- Advertisement -

Көктал өзеніне көпір салған Біржан

98

- Advertisement -

Көктемде таудағы қар еріп, сай-саланы қуалай аққан қызыл су келіп құйылуынан Көктал өзені кемерінен асып, бірер ай бойы өткел бермей жататын. Осындайда ауыл тұрғындары аудан орталығы – Қаратау қаласына қатынау үшін ілгеріде салынған темір көпірді пайдаланатын. Кейінгі жылдары әлгі көпір тозып, жарамсыз болып қалғандықтан, Қаратауға қатынау үшін жұрт Аққөл ауылы арқылы айналма жолмен 75 шақырымды жүріп өтуге мәжбүр болды.

Міне, осындай қиын сәтте Қызыләуіт ауылында туып өскен, бүгінде «Астана – Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет ететін Біржан Үсіпбеков жерлестеріне көмек қолын созды. Ол ауылдастарының игілігін ойлап, өз қаражатына «Көктал» өзені үстіне жаңа көпір салып берді.
– Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс тұсында жұмысқа жарамды азаматтар жаппай Астанаға құрылыс жұмысына кетіп жатты ғой. Сол кезде де «Бабур» құрылыс фирмасында прораб болып жұмыс істейтін осы Біржан Елмұратұлы ауыл жастарын қанатының астына алып, қамқорлық танытқан еді. Қашанда ауылы ойында жүреді. Биыл тағы да арнайы келіп, өзі салып берген көпірге қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізгенін көзіміз көрді. Негізінен көпір салу – сауапты да жауапты іс. Ол ең алдымен сапалы әрі жүргіншілер үшін қауіпсіз болуы шарт. Ал жоғарыда аталған ұзындығы 13, ені 4 метр болатын көпірдің негізгі тірегі табиғи таспен өріліп, берік етіп қаланған. Жалпы, ойымыздан шықты. Бетондалған өткелдің екі шетіне қауіпсіздік ретінде темір керме керіліп, заңды түрде жол белгісі де қойылды. Жыл сайын ерте көктемде қыстаудан көктеуге қайтатын шопандар үшін де көпірдің тигізер көмегі көп болып тұр. Біржанға айтар алғысымыз шексіз, – дейді қызыләуіттік Сағат Бегімбаев.
Ел игілігі жолындағы қайырымды істердің үлкен-кішісі болмайды. Өткелсіз өріс тар ғой. Қызыләуіт ауылының тұрғындарын қуанышқа бөлеген кейіпкеріміздің өнегелі ісі өзгелерге үлгі болса, қанеки.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support