- Advertisement -

Үлкен ел – үлкен отбасы

137

- Advertisement -

Форумға мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты

«Тәуеліз мемлекетіміз – тұл­па­рының тұяғы дұшпанның тізесін дірілдеткен бабалар батырлығы, қайсар мінездері мен қырандай қырағылығы, қамқорлығының жемісі. Сонау замандарда өзімізге 

қас болып, оқ боратқан дұшпанның да басынан сипап, оны бауырына басқан осы қазақ еді, қазақ халқы болатын. Олармен барын бөлісіп жеп, оларға үй-тұрағының төрін ұсынған да осы қазақ. Қазақтың осы кең пейіліне кімдер разы, хош болмады дерсің?! Ата-баба арманы – Мәңгілік Ел болса, сол арманның асқарына шығу – келер ұрпаққа нәсіп болсын!..».

IMG_9991 IMG_9925 IMG_9882Қорқыт баба бейнесіндегі кейіпкердің Ұлы Дала елі жайлы осындай терең толғанысынан басталып, болашаққа үміт арта айтылған аманаты, ұлттар татулығынан сыр шертетін қойылым, сахна төріне көтерілген сән-салтанаты келіскен, достық биін жарасымды билеген сан түрлі ұлттың өкілі «Үлкен ел – үлкен отбасы» облыстық форумы бастала салысымен шара көркін ашып, қатысушылардың бойындағы ел бірлігіне деген мақтаныш сезімін оятып, шаттық көңіл сыйлады. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын қорытындылауға арналған айтулы шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова,
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Кәрім Көкірекбаев арнайы қатысты.
Жиылған жұрттың жүрегіне жасампаздықтың дәнін сеуіп, елдіктің рухын сыйлаған қойылымнан кейін сахна төріне көтерілген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова облыс әкімі мен Жамбыл жұртшылығын аталған жылда атқарған абыройлы істеріне, атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік іс-шараны, Ассамблея жылына арналған шаралар жоспарын және басқа да айтулы күндерді ұйымдастырып, өткізуде қол жеткізген жетістіктеріне алғыс айтты.
«Тамыры терең, тарихы бай көне Тараз жерінде өздеріңізбен бүгінгідей бірлік пен келісімнің келелі іс-шарасында кездесіп отырғаныма аса қуаныштымын… Жамбыл өңірі – жасампаз істер мен жарасымды бірліктің өнегелі де берекелі мекендерінің бірі. Өңірде экономикалық-әлеуметтік игілікті шаралардың жүзеге асырылуы, ең алдымен, халықтың ынтымағы мен тату-тәтті тіршілігінің нәтижесі деп білемін… Айта кетерлік тағы бір жайт, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен «Ұлы Дала елі» тарихи-мәдени республикалық экспедициясы тарихымыздың алтын қазығы саналатын Тараз топырағында өтті. Жамбыл облысы – ерекше өңір, себебі, осында 87 этностың өкілдері тату өмір сүріп, сонымен қатар 73 этномәдени бірлестік, оның ішінде, облыс орталығында – 26, аудандарда 47 бірлестік жұмыс істейді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев белгілеп берген 5 институционалдық реформаның төртінші бағытында: «Бірегейлік пен бірлікті нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді. Ел бірлігін одан әрі бекемдеу мақсатында қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту, дамыту, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамалары әзірленді» деген болатын. Елбасының ел дамуындағы сындарлы саясатын одан әрі лайықты іске асыруда халықтың бірлігі мен ынтымағы елеулі рөл атқарады. Сондықтан, облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевқа және Ассамблеяның барлық мүшелеріне өңірдегі келісім мен бірлікті нығайтудағы еңбектеріңізге үлкен алғыс білдіргім келеді. Сондай-ақ, алда келе жатқан еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Алдағы 2016 жылы Жамбыл өңірі осындай жарасымды бірлігі мен жарқын тірлігінің арқасында Тәуелсіздіктің ширек ғасырға толатын 25 жылдық айтулы белесін бұдан да мол табыстармен қарсы алатынына кәміл сенеміз», – деді Гүлшара Наушақызы.
Келесі кезекте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында жамбылдықтар атқарған игі істерге тоқтала отырып, сөз сөйледі.
