- Advertisement -

Баршамызға ортақ іс

76

- Advertisement -

Өз басым түрлі деңгейдегі бірнеше газет-журналды жаздыртып аламын, пошта келген күні солардың ішінен ең алдымен көзіме оттай басылатыны, алдымен оқып қарап шығатыным «Ақ жол» екенін жасырмаймын. Жанымдай жақсы көретін, етене басылымым ғой! Оның әрбір санын тағатсыздана күтемін. Жер-жаһанның, еліміздің жаңалықтары, өз облысымыздың тыныс-тіршілігі де сонда. Күн сайынғы жұмыс күнімді оны оқып танысудан бастаймын. Өйткені, ол бұрынғыдай емес, танымал газетке айналды. Ерекше безендіріліп, түрлі-түсті бояумен басылады, кейінгі уақытта түрі де, мазмұны да өзгерді, мақалаларының айтары мол, өте өзекті тақырыптар қозғалатынын атап айтуымыз керек.

Сөз түзелді, енді оқырманның газетке көптеп жазылуын түзей алсақ игі. Ал миллионнан астам тұрғыны бар облысымыз көлемінде «Ақ жолға» жазылым деңгейін қалай көтере аламыз? Меніңше, мұның бірнеше жолдары бар. Ең алдымен айтарым, қазақтар ұлт мүддесін, ел тағдыры мен болашағын жанашырлықпен жазатын қазақ тілді басылымға жазылғаны жөн. Екіншіден, газеттің өткен сандарының бірінде жазылғандай, облыс орталығындағы дүңгіршектерден «Ақ жолды» іздеп таппай, сабылып жүргендерді де жиі кездестіреміз. Бұл – дұрыс емес. Газет мұндай сату нүктелеріне жеткілікті көлемде жеткізілуі тиіс. Дүңгіршектер аздау болса, көбейтуіміз керек. Облысымызда «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының 205 бөлімшесі бар екен. Міне, солардың ықпалымен газет бөлшек саудаға көптеп шығарылса, бұл да «Ақ жол» таралымы айтарлықтай өсуіне септеспек. Үшіншіден, қазіргі таңда мыңдаған жұмысшысы бар өңіріміздегі ірі кәсіпорындарда, негізінен жергілікті ұлт өкілдері қызмет ететін оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінде болсын газетке жазылым деңгейі таңдайға су тамызғандай ғана деңгейден аспай отыр. Бұл мүмкіндікті де текке жіберіп алмауға тиіспіз. Аймақтағы қазақ тілінде шығатын бірегей басылым әр шаңырақта болса да, еш артығы жоқ.
Сондай-ақ, біздің ұйымымызда 111 мың зейнетке шыққан ардагер бар екен. Оның ішінде 40 мыңнан астамы Тараз қаласы бойынша тіркелген. Осыған қарап, бүгінде ардагерлер ұйымы әлеуетті күшке айналып отыр деп айтуымызға толық негіз бар. Осы тұрғыда «Ақ жолға» мекеме, ұйым, кәсіпорындар өздерінен зейнетке шыққан, ал ірі кәсіпорындар, қаржылы азаматтар облыста тұратын ардагерлердің бірқатарын тегін жаздыртуды қолға алып көмектессе, бұл абыз жасындағы басылымға, аға ұрпақ өкілдеріне деген құрмет, ілтипат болар еді. Мұның өзі қоғамымызда бұрыннан бар дәстүр ғой. Ел ағаларын, облыстың барша жұртшылығын сүйікті газетімізге жазылым деңгейін көтерудің, міне, осы үш жолын берік ұстанып, бұл іске ұйымшылдықпен ат салысуға шақырамын!
«Ақ жолымыздың» абыройын асқақтату сіз бен біздің қолымызда, ағайын!

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, 
облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support