, кім жетеді, асылдың бағасына?

Айғақ құжаттары бар

Бұрыннан белгілі ғой, жалпы соғыс пен қанды қырғынның ақиқаты бір айтылып қоймайды.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің бас-аяғы әскери рапорттар мен куәгер кісілердің айтуымен қағазға түскені бар, бұрмаланғаны бар, айтылмай қалғаны да аз емес шығар, сол заманының лебінен сипатталып, таптық идеологияның әсер-ықпалымен белгілі бір түсінік қалыптастырды. Алайда заман өзгеріп, уақыт өтеді, содан барып әртүрлі жағдайға байланысты жаңа көзқарастар пайда болады.
Бұған негіз боларлық ой тұжырымдары шынайы зерттелген ғалым-зерттеушілер мен зерек жазушылар еңбегімен де жасалады. Олардың бәрі де бекер емес. Қалың топанның беті қайтып, жалаңаштанып қалған жартас секілді көзге оқшау көрінетін айғақтар архив көмбелерінен аршып алынып, қисынды пікірге азық болып шықса, оны тек қостау керек.
Жалғыз бұл тақырыпқа емес, жалпы қазақтың арғы-бергі тарихынан талай-талай дүние жазып, таңғалдырып жүрген көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» деген жаңа романында осы 1916 және 1917 жылдар аралығындағы қазақ даласында болған саяси оқиғалар мен қазақ өмірін көрсетеді. Оны көркем әдебиеттегі өзіндік олжа әрі табыс деуге болады. Иә, кезінде ұлы суреткер Мұхтар Әуезов Алатау өңіріндегі Албан, Қарқара көтерілістерінің оқиғасы бойынша «Қилы заман» деген атақты романын жазды. Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романында дүрбелең өмірдің тартқызған азабы мен қасіретін бейнеледі.
Біздің ағаларымыз білсе де, архив құжаттарынан хабардар болса да көп нәрсеге саясаттың салдарынан еріксіз тартынып бара алмағанын, жай-жапсарын толық ашып көрсетуге қиналғанын ескеруіміз керек. Ал енді бүгін жазушы Б. Нұржекеұлы тарихи құжаттарға бір ауыз сөз қоспай, түсініксіз жарлықтың салдарынан қарапайым, момын халықтың қынадай қырылғанын, «көтеріліске шықты» деген сылтаумен сотталып, атылған, жаппай дарға асылғандар, ақтар мен қызылдардың қырқысуынан атамекенінен сыртқа жөңкіле көшкен жұрттың зары мен қайғысын жазып отыр. Бір ғана Жетісу өңірінен 300 мыңнан астам адам Қытай шекарасынан асып кеткен.
Автор өзінің бір сұхбатында: «Біз Жетісу көтерілісінде дарға асылғандардан Бекболат Әшекеевті ғана білеміз ғой. Ондай кісілердің тарихы қорда толып жатыр. Неге екенін кім білсін, біздің тарихшылар соны ашып айтпайды» дейді. «Әскерге бала берсек – бала өледі, бала бермесек, патшаның қысымынан шал өледі, бала өлгенше, шал өлсін» деп жаппай атқа мінген Албан жұртының ержүрек батырлары да аяусыз жазаланады. Елдің бас көтерер азаматы Жәмеңке Мәмбетұлына түрмеде у беріп өлтірсе, Алматы түрмесінде Ұзақ Саурықов бастаған 59 адамды патша жендеттері тергеу кезінде «қашпақ болғанда оқ жұмсалды» деген желеумен атып тастайды. Бұл туралы белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбаевтың «Бейуақ» туындысында және басқа да тарихшылар мен журналистердің зерттеу еңбектерінде жан-жақты айтылған. Бұл қаны сорғалаған тақырыпқа қатысты тарихи құжаттарға көз жүгіртіп, оқығанымызда мына бір дерекке де кезіккенім бар. Сол қырғында қамалған, сотталған адамдардың сонша көп болғанын көрсететін құжаттар аз емес. Мәселен, Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин 