- Advertisement -

Жүйелі жоспар жұмысты ширатады

73

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Жомарт Әмірханов алқа мәжілісін өткізіп, өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Алқа мәжілісіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. 

Өткен жылы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы облыс экономикасының сапалы және тұрақты өсімін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарған. Атап айтқанда, басқармамен облыстың бесжылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму және басымдықтары, бюджеттің үшжылдық параметрі нақтыланып, 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әзірленген. Бұл жұмысқа барлық басқармалар, аудан әкімдіктері мен кәсіпорындар тартылған. Аталған құжатқа сәйкес, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, нақты сектордың тиімділігін арттыру, бәсекелестік пен жекеменшік капиталды дамыту, қоғамды әлеуметтік жаңғырту және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, теңгерімделген өңірлік даму, мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай нығайтуды қалыптастыру — орта мерзімдік кезеңде облыстың әлеуметтік экономикалық дамуының негізгі басымдықтары болып белгіленген.
Өткен жылы басқарма әзірлеген ауқымды құжаттардың бірі — «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасына сәйкес республикадағы даму әлеуеті мен халық саны өсімінің перспективасы бар шағын қалалар тізбесіне енгізілген Шу қаласының 2016-2020 жылдарға арналған кешенді дамыту жоспары. Бұл кешенді жоспарда Шу қаласының даму мүмкіндіктері мен басымдықтары, стратегиялық бағыттары айқындалған. Құжат республиканың Ведомствоаралық комиссиясының қарауына енгізіліп, бекітілген.
Облыстың шекара маңындағы аудандарын дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында 2015 жылы 190 шекара маңындағы елді мекеннің білім, денсаулық, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, газ, су жүйелерін және автомобиль жолдарын және тағы басқа нысандарын дамытуға, қайта жаңғыртуға, күрделі және ағымдағы жөндеуге өткен жылы бюджеттен барлығы 10,9 миллиард теңге бөлініп, игеріліпті.
Ал республика өңірлері әкімдіктерінің қызметіне жүргізілген бағалау нәтижесінде облыс көрсеткіші 96,4 балды құрап, республика өңірлері арасында 2-ші орынды иеленген.
– 2014 жылдың қорытындысы бойынша басқарма облысымыздың 373 ауылдық елді мекеннің дамуына мониторинг жүргізді, бұл есептілік 2015 жылдың қорытындысы бойынша да жүргізілуде. Ол ақпарат Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылатын болады. Осы ретте айта кететін бір жағдай, есептіліктер сапасыз беріліп, жинақтауда қиындықтар туғызуда. Бұл өз кезегінде есептілікті мерзімінен кеш беруімізге себеп болуы мүмкін. Осыған орай, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдерінің басшыларына осы мәселеге немқұрайды қарамай, жұмысты сапалы және жауапкершілікпен орындауларыңызды сұраймын, – деген Жомарт Әмірханов басқарма қызметінің тағы да бір бағыты – бюджеттік жоспарлау мәселесіне тоқталды.
Өткен жылы облыстық бюджет 5 рет, оның ішінде, республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер көлемінің өзгеруіне және Үкіметтің кейбір шешімдеріне сәйкес 3 рет нақтыланыпты. Нәтижесінде, 2015 жылдың наурызында өткен облыстық бюджетті нақтылау барысында облыс бюджетінің шығындары жалпы 3,9 миллиард теңгеге қысқарып, оның 37 пайызы немесе 1,5 миллиард теңгесі бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің ағымдағы шығындарын құраған. Ал қысқартылған шығындар есебінен 2015 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Республикалық бюджеттен қаржыландыру қысқартылған инвестициялық жобаларды аяқтауға 1,6 миллиард теңге бөлінген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде есепті жылы 8 білім беру, 2 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, 3 коммуналдық шаруашылық нысанының құрылысы басталған.
Өткен жылы облыс бюджеті кірістер бойынша 202,2 миллиард теңгеге, яғни, жоспар 103,1 пайызға орындалыпты. Ал облыс бюджетінің шығындары 195,6 миллиард теңгені құрап, 99,8 пайызға орындалған.
Елбасының «100 нақты қадам» 5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша Ұлт жоспарының 98-қадамына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін және азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларды талқылауға қатысу тетіктерін енгізу аясында 2015 жылдың 15 сәуірінен бастап облыстық және аудандық бюджеттерден жергілікті өзін-өзі басқару органдарына 4 түсім түрін трансферт ретінде беру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған.
Басқарма басшысы өз сөзінде облыстың қаржы басқармасы, аудандар мен Тараз қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау және қаржы бөлімдерінің, ауылдық округ әкімдерінің үйлесімді жұмысының арқасында осы жұмысты атқару барысында біздің облыс еліміздің өңірлері арасында көшбасшы болғанын атап өтті.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support