- Advertisement -

Баукең туған жерге белгі қойылса

90

- Advertisement -

Даңқты қолбасшы, қазақтың хас батыры, жерлесіміз Бауыржан Момышұлы өзі­нің жан-жақты, терең білімділігімен, қайсар­лығымен, әскери әдіс пен соғыс стратегия­сын жетік білетіндігімен екінші дүние­жүзілік соғыста өзін де, қазақ халқын да даңққа бөледі.

Баукеңді қазақ халқы көзі тірісінде-ақ «батырымыз» деп төбесіне көтерді, ерліктерін аңыз етіп таратты. Дүниеден өткеннен соң, есімі елді мекендерге, мектептерге, көшелерге, әскери оқу орындарына берілді, ескерткіштері тұрғызылып, мұражайы ашылды. Соғыста ұрыс жүргізудегі әскери тактикасы мен стратегиясы бірқатар шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында оқытылуда. Ендігі жерде… Баукеңнің туған жері – Мыңбұлақтың жас ұрпақ тағзым етер қасиетті орынға айналдырылуы ғана жетпей тұрған секілді. Еліміздің бірқатар өңірлерінде мұндай орындар бар. Мысалы, Жидебайдағы Абайдың, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мемориалдық кешендері, Сырымбеттегі «Айғаным ханым қонысы» тағы басқалары бұған толық айғақ бола алады. Қала, аудан орталықтарында мұражайлары болғанмен, кез-келген азамат, әсіресе, сырттан келген туристер тарихи тұлғаларымыздың өмір сүрген ортасын – туған жерін, тұрған үйін, сол өңірдің табиғатын тамашалап, аралап көріп, әруақтарына тәу еткісі келеді. Баукеңнің де кіндігі кесілген қасиетті мекеніндегі туған үйі – шағын қоржын там әулісімен, мал қорасымен бірге қайта қалпына келтіріліп, айналасы абаттандырылып, тұтас бір ансамбльдік мемориалдық кешенге айналдырылса құба-құп болар еді. Бұл аса көп шығынды да қажет етпейді. Әлбетте, кешенді салу барысында Баукеңнің өзінің «Ұшқан ұя» повесінде жазылған жайлар мен көнекөз, кәрі құлақ қариялардың айтқандары қатаң ескерілуге тиіс.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Жуалыға бір келгенінде саңлақ сазгер, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев Мыңбұлаққа арнайы барып, көк майсасына аунап: «Бауыржан көке, сен туған мекенді көрдім, ауасын жұттым, сен су ішкен бұлақтан су іштім, таудың көк майсасына аунадым, сен жалаңаяқ жүрген жерді бастым, арманым жоқ», – деп тебіренген екен. Нұрғиса ағамыздай аңыз-адамның өзі айрықша қадірлеген қасиетті мекенді кім-кім болсын, әсіресе, шетелдік туристер келіп көруге ынтықпайды ғой дейсіз бе?! Сондықтан, Мыңбұлақта батыр атына бір белгі қойылуы керек-ақ.

Қабыланбек МЕЙІРБЕКОВ.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support