Қытайдағы ең үлкен ескерткіш

42

Ол Мао Цзедунға арналмақ

Қазіргі заманғы Қытайдың негізін қалаушы Мао Цзедуннің биіктігі 37 метрге жететін, сырты алтынмен көмкерілген алып ескерткіші салынып бітті. Оның ресми ашылуы жақын арада болады деп күтілуде.
Алып монумент статуяның 3 миллион юаньға жақындайтын (460 мың долларға жуық) барлық шығынын жергілікті бизнесмендер көтеріпті.
Маоның алтынмен апталған алып тұлғасы ҚХР-дың Хэнань провинцияның Тун уезіндегі ауыл шаруашылығы алқаптарының үстінен жоғарыдан қарап тұр. Бір таңғаларлығы, өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Хэнань провинциясы Мао жүргізген сая­саттың салдарынан болған аш­тықтың зардабын көбірек тарт­қан екен.
Қазір осы оқиғаға байланысты Қытай әлеуметтік же­лілеріндегі пікірлер екіге жары­лып тұр. Олар­дың бірқатары ескерткіштің қойылатын жерінің неге бұл маңайдың таңдалып алынғанына қатты таңданыс білдіреді. Олар бұған жұмсалған қаржының одан да гөрі маңызды нәрсеге жа­ратылғанын жөн санайды. Бұған қарсы екінші жақ Маоның егістік алқаптың қақ ортасын жарып салынған ескерткіші КХР-дің бірінші төрағасына көрсетілген айрықша құрмет екенін алға тартты. Олар мұның кешегі көсем келбетін мәңгі есте қалдырудың лайықты тәсілі екеніне еш күмән келтірмейді.
Қытайдың қазіргі лидері Си Цзиньпинь болса, Маоның кезінде біршама қателіктер жібергенімен, ұлы тарихи тұлға болып қала бе­ретінін айтады.

«Ақ жол-Ақпарат».

Comments are closed.