Тәбетіңіздің таңдауы не?

Тәбетіңіздің таңдауы не?
ашық дереккөз
Тәбетіңіздің таңдауы не?

 үй тағамы, әлде «Fast Food»...

Басты байлық – денсаулық екеніне сау кезімізде мән бере бермейміз. Сондықтан болар, денсаулығымызды қымбат емес, бірақ, өте қауіпті тағаммен улап жатқанымызды ойлана бермейміз. Зиян екенін біле тұрсақ та «Fast Food» сияқты тағам өнімдерін жиі пайдаланамыз. Хот-дог, гамбургер, Сэндвич, КҒС, чизбургер, фри (қуырылған картоп) сынды барлық тағамдар «Fast Food» өнімдерінің қатарына кіреді. Деректерге сүйенсек, мұндай тағамдар ең алғаш Америкада 1920 жылдары пайда болған. Кейінірек, бұл тағам түрлерін өндіретін арнайы «White Castle», «McDonald’s» сынды компаниялары құрылған екен. Тоқсаныншы жылдары гамбургер кедейлерге арналған зиянды тағам ретінде бағаланып, оны қала көшелеріндегі үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға сататын болған. Жалпы алғанда, «Fast Food» термині «жүгіріп жүріп қоректену» деген мағынаны білдіреді. Тез дайындалатыны – тұтынушылар үшін өте қолайлы. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз «Fast Food» зиянды екенін жақсы білеміз. Алайда, тамақ пісіруге уақыттың жетіспеушілігін алға тартып, өз-өзімізді алдаймыз. Ғалымдар фастфудты ұнатып жейтін адамдар психикалық және химиялық тәуелділікке ұшырағандар дейді. «Fast Food» «тұтқынына» айналғандар соңғы уақытта Тараз қаласында да көбейе түскен секілді. Бір көшенің бойында кем дегенде 3-4 «Fast Food» дүңгіршектерінің жұмыс істеп тұруы соған дәлел болғандай. Сырттай бақылап қарасаңыз, олардың халыққа қызмет көрсету сапасының, тағамның дайындалу тәсілінің әртүрлі екенін анықтай аласыз. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің балаларға білім беру және тағам объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Махфуза Әріпбайқызының айтуынша, фастфуд тағамдары адамда бар аурулардың қарқынды түрде үдеуіне түрткі болады екен. – 2015-2016 жыл аралығында осы тағам өнімдеріне байланысты облыс тұрғындары ешқандай арыз-шағым түсірмеді. Қазіргі кезде адам науқастанған жағдайда бірінші дәрігерге емес, өз бетінше емделудің жолын қарастырады. Сондықтан біз қадағалау жұмыстарын жоспардан тыс жүргізе алмаймыз. Жеке кәсіпкерлерге арналған кодекстің өзгеруіне және Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, нормативтік құжаттардың өзгеруіне байланысты әзірге фастфуд асханаларына тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Тұрғындар арасынан шағым түскен жағдайда ғана біз тексеру жұмыстарын толықтай жүргізе аламыз, – дейді Махфуза Әріпбайқызы. Ауыра қалсақ, өз бетімізше емделу әдетіміз. Соның әсерінен аурулар асқынып кетеді. Өткен жылдың өзінде асқазан-ішек жолдары ауруларымен ауыратын 1,5 миллион адам тіркелген екен. Асқазан ауруларының қозуына күйзеліс, уақтылы тамақтанбау, фастфудпен қоректену әсер етеді дейді мамандар. – Фастфуд өнімдері әдеттенуді туғызып, осы тағам түрін жиі қолданатын адамдар арасында асқазанның ойық жарасының пайда болуына әкеп соқтырады. Фастфудты дайындауда натрий глутаматы, бояғыштар, эмульгаторлар, тұрақтандырғыштар, дәмді және иісті күшейткіштер көптеп қолданылады. Фастфуд өнімдері адам организміне ешқандай пайда бермейді, өйткені ондай тағамда А, С, Д және Е витаминдерінің қажетті мөлшері жоқ деп санауға болады. Көпшілік жағдайда әртүрлі соустармен бірге беріледі және олар қатты шөлдетеді. Адам мүмкіндігінше әртүрлі тағамды тұтынуы керек. Соңғы жылдары цирроз, гастрит, ойық жарасы сияқты дертке шалдыққандар ауруханалар мен арнайы орталықтарға көп келеді. Олардың басым көпшілігі – жастар, – дейді облысымыздың бас гастроэнтеролог дәрігері Мейрамкүл Калисаева. Иә, денсаулығыңыз үшін тиімді тамақтанудың да маңызы зор екенін ұмытпаған абзал. «Ауру – астан» деген сөз бар қазақта. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолы дұрыс тамақтану екенін ұмытпаңыз.

Айша Жақсыберген, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті.

Ұқсас жаңалықтар