Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара

Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара
ашық дереккөз
Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара

Алысты жақындататын, ел мен елді жалғастыратын жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі және экономиканың күретамыры. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күрежолдардың бойында» деп ерекше атап өткені белгілі. Иә, кез-келген мемлекеттің әлеуеті мен даму деңгейі жолдарының жағдайынан айқын аңғарылады. Бұрын біздер өркениетті елдердегідей екі бағыттағы төрт жолақты жолмен жүруді армандаумен ғана жүрген болатынбыз. Тәуелсіздіктің арқасында оған да қол жеткізілді. Бүгінде автомобильдеріміз тақтайдай тегіс бетон жолдарда зымырап, діттеген жеріңізге көзді ашып-жұмғанша жеткізетін болды.

Елімізде кейінгі кезде бұл салаға жыл сайын қыруар қаражат бөлінуде. Соның нәтижесінде елімізде, оның ішінде облысымызда бұрынғылары қайта қалпына келтірілуімен қатар жаңа халықаралық стандарттарға сай жолдар салынуда. Облысымызда Елбасымыздың бастамасымен қолға алынып салынған ғасырдың ғаламат жобасы аталған «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізінің құрылысы екі жыл бұрын толық аяқталды. Кезінде оның құрылысы уақтылы бітетініне көп адам күмәнмен қараған болатын. Мұның өзі жол-көлік оқиғасының біршама азаюына қол жеткізуде. Жол-көлік оқиғаларының 30 пайызы жолдың сапасыздығынан орын алады. Жоба аясында аймақта 495,3 шақырым жол жаңартылды. Автобанды салып бітірген мердігерлер нысанды бізге – «Қазақ автожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының теңгеріміне тапсырды. Соның нәтижесінде осыдан 12 жыл бұрын өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолының ұзындығы 847 шақырымды құраса, қазір ол 1237 шақырымға жетті. Біздің кәсіпорын осы жолды ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау және көгеріштендірумен шұғылданады. Филиалға қарасты Қордай, Меркі, Ақсүйек, Тараз қаласы және Шудағы жол пайдалану бөлімдері республикалық мәндегі 1237 шақырым жолға қызмет көрсетеді. Филиал ұжымы өткен жылдың қорытындысында 1 миллиард 125 миллион теңгенің жұмысын атқарды. Бұл белгіленген тапсырмадан едәуір артық. Кәсіпорында жұмыс ауқымының ұлғаюына байланысты жаңа жұмыс орындары ашылуда. Осыдан екі жыл бұрын 150 адам жұмыс істесе, биыл олардың саны 167-ге жетті. Машина-трактор паркін жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Филиалда соңғы екі жылда 30 бірлік жаңа техника сатып алынды. Соның нәтижесінде техника саны 70 бірлікке жетті. Олардың 70 пайызы жаңа. Оларды жаңарту келешекте де игі жалғасын табады. Бізде өз кәсіптерін жетік білетін білікті мамандар шоғырланған. Жолшылар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, жоғары тиімділікпен еңбек етеді. Олардың әрқайсысының бұл салада 10 жылдан астам еңбек өтілдері бар. Кәсіпорында мамандар даярлауға бас инженер Әбдірахман Айтжанов, жол пайдалану бөлімдерінің басшылары Еділ Жомартов, Ерғали Әбішев, Сейділдә Жасыбаев, Таңатар Сәбитов, Қуанышәлі Әжкенов, бас механик Серікбай Тұрғанбаев, механизатор Рүстем Шарабасов, жүргізуші Жақсылық Мелдебеков үлкен үлес қосып келеді. Білікті мамандарымыз Гүлзайра Илмешова, Үйсін Сияқұлов және Райгүл Жақыпбекованың есімдері де ерекше құрметке лайық. Облыстың аумағында үш таулы асу бар. «Қордай», «Күйік» және «Шақпақ» асуларының ұзындығы 58 шақырымды құрайды. Қысқы кезеңде барлық асуларда күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылады, қажетті техника қойылады. Үстіміздегі қыс жайлы болуына байланысты асуларда апатты оқиғалар орын алған жоқ. Бүгінде мамандарымыздың бар күш-жігері республикалық мәндегі автомобиль жолында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталуда. Бұл мақсатқа биыл 900 миллион теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы мамандарымыз 10 мың кума метр қисық сызықты брус, 732 дана жол белгілері мен панно орнатуы, 37,5 мың шаршы метр шұңқырларға жөндеу, 3 мың метр сызат түскен жерлерді құйып толтыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұған қоса автокөлік жолдары жағалауындағы орман алқабы ағаштарының түбі әктеліп, қураған ағаштар кесіліп, орнына көшеттер егіледі. Ағаштар түрлі зиянкестерден қорғау үшін улы химикаттармен өңделеді. Мамандарымыз күн жылысымен шұңқырлықтарды жөндеуге кірісіп кетті. Осымен бір мезгілде көгалдандыру жұмыстары да қолға алынуда. Еліміздің, оның ішінде біздің облысымыздың аумағынан «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автодәлізі арқылы мыңдаған шетелдік азаматтар өтеді. Олар жол бойында шашылып жатқан шөлмектер, қирап жатқан жол белгілерін және ласталған әжетханалар мен орындықтарды көргенде, қандай ойға қалады? Жол белгілерін қирату, әжетханалардың қасындағы күл-қоқыс салатын темір сауыттарды ұрлау тыйылмай келеді. Мекеме қосымша қаражат қарастырып, оларды орнына келтіруге күш салуда. Жол – біздің игілігіміз ғана емес, біздің бет-бейнеміз, мақтанышымыз. Демек, өркениетті елдердегідей бұған жоғары жауапкершілікпен қарау – әрқайсымыздың абыройлы парызымыз.

Өмірзақ Ерембаев, «Қазақ автожол» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры.

Ұқсас жаңалықтар