- Advertisement -

Адами капиталдың сапасына кім жауапты?

110

- Advertisement -

Елбасымыз айтқандай, ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту – дамудың басты факторы. Бұл қағида, әсіресе, білім саласына тікелей қатысты. Себебі, адами капиталдың сапасын көтеру – сала жұмысының нәтижесіне байланысты. Сондықтан, білім беру үрдісін реформалау әрқашан өзектілігін жоймайды.

Өткен жыл облыстың білім саласы үшін табысты болды деуге негіз бар. Өңір педагогтарының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылған дәйектерге сүйенсек, дағдарыс жағдайына қарамастан салаға бөлінетін қаржының көлемі кемімеген екен. Ал бұл өз кезегінде білім деңгейінің өсуіне әсер ететінін айтуымыз керек. Жалпы, Тараз химия-технология колледжінде өткен жиында 2015 жылы білім саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесі толық сараланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың айтуынша, былтыр білім саласына 75,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, 100 пайыз игерілген екен. Соның арқасында өңірдегі білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жыл басында 24 білім нысанының құрылысы басталып, 9 мектеп, 4 балабақша, 100 орындық 1 жатақхана пайдалануға беріліпті. Нәтижесінде апатты жағдайдағы мектептердің 9-ының мәселесі жаңа нысандардың есебінен шешіліп, біршама кеміген. Сондай-ақ, білім мекемелерінің 11-і күрделі, 175-і ағымдағы жөндеуден өткізілген. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Білім беруді дамытудың» 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңін сала мамандары табысты аяқтап отыр. Сұлушаш Сәтбекқызы алғашқы бесжылдықта бағдарламада көрсетілген мақсатты 5 индикатор және 19 көрсеткіштің орындалғанын айтады.
Аталған бағдарламаның нысаналы индикаторларының бірі – 3 жастан 6 жасқа дейінгі мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалардың үлесін 100 пайызға жеткіфзу екені белгілі. Бүгінгі күні облыста бұл көрсеткіш 75 пайызды құрайды. Ал 1 мен 6 жас аралығындағы балғындардың 53,3 пайызы ғана балабақшаға барып жүрген көрінеді. Сала мамандары 2015 жылы жоспарланған 1190 орынның орнына 2380 орын ашуға қол жеткізіп, межелеген межеден асып түскен. Жалпы, 21 мектепке дейінгі мекеме ашылған. Оның 10-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске қосылған. Соның арқасында жекеменшік балабақшалар саны артып, 38-ге жеткен. Дегенмен, Елбасы тапсырмасы бойынша 2020 жылға қарай балабақша қажеттілігі толығымен өтелуі керек. Бағдарламаның екінші кезеңінің аяқталуына да төрт жылдай уақыт қалды. Осыған қарап, бүлдіршіндерді 100 пайыз қамту үшін әлі қанша мектепке дейінгі мекеме ашылуы тиіс екенін саралай беріңіз.
– Қазіргі әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты балабақшаларды мемлекет қаржысы есебінен салу тоқтатылғанын білесіздер. Бірақ, бұл осымен бәрі бітті деген сөз емес. Мектепке дейінгі мекемелерді ашуда жекеменшік секторларды көбірек тартқан жөн. Осы мәселе бойынша қадамдық жоспар жасалуы керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов аудан басшылары мен Тараз қаласының әкімінің орынбасарларына тиісті тапсырма беріп.
Демографиялық өсімнің нәтижесінде балабақша кезегін күткендер саны азаймай тұрғанымен облыста білім берудің орта сатысында едәуір ілгерілеу байқалады. Өңір педагогтарының қажырлы еңбегінің нәтижесінде білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да жемісін беруде. Облыс оқушыларының командасы республикалық пән олимпиадаларында төртінші жыл қатарынан, ғылыми жоба жарыстарынан үшінші жыл қатарынан командалық есепті бірінші орынды иеленуі – соның дәлелі. Жалпы, былтыр республикалық білім додаларына қатысқан 263 оқушының 138-і жүлдегер атанса, халықаралық, дүниежүзілік жарыстардан 56 жас дарын жетістікке қол жеткізіпті.
