- Advertisement -

Өңір экономикасын өрге шығаратын жобалар бар

84

- Advertisement -

Жомарт
ӘМІРХАНОВ,
облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.

Мемлекет басшысы жариялаған «Нұрлы жол» бағдарламасы жаңа экономикалық саясаты экономика саласындағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған.
Агломерация, көлік және энергетика жаңа экономикалық саясаттың негізгі үш тірегі болып табылады. Агломерация – бұл тұрақты өндірістік, мәдени-тұрмыстық және басқа да салалармен өзара бірлескен, сондай-ақ аумақтық бірігуге бейім жақын орналасқан елді мекендердің бір немесе бірнеше қалалар шегінде топтасуы.
Елді аумақтық кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды сызбасына сәйкес, Қазақстанда экономикалық, табиғи және әлеуметтік-демографиялық жағынан ұқсас 6 макроөңір – оңтүстікте Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Казақстан, Алматы облыстары, солтүстікте Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары, батыста Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары, орталық шығыста Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары, Астана және Алматы қалалары анықталды.
Ал облысымыз болашақта ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібі негізгі бағыты болып қала беретін оңтүстік макроөңірдің құрамында дамитын болады. Облыста Ресей мен басқа да елдердің нарығына бағытталған көкөніс, ет, сүт кластерлері де дами түспек. Агроөнеркәсіп кешенінде 2020 жылға қарай экспортқа бағытталған жоғары технологиялы, әрқайсысы 3,0 мың басқа арналған 10 бордақылау алаңын құру арқылы ет кластерін құру жоспарлануда. Бұл бордақылау алаңдары 2016 жылы іске қосылатын «Оңтүстік халал ет тағамдары» ЖШС-ның ет өңдеу кешенін шикізатпен қамтамасыз ететін болады. Нәтижесінде 2020 жылға қарай 1,5-2,0 мың тонна көлемінде ірі қара етін экспорттауға мүмкіндік туады.
«Меркі өнімдері» өндірістік кооперативі базасында сүт кластерін құруға байланысты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыста 32 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Оның 18-і «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі бойында орналасқан. Шу ауданында жеміс-көкөніс кластерін құру жөнінде шаралар жүзеге асырылуда. Ауданда 620 миллион текшеметр көлемінде су жинақтау әлеуетіне ие «Тасөткел» су қоймасы бар. Суармалы жерінің көлемі де едәуір. Ағын суға ділгірлік жоқ.
Химия өнеркәсібі облыс экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады, жалпы, өнеркәсіп бойынша оның үлесі 28 пайызды құрайды. Қазақстанның химия өнеркәсібі саласында өңірлік үлес 30 пайыздан асады. Бүгінгі күні «Қазфосфат» ЖШС негізгі химия өнімін өндіруші болып табылады, облыстың химия өнеркәсібі көлеміндегі үлесі 96,5 пайызды құрайды.
«ТаласИнвестКомпани» ЖШС қуаттылығы жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын өндірісті іске қосты, жобаның құны 14 миллиард теңге. Мұнда 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Тағы ірі жобалардың бірі – «ЕуроХим — Тыңайтқыш» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі. Компанияның жұмыс жоспарына сәйкес Жаңатас қаласында тау-кен кешені іске қосылып, Қаратау қаласында қуаттылығы жылына 1,4 миллион тоннадан астам минералды тыңайтқыштар өндіретін кешеннің құрылысын салу жоспарлануда. Жалпы инвестиция көлемі 356,5 миллиард теңгеден асады, 2000 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде.
Сондай-ақ, Елбасы Жарлығымен облыста «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аумағы құрылды. Мұнда 15 өндірісті құру жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі 2,0 миллиард АҚШ долларына жуық қаржыны құрамақ. 2014 жылдан бастап осы АЭА аумағында инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстары басталып, «Біріккен химиялық компаниясы» ЖШС «Глифосатты және үшхлорлы фосфорды өндіру» инвестициялық жобасын іске асыруда.
Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру облыста өндірілетін өнім көлемін арттыруға және түрлерін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде химия саласы мен агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыра түседі.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымының дамуы макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру шеңберінде жүзеге асырылады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен макроөңірлерді магистральды автокөлік, темір жол және әуе жолдарымен щұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады.
Аталмыш бағдарлама шеңберінде 2015 жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ Алматы-Шу темір жол магистралі учаскесінде ұзындығы 110 шақырым екінші желінің құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыра бастады. Негізгі автожол жобаларының бірі – төрт жолақты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автотрассасы тауарларды белгіленген орнына айтарлықтай жылдам жеткізуге ықпал ете отырып, өңірдің логистикалық мүмкіншілігін жақсарта түсті.
Үшінші негізгі бағыт – энергетикалық инфрақұрылымды дамыту. Бұл салада индустрияландыру бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыста жалпы қуаттылығы 88 МВт жаңартылған энергия көздерінің (ЖЭК) 8 нысаны пайдалануға беріліп, қызмет атқаруда. Алдағы 3 жылда жалпы қуаттылығы 500 МВт астам нысандардың құрылысы жоспарлануда. Барлық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде облыстың электр қуатына қажеттілігін 40-50 пайызға жабады.
Жалпы, облыстың дамуы Алматы және Шымкент агломерацияларының даму қарқындарымен байланысты болады, бұл жерде Шымкент хаб-қаласы оңтүстік пен батысты (Алматы – Тараз – Шымкент – Қызылорда – Ақтөбе – Орал), оңтүстік пен солтүстікті (Петропавл – Есіл – Арқалық – Жезқазған – Шымкент), оңтүстік пен шығысты (Алматы – Талдықорған – Өскемен – Семей – Павлодар) байланыстыратын орталық болады.
Шымкент хаб-қаласының және барлық Оңтүстік макроөңірдің инфрақұрылымын дамыту халық пен ресурстардың ұтқырлығын арттырады, ол Солтүстік және Орталық-Шығыс макроөңірлерде еңбек ресурстарының тапшылығын жабуға және макроөңірдің туристік әлеуетін (орталығы Түркістан) дамытуға ықпал ететін болады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support