1917 жылғы 22 ақпанда патшаға жазған рапортында көтеріліске қатысушылардан 347 адамның өлім жазасына, 168 адамның каторгалық жұмысқа, 129 адамның түрмеде отыруға, 228 адамның түзеу-қамау бөлімдерінде тұтқындауға кесілген үкімдерін бекіткенін хабарлаған. Енді бұған ұрыста қаза болған, түрмеде сотсыз атылған адамдарды қосыңыз, қазақ ауылдарында жазалаушылардың зұлымдық әрекетінен найзалап, қылыштап өлтірілген әйелдер мен балаларды, қарт кісілерді қосыңыз… Жетісу облысымен шектесетін Әулиеата уезінде де қарулы қақтығыстар болған. Меркідегі көтерілісшілерді Ақкөз батыр бастап шықса, көне шаһардан 70 шақырым жердегі Аманкөл жазығындағы құмда болған қанды шайқасты Рүстембек Оразымбетов есімді батыр басқарғанын білеміз бе? Бұл есім көпшілікке таныс оқулықтар мен тарихи зерттеулерде кездеспейді. Ал, 1940 жылдардағы көтеріліске байланысты жүргізілген бір зерттеу еңбекте ұшырасады. Одан кейін неге екенін кім білсін, Оразымбетовтің ерлігі айтылмайды. Неге?
Қилы заманның қалтарыстарында қалған бұл ғана емес.
Жетісу көтерілісін көп зерттеген қарт қаламгер Үсенбай Тастанбековтің «Жетісу көтерілісі бойынша ұсталып, тергеуге түскендердің басқалар туралы айтпағаны, сатпағаны – ерекше нәрсе. Сондықтан да күрестің идеялық демеушілері Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Әбжан Байсалбаев және басқалары ұсталмаған. Бұл көтеріліске Қастек, Ұзынағаш өңірінен қатыспаған бірде-бір ауыл жоқ. Мұның бәрі елдік намыстың атойлап алға шыққанын көрсетеді» деген пікірінен құнды тағылымды анық байқаймыз.
Кешегі кеңестік дәуірде көбінесе айыптау ыңғайында айтылатын тағы бір мәселе қозғалып жүр. Бұған дейінгі тарихта алашордалықтардың 1916 жылғы көтеріліске қатысты өзіндік пікірі таптық идеология тұрғысынан жарамсыз болып табылатын. Ғылыми ортада солай орныққан. Дей тұрғанымен, кейбір деректерге жаңаша көзқарас та пайда болуда. Соңғы жылдары «Алаш әскері» тақырыбын тереңдеп зерттеп жүрген саясаттанушы Берік Әбдіғани Ресей архивтерінен көптеген тың деректер тауып, бұған дейін мүлдем белгісіз болып келген мәліметтерді жария етті. «Біз патшаның әскерге қазақ жастарын алуына қарсы көтеріліске шыққан Амангелді Иманов және басқа да батырларды білеміз. Сол кезде Алаш қайраткерлері қазақ жастарын соғысқа баруға үндейді. Қазақтың жігіттері ауылда жұмыссыз бос сенделіп жүргенінше, ел көрсін, жер көрсін, өнер үйренсін, көздері ашылсын, деп ойлайды. Патшаның «июнь» жарлығынан соң 120 мыңнан астам қазақ майданға кеткен. Олардың 13 мыңы тікелей соғыс болып жатқан жерлерде окоп қазған, қалғандары тылда еңбек еткені белгілі болып отыр» дейді зерттеуші.
Біз сол 120 мың қазақ баласының кімдер екенін, олардың кейінгі өмірі мен тағдырын білеміз бе? Жоқ, әрине. Бізді алаңдататыны – майданға кеткен қазақ жастарының тағдыры.
Тарихи айғақтар әлі де айтыла жатар. Себебі, өмір ақиқаты мен шындығы уақыт еншісінде.
Біз қасіреті көп қилы заманда азаттық жолында күрескен қазақ ерлерінің алдында қарыздармыз. Өйткені, 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының ұлттық және саяси азат болуы жолындағы күресі тарихында ерекше орын алады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support