– Былтырғы оқу жылында облыс оқушыларының ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда артты. Нақтырақ айтсақ, 6,2-ге өсіп, орташа балл 78,6-ны құрады. Шекті деңгейден өте алмаған түлектер саны кеміп, 100-125 балл жинаған бітірушілер қатары артты. Дегенмен, Т. Рысқұлов, Меркі аудандарының бітіруші түлектері өз білімдерін тиісті деңгейде көрсете алмады. Ал Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараздық бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу үлесі төмен болды. Жекелеген пәндерден екі алғандар 2014 жылмен салыстырғанда 280-ге азайған. Әйтсе де, жалпыға міндетті орта білім стандартына сәйкес дайындалған сұрақтарға жауап бере алмауы ойландыратын жағдай, — дей келе Сұлушаш Сәтбекқызы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру және үздік педагогтардың тәжірибесін тарату бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Облыстың бас педагогы кейбір аудандарда ұстаздардың жаңашылдыққа ұмытылмайтынын айтып, қынжылыс білдірді.
Басқарма басшысы мұның себебін аудандардағы білім бөлімдерінде әдістемелік жұмыстың дұрыс жүргізілмейтіндігімен және көптеген мектептердегі кадр тапшылығымен байланыстырады. Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарының мұғалімдерінің облыстық, республикалық байқауларға және онлайн олимпиадаларға қатысу көрсеткіші төмен болып отырғанын қозғады. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары мұғалімдермен жүргізілетін әдістемелік жұмыс білім сапасына тікелей әсер ететінін, ұстазы жақсының шәкірті де озат болатынын айтты. Дегенмен, кей жағдайда түпкі нәтиже керісінше шығатын жағдайлар да кездесетінін алға тартты.
«Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында педагогтармен жүргізілетін жұмыстар нәтижелі. Облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындардан көрініп жүрген ұстаздар көп. Бірақ, ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіш соның бәрін жоққа шығарып тұр. Бұл қалай?» – деді Ерқанат Нұрбапаұлы.
Жалпы, білім сапасын арттырудың бір жолы – мұғалімдердің біліктіліктерін үздіксіз арттыру екені баршаға мәлім. Былтыр облыста 4012 педагог біліктілікті арттыру курстарында білімдерін жетілдірген. 654 мұғалім 3 айлық деңгейлік курстарға, 33 мектеп директоры 9 айлық біліктілікті арттыру курстарына 3325 ұстаз 2 апталық қысқа мерзімдік оқуға жіберілген екен. Дегенмен, сала мамандары білімін жетілдірген мамандар оқып, үйренгендерін тәжірибеде көрсете алмай отырғандарын айтады.
«Алдымен мұндай курстарға кімді жіберетінімізді ойланып алуымыз керек. Былтыр жазда мен де курста білімімді жетілдірдім. Бізбен бірге аяғы ауыр келіншектер де жүрді. Сонда ертең демалысқа кететін маманды не үшін жіберген? Ұсақ-түйекті айтпағанда, ұстаз біліктілігін арттыруға бөлінген қаржының желге ұшқаны ма? Жаңашыл әрі ізденуден жалықпайтын ұстаздарды жібермесе, қатардағы мұғалім ол оқудан ештеңе түсінбеуі мүмкін», – деді Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Арсен Байтуков оқыту үрдісіндегі өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп тұрып.
Жиында сын, білім сапасы туралы мәселе орта кәсіптік білім беру сатысына да қатысты айтылды. Кәсіптік-техникалық білім берудегі дуальды жүйе бойынша тәжірибе алаңдарын ұсынып отырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров колледждермен бірлесе жұмыс жүргізіп, белсенділік танытып отырғанымен, тәжірибеден өтуге келген студенттердің білім сапасына көңілі толмайтынын айтты. «Болашақ техник мамандардың ештеңеге қызығушылығы, бірнәрсені үйренуге ниеті жоқ. Еңбек етуге құлықсыз. Мейлі оларды жас дейік, бірақ тәжірибеден өтуге жіберген студенттерді алғашқы күні таныстыруға жетекшілері де ілесіп келмейді», – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Алқа мәжілісінде жыл ішінде қол жеткізген жетістіктермен қатар, кемшіліктер де айтылды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбековаға ҰБТ кезінде жіберілген кемшіліктерді жою үшін үйлестіре жұмыс жүргізуді тапсырды. Саладағы негізгі индикаторларды орындауды міндеттеді.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support