- Advertisement -

Коммунистердің көздегені – әлеуметтік тұрақтылық

69

- Advertisement -

Қазіргідей аса маңызды науқан алдында көпшілік қауымның негізінен бүгінде Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлаулары қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстарына жұмыла кіріскен еліміздегі жетекші партиялар қызметіне бірінші кезекте назар аударатыны белгілі. Қазақстан Коммунистік халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат штабының белсенділері де уақытпен санаспай, тынымсыз жұмыс істеуде. 

ҚКХП облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жарылқасын Нұралиевпен арадағы әңгімеміз осы тұрғыда өрбіген.
– ҚКХП-ның сайлауалды бағдарламасының назар аударарлық тұстарына тоқталсаңыз?
– Бәрінен бұрын әлеуметтік тұрақтылық, ұлтаралық келісім және заңның үстемдігін басты ұстаным етеміз. Біз азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігі мен патриоттылығын әркезде де жоғары қоямыз және қолдаймыз. ҚКХП-ның сайлауалды тұжырымдамасы бар-жоғы алты бөлімнен тұрады. Онымен көптеген жамбылдықтар үгіт-насихаттық кездесулер барысында танысып та үлгерді. Бұдан бөлек, біздің облыстық сайлауалды штабымызда болған азаматтар да мұндай мүмкіндікке ие бола алады.
– Қазіргідей қызу науқан тұсында партияның облыстық филиалының қызметі қалай үйлестірілуде?
– Меніңше, әрбір партияның немесе саяси қозғалыстың болсын өзіндік жұмыс қыры болады. Ал тұтастай алғанда, барлығы да бір бағытқа қарай жылжиды, жол тарам болса да, мақсаттары ортақ. Бәрінен бұрын бұл белсенді үгіт-насихат жұмыстарына – ірі баннерлер орнатылуына, плакаттар ілінуіне, сайлаушылармен кездесулерге, көшелер мен үйлер бойынша жеке жұмыстарға байланысты. Осы жуықта ғана ҚКХП-дан Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Жамбыл Ахметбеков жамбылдық сайлаушылармен кездесті. Ол елімізге танымал «Та-Мак» ЖШС-ның жұмысымен танысып, жұмысшылардың көптеген сауалдарына жауап берді. Кездесу жергілікті филиал белсенділері үшін де тиімді болды. Коммунистер әлеуметтік желілерді де белсенді түрде пайдаланады. Сағат сайын дерлік біз әлеуетті сайлаушыларымызға ҚКХП-ның жұмысы мен міндеттері туралы жүздеген ақпараттар жолдаймыз.
Сондай-ақ, адвокаттар мен заңгерлер қызметін пайдалануға қаражаты жоқ азаматтар мамандандырылған құқықтық көмек алуы үшін ашылған қоғамдық қабылдау жұмысы да жандандырылу үстінде. Сонымен қатар, мұнда құқық қорғау органдары мен шенеуніктер алдында болып, әділеттілікке қол жеткізе алмаған азаматтар да қайырыла алады. Сайлаудан кейін өңірдің ең өзекті мәселелері қаузалатын дәстүрлі «дөңгелек үстел» қызметін жаңғыртатын боламыз.
– Сіздің ойыңызша, мұның алдындағы Парламент Мәжілісі құрамында болған коммунистер халық үшін пайдалы нендей жұмыстарды жүзеге асырып үлгерді?
– ҚКХП фракциясы зейнеттік және 12 жылдық орта білім беру реформаларына, кооперация туралы заң қабылдануына қатысты, басқа да бірқатар сұрау салулар мен ұсынымдарын жеткізді. Бізді қатарымыздың ай сайын толығуы қуантады. Партиямыз, әсіресе, жастар арасында танымал бола бастады. Адамзат үшін озық гуманитарлық идеяларды таратушы және оны іске асыруға тырысушы партияның қатарына өтіп жатқандары да бар. Бүгінде біздің тізімімізде облыс бойынша 8 мыңнан астам адам бар. Бұл санды одан әрі көбейтетін боламыз. Қатарымыз тұрақты түрде толығуы үшін облыс пен Тараз қаласының тұрғындары біздің партия туралы жақсы біле түссе дейміз.
Сайлаулар – бұл партия жұмысының нәтижелілігінің сынақтан өткізілуі. Коммунистер әрқашанда тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қорғап келді, сайлаушылар даусына ие болу үшін де қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Баймаханбет Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support