«Ассамблея жылы – этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің «қазақстандық үлгісінің» салтанат құрған жылы болды… Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың да арманы – Қазақстанды Мәңгілік Ел ету. Ұлт Лидері – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жариялаған Жолдауында «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» – деп атап өтуі осының айғағы. Елбасы елімізді жан-жақты жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап, осынау жауапты кезеңде «біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» қағидатын ұстана отырып, ел игілігіне тер төге еңбек етуге шақырды.
Ал қасиетті Әулиеата жері – қашанда достық пен ынтымақтың, өзара келісімнің ордасы болған жер. Мұнда татулығы жарасқан, бірлігі берекеге ұласқан 80-нен астам этнос өкілдері өңірдің қарқынды дамуы жолында аянбай еңбек етуде. Осының бәрі – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі деп білеміз. Біз мұны мақтанышпен айта аламыз. Қазіргі күні Жолдауда қойылған міндеттердің іске асырылуына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тікелей ат салысуда. Ассамблея мүшелері Елбасы Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттық автокеруен құрамында елді мекендерге барып, кездесулер өткізіп қайтты. Түсіндіру жұмыстарын бүгін ғана Тараз қаласынан облыс аудандарына жол тартқан ақпараттық-насихаттық пойызының мүшелері жалғастыруда…», – деген облыс басшысы Ассамблея жылына арналған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге ат салысқан этномәдени бірлестік жетекшілерінің аттарын атап, алғысын айтты. Одан кейін «ҚХА – 20 ізгі іс» эстафетасына белсене ат салысып, жомарттық танытқан, қайырымды іс жасаған облыс азаматтарына арнайы «Мейірімділігіңіз үшін» естелік белгісі ұсынылды. Аталған акция барысында облыста 120 мыңнан астам адамның қатысуымен 800-ден аса іс-шара ұйымдастырылған. Шара аясындағы әлеуметтік жобалардың жалпы құны 1,3 миллиард теңгеден асқан.
Ассамблея жылы жариялануымен республика көлемінде өткізілген түрлі бәйгелер мен жобаларға қатысып, топ жарған жерлестерімізді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов арнайы құттықтап, марапаттарын ұсынды. Шараға қатысушы қауымға қарата айтқан сөзінде Ералы Тоғжанов: «Бірлігі мықты елдің ғана тәуелсіздігі мығым болатыны айдан анық. Елбасының берген тапсырмаларына сай елдің атқарып отырған игі істері мемлекетіміздің бірлігін нығайтуға, тұрақтылығымыздың тұғырлы болуына бағытталып отыр», – дей келе, халқымызды бірлік пен берекеде, татулық пен ынтымақта күн кешуге шақырды.
Айта кету керек, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл екі мыңға жуық іс-шара өткізіп, онда 665 мыңнан астам азамат қамтылған.
Әнмен әрленіп, бимен көмкерілген форумнан кейін Мемлекеттік хатшы өңірдегі бірқатар жоғары оқу орындарына атбасын бұрды. Солардың бірі – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты. Аталған оқу ордасының ғылыми орталықтарының жұмысымен танысқан Гүлшара Әбдіқалықова алдымен «Жерұйық» этнографиялық орталығын аралады. Аталған орталық жұмысымен таныстырған институт ректоры Дария Қожамжарова:
– Елбасының кезекті «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының басты міндеті – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Бұл үшін тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни, «Мәңгілік Ел» идеясының жарияланғанын да білеміз. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. «Мәңгілік Ел» отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея – қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. Сондықтан, бұл орталық өскелең жас ұрпақтың төл тарихын терең білуіне өз септігін тигізеді, – деді.
Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, белгілі ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметұлы басқаратын «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында да болды. Ал Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтағы атқарылған істермен танысқан Гүлшара Наушақызы: «Ғасырлар бойы азаттық пен тәуелсіздікті армандап, көптеген қиындықтарды басынан өткеріп бүгінгі бейбіт күнге жеткен халқымыздың тарихын жаңаша көзқарас тұрғысынан таразылау заңды құбылыс. Бұрын белгісіз болып келген «ақтаңдақтарды» зерттеу үшін арнайы шығармашылық мақсатта ғалымдар мен ұстаздар шұғылдануы керек», – деді.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support