- Advertisement -

Абайтану ХХІ ғасыр көгінде

255

- Advertisement -

Қазақ елі ойшыл, хакім Абайдың әдеби мұрасын танып білуіне 125 жыл толып отыр (1889-2014). Ғасырдан астам мерзімді қамтиды екен. Осы аралықта абайтану тарихының үш кезеңін бастан өткізіппіз. Әуелі абайтану тарихының «Мұхтар Әуезовке дейінгі зерттелу тарихында (1889-1834)» Абайды танытудағы Алаш арыстары халықтық таным тұрғысынан мақала зерттеулері арқылы насихаттау әрекеттері дұрыс жолға түсіп еді. Бірақ кеңестік билік тұсында 1923 жылы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» деген аты шулы мақаладан басталған тұрпайы социологиялық, компаративистік, формалистік танымдағы идеялық саяси шабуылдар қараборандатып ұшығып тұрды. Бұлар, тіпті, ұлы ақын мұрасын терістеп, әдеби мұра ретінде мансұқтауға дейін барды. Мысалы, «Әдебиет майданы»  журналының 1934 жылғы тұтас бір саны түгелдей Абай туралы зерттеулерге арналды. Мақаласы жарияланған авторлардың басым көпшілігі Абай мұрасын тұрпайы социологиялық, компаративистік, формалистік тұрғыдан теріс танытып, Абайдың әдеби  мұрасы таптық, саяси әлеуметтік тегіне қарай бағаланып жатты.  Бұлардан бағыт-бағдары мен мән-мағынасы мүлде аулақ М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» мен профессор Қ. Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген зерттеу мақаласы абайтанудың сол тұстағы болашағына ғылыми жаңа бағыт-бағдарына тыңнан жол салған көсем ойлы танымдар болатын. Осы танымға Мұстафа Шоқайдың шәкірті Есен Тұрсынның (Таһир Шағатай) «Яш Түркістан» журналында 1934 жылы жарияланған «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» деген мақаласымен үн қатып жатуында мән бар еді.
1933-1934 жылдан 1961 жыл аралығында қанаты кең жайылған «Абайтану тарихының Мұхтар Әуезов кезеңі» дүниеге келді. М.Әуезовтің Абай мұрасы туралы іздену, зерттеу, ақын мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру жолында атқарған қызметінің қол жетпес екі шыңы болды. Бірінші шыңы, көркемсөз өнері арқылы, әсіресе, «Абай жолы» эпопеясын әлем халқы жарыса оқып, ХХ ғасырдың ұлы туындысы деп бағаланды. Екінші шыңы, абайтану жолындағы ғылыми-зерттеу еңбегі «Абай Құнанбаев» деп аталатын ғылыми монографиясында ақын туындысы терең  талданып жүйеленді. Осы кезде абайтану саласында тұңғыш рет кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектер басылым көріп жатты. М.Әуезов абайтануды биік деңгейге көтеріп кетті. Абайдың жүз жылдық мерейтойында ақын мұрасы жан-жақты зерттеліп, баспасөзде кең тұрғыдан насихатталды.
1949 жылы КПСС ОК космополитизм туралы қаулысы қабылданысымен әдебиет политцайлары тарапынан 1934 жылы   М.Әуезовтің ақын мұрасының рухани нәр алған үш саласы туралы танымының екінші саласы болып танылатын Абайдың шығысқа қарым-қатынасы жайлы «батысынан шығысы басым» деген танымы қатты сыналып, аяусыз терістеліп жатты. Бұл күрделі мәселе, әсіресе, философ ғалымдар тарапынан да терістеліп сынға алынды. Абай мұрасының шығысқа қатысы жайлы пікір білдірген ғалымдар сыналып, бір жағынан қуғындалып, әрі жазаланды.
1961 жылы атақты жазушы өмірден өткен соң, «абайтанудың М.Әуезовтен кейінгі дәуірі» басталып та кетті. Біршама  үзілістен соң жаңа буын, жас талапкерлердің ғылыми-зерттеу еңбектері басылым көре бастады. Осы жаңа буын, жас толқын жастар өкілі  ғылыми тұрғыдан ізденіп, жаңа таным, тың көзқарас тұрғысынан келіп, Абай  мұрасының шығыстық рухани  қазына көздеріне қарым-қатынасы жайлы күрделі мәселелер көтеріліп жатты. М.Әуезов танымын бастапқы табиғи қалпына келтіруге қызу атсалысып, оны ғылыми ойда қалыптастырды да (М.Мырзахметов. «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары». Алматы, 1982). Мұндағы бір ескерер жағдай космополитизм туралы қаулы қатаң бақылауда тұрған кезде, сол саяси қысымнан сескенбей-ақ «Абайдың шығысы М.Әуезов зерттеуінде» деген төрт тараудан тұратын еңбектің ең үлкен тарауы  1982 жылы  жарияланып кеткен еді. Тұңғыш рет бұл сала ғылыми тұрғыдан өз шешімін тауып, 1989 жылы докторлық диссертация қорғалғаннан кейін Абай мұрасының шығысына орай кандидаттық диссертациялар да қорғала бастады. Міне, 1949 жылы космополитизм туралы қатыгез қаулы Абайдың шығысына қатаң тыйым салған тақырыпты «өлермен» зерттеушілер айтарлықтай өнікті еңбек етіп, жарияланған ғылыми монографиялары абайтанудың шығысқа  қатысы жайлы соны беттерін айқара ашып, біршама биік деңгейге көтере  алды.
Бұл ғылыми зерттеулер Абай мұрасының рухани нәр алған мұсылмандық шығысқа шығармашылық қарым-қатынасы жайлы ғылыми зерттеу еңбектердің тырнақ алды бастамасы ғана деп білеміз. Тәуелсіздік замандағы қазақ жастарының араб, парсы, шағатай, түрік тілдері мен исламият тарихын жете меңгеруі арқылы Абай мұрасының мұсылмандық шығысқа қарым-қатынасы жайлы келелі де іргелі ғылыми зерттеу еңбектері мейлінше молығып, салаланып, сапалы ғылыми монографиялық зерттеулер  жаңа бағыт алғанда, ғажап құбылысты сонда көреміз. Бұл кезде Абайдың жантану ілімі мен  толық адам ілімі, пәлсапалық лирикасы басқаша сөйлеген де, бұл сала ой-санадағы әлемдік рухани құбылысқа айналып, түрік халықтарының болашақ моральдық кодексінің іргетасына рухани тірек болып қаланары талассыз шындыққа айналмақ.

