- Advertisement -

Жақсы қартая білу де қасиет

137

- Advertisement -

Ауылымыздағы ардагер қарияларымыз қоғамдық жұмыстардан еш шет қалған емес. Көшелердің тазалығы мен ауылдың көріктендірілуі ісін назардан тыс қалдырмай, сенбіліктер өткізілуіне ұйытқы болумен жүр. Көктем, жаз айларында ауыл мешітінің ауласына ағаш пен гүл көшеттерін отырғыздық. Елді мекеннің көркеюіне көп үлестерін қосқан мектептің әр жылдардағы түлектеріне де айтар алғысымыз шексіз. Олар былтыр Д.Қонаев ескерткішінің төңірегін абаттандырды, балаларға арнап бассейн соқты, «Бәйтерек» белгісін орнатты, қазақтың қасиетті киіз үйі үлгісіндегі кіші нысан мен футбол алаңын салып, тұрғындар игілігіне берді. Міне, жастардың туған ауылына деген жүрек лүпілін осыдан-ақ байқауға болады. Елім дейтін ер азаматтардың өсіп келе жатқанына қуанамыз.
Қазақ қоғамының қай кезеңінде болсын ақсақалдар билік басындағылардың кемшілігін түзеп, бар істі жүйелеп отырды ғой. Қандай да бір ауқымды істі бастар алдында басшылар ең алдымен ақсақалдар ақылына жүгініп, ақ батасын алатын. Осындай аузы уәлі қариялар бізге қазір де өте-мөте қажет. Қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, елді жақсылыққа үндеу олардың басты міндеті болуға тиіс. Базбіреулердің екі сөзінің бірінде «қиыншылық, дағдарыс» деп елді текке үрейлендіруіне әсте жол бермеуге тиіспіз. Біздің еліміздің болашағы жарқын. Қиыншылықтар келеді, кетеді. Ал, халқымыз уақытша қиындықтарды ынтымақ-бірліктің арқасында еңсерері анық. Бұрын да солай болған, бүгін де солай, болашақта да солай бола береді. Біздер, қариялар, осыны көпке ұғындыруымыз қажет.

Тұрғанбай ТӘЖІБЕКОВ,
ауылдық ақсақалдар
кеңесінің төрағасы.

Ақкөл ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support