- Advertisement -

Жасұланның қоласы

98

- Advertisement -

Жамбылдық Жасұлан Қыдырбаев ауыр атлетикадан
әлем чемпионатында үздік үштіктен көрінді

АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында 94 келіге дейінгі салмақ санатындағы жарыс аяқталды.

Тартысты өткен сайыста қазақстандық Алмас Өтешев екі жаттығудың нәтижесінде 402 келіні (172, 230) бағындырып – күміс, ал жамбылдық жампоз Жасұлан Қыдырбаев 399 (178, 221) келі көтеріп, қола медальді иеленді. Алмас бірінші мүмкіншілігінде 220, одан кейін 230 келіні еркін еңсерген еді. Алайда, үшінші мүмкіншілігінде 234 келіге тапсырыс беріп, оны көтере алмады.
Жасұлан болса, бірінші мүмкіндігінде 221 келіні еркін бағындырғанымен, екінші және үшінші кезегінде 231 келіні еңсермеді. Әлем чемпионы атағы қос сайыста 405 келіні көтерген беларусь Вадим Стрельцовқа бұйырды.
Айта кетейік, 2014 жылдың қараша айында Алматыда өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Жасұлан Қыдырбаев 408 (179+229) келіні бағындырып, чемпион атанған еді. Спорт үнемі сәттіліктен тұрмайтынын ескерсек, Жасұланның бұл қола медалі де оңай келген олжа емес. Әлем чемпионатының үштігінен көрінудің өзі үлкен жетістік! Демек, бұл да, жамбылдық толағайдың табысты жеңісі десек қателеспейміз. Жасұланның жетістігі күллі жамбылдықтардың да мерейі екені даусыз.
Сондай-ақ, бұл жарыста 69 келіге дейінгі салмақ санатындағы әйелдер арасындағы жарыс өз мәресіне жетті. Оған еліміздің атынан екі спортшы қатысқан болатын. Жазира Жаппарқұл жұлқа көтеру сайысында 116 келіні бағындырып, төртінші орынға табан тіресе, Майя Манеза небәрі 100 келіні ғана бағындыра алды. Ал екінші серпе көтеру сайысында Жазира – 140 келі, Майя 135 келі көтерді.
Қос сайыстың нәтижесінде 256 ұпай жинаған Жазира әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал 235 келіні бағындырған Майя үздік ондыққа ілікті. Әлем чемпионы атағы екі сайыста 263 келі көтерген қытайлық Сян Янмейге бұйырса, ресейлік Анастасия Романова қола медальді қанағат тұтты.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support