*   *   *
Соңғы жылдарға дейін Абайдың әдеби мұрасын танып білу, оны насихаттау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерттеліп насихатталып келгенін ешкім де терістей алмас. Өйткені шындық осылай болып тұр. Абай дүниетанымын марксистік-материалистік, жауынгер атеистік таным тұрғысынан танытудың басында қазақ философтарының айғайшы болып тұрғаны да рас. Абай туралы көркем өнер жанрында жазылған шығармалардың бәрі де социалистік реализм талабы шеңберінен шығандап кете алмағаны, өйткені оған таптық дүниетанымы  осылай қалқан етіп қойылғаны белгілі ғой. Себебі КПСС ОК дүниетанымдық ұстанымы марксистік-материалистік, атеистік негізде саяси идеологиялық танымды толассыз насихаттаумен айналысты.  Әдебиет пен көркем өнер саласы да осы танымға бейімделді. Қалың оқырман, тыңдаушы атаулының бәрі де дүниетанымы жағынан материалистік, атеистік таным тұрғысынан қалыптасып жатты.
Қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абай дүниетанымын қазақ философтары материалист, атеист деген байламға келді, әрі, осы танымды бүгінге дейін ұстанып малдануда.
Абайды танып білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын яғни философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель тұрғысынан қарастырып келеді. Осы әрекет, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерекесінде Қазақстан философтарының ұжымдық еңбегі «Абай дүниетанымы мен философиясы» деп аталатын арнайы ғылыми зерттеулерінде өз көрінісін тапты. Бірақ философтардың бәрі де Абайдың жетінші  қара сөзіндегі «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген  сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» /Абай. 2 том, Алматы, 1995, 165 бет/, деген даналық сөзіне назар салмай келеді. Абай дүниетанымын танып білуде Абай айтқан бұл ой-пікірдің мән-мағынасы, болмысы, тіпті, бөлекше өркештеніп, дараланып тұр. Абай  бұл пікірін ХІХ ғасырдың соңында айтуымен де  ерекшеленіп тұр емес пе?
Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрінбеген сыры» деп біздің тылсым сырға толы рухани әлемімізді меңзеп отыр. Бұл іспеттес терең пікірді Ясауидің «Девони хикметінен де» ұшыратамыз:
Ілім екеу дүр: тән мен жанға басшы тұрар,
Жан ғалымы хазретіне жақын тұрар.
Тән ғалымы залымдарға  ұқсар ерміш (Ясауи «Девони хикмет, Түркістан, 1993, 74 бет») деп ой толғауында «дүниенің көрінбеген сыры» мен жан ғалымы айналысады деп кесіп айтатыны бар. Жан ғалымы көрінбейтін рухани әлем сырымен айналысса, тән ғалымы «дүниенің көрінген сырымен»  бір жақты айналысып, нәпсілік жолға ұрынып, дүниеқор, дүниеқоңыз болып қалатынына назар аударатынын ашық аңғартады.
Абай айтқан дүниенің көрінген сырын ашумен айналысатындар тән ғалымы (технократ ғалымдар) болса, дүниенің көрінбейтін сырын ашуға ұмтылғандар жан ғалымы болып шығады. Соның бірі хакім Абайдың өзі болғандықтан, Абай жан ғалымының ең көрнекті өкілі болып шығады емес пе? Өйткені Абай 1898 жылы жазылған 38-қара сөзінде жантану ілімі  туралы ой-танымдары біздің заманымыздағы квантты физиктерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын «дүниенің көрінбеген сырына» айрықша мән беруі арқылы жантану ілімімен айналысып, пәлсапалық лирикаларын жазуы ойшыл ақынның кемеңгерлік тұлғасын көрсетеді.
1501-1510 жылдар арасында Фирдоусидің «Шаһнама» дастанын қыпшақ тіліне толық аударған мамлюк қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди:
Хақты тану жолын іздегендер,
Бұл әлемде барша аң-таң қалғандар, –
деп, аса жоғары бағалап ой толғауы кездейсоқ болмаса керек-ті.
Абай  «дүниенің көрінген сыры» мен «дүниенің көрінбеген сырын»  бірлікте қатар алып, танып-білуді меңзейді. Абай айтқан бұл даналық ойлардың дүниені танып білуде мән-мағынасы аса терең пәлсапалық ой-танымдар «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» еуропалықтар ХVІ ғасырда-ақ танып білген. Бірақ олар дүниенің көрінген сырын ашып тануға, заттық игілікті  молайтуға, баюға шешуші мән беруі  себепті, материалистік, атеистік дүниетанымға біржолата бағыт алды. Испан ғалымы Рена Декарт болмыс пен  сананы бөліп қарауға ерекше мән бере қарағандықтан «Арнайы құрылғылармен өлшеуге болатын нәрселерді ғана зерттейік, ғылым деп осыны ғана айтайық. Ал сана деген көзге көрінбейді, прибормен өлшенбейді. Бар екенін білеміз. Бірақ көзге көрінбейтін нәрсені зерттеп қайтеміз», – деп, адамзаттың рухани әлемін танып білуден теріс айналды. Мұның нәтижесі бүгінгі еуропа халықтарының мінез-құлқы жағынан бұзылып, моральдық қасіретке алып келді, әрі олар ғылымды имансыздық жолға түсірді. Яғни, олар ғылым жетістігінен адамзатты қырып жоятын қару-жарақ жасауға жанталаса кірісті. Әлем халқын отарлап, кейбір  халықтарды  жойып, қалғандарын өз дініне зорлап кіргізіп, тілін қабылдатып, ұлттық дәстүрін жойып, жаппай мәңгүрттенуге алып келді. Ресей де осы теріс жолды ұстанып, өзі жаулаған 47 түрік халықтарын қасіретке ұрындырды. Енді келіп атом, сутегі бомбасын, биологиялық, химиялық, лазерлік қару-жарақ түрлерін жетілдіруде өзара бәсекеге түсіп жанталасуда…
Абай дүниенің көрінген және көрінбеген сырын үйлестіре танып білуді мақсат тұтты. Абайдан бастап түпиені танып білу жолында пәлсапалық лирика жанрында, жантану ілімін меңгеруге, яғни, дүниенің көрінбеген сырын ашып танып білуге ұмтылды. Абай бастаған бұл дәстүрді ойшыл ақынның шәкірттері Шәкәрім, Мағжан үдере дамытып тереңдете түсті. Осы арқылы қазақ поэзиясында пәлсапалық лириканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады.
Бірақ бұл танымды Кеңестік билік тұншықтырып тастады. Енді ХХІ ғасыр басында квантты физиктер танымынан кейін дүние бастауында САНА тұр деген мүлде жаңа танымға келдік. Бұрынғы материалистік, атеистік дүниетанымымыз түбірінен  қопарыла өзгерді. Бұл жаңа танымды кванттық физиктердің атасы неміс ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты Макс  Планктің «Ғаламды ЖОҒАРЫ САНА билейді. Күллі әлем Оның көзге ілікпес қуаты мен өзара байланысып тұр» деген шешуші байламға келді. Біздің «материа мәңгілік, ол өзгермейді» деген танымымыз жалған таным болып шықты. Материя – сананың туындысы деген жаңа танымға біржола бет бұрдық.
Біздер, ССРО-ға қараған түрік тілді халықтар, бүгінге дейін Дарвин ілімінен кейін дүние бастауында материя тұр деп марксистік-материалистік  дүниетанымға  шырмалдық. Ал енді квантты физиктер ашқан ғылымдағы мүлде жаңа танымнан кейін дүние бастауында Сана тұр деген мүлде жаңа дүниетанымға келдік. Бұл құбылыс әлем халқының ой-санасындағы шешуші төңкеріс болып, идеялық бағыт бағдарымыз біртіндеп өзгере бастады. Біздер, күдіктенгіш ғалымдар, бұл жаңа танымның тез өріс алмай, тым баяу қозғалысын шыдамсыздана әрі күдіктене қараудамыз?!
Осы сала оңалмай шабандап тұруы көпшілік көңілін алаңдатуда. Өйткені бұл саланы ұлттық рухының бары-жоғы белгісіз қойбастықтар басқаруда. Бұл жерге Жүргенов сияқты ұлттық рухы басым арыстан бастықтар қара көрсетпей тұрғаны өкінішті-ақ!
Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан ойлап  қарағанда, Абайдың  әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып білу жолында жүргізілетін бүгінгі ғылыми-зерттеу жұмыстарымыз қандай бағыт-бағдарда болатындығын айқындауға аса басым түрде мән беретін уақыт келді. Абайтану саласында 125 жылдық мерзімде жазылған өткендегі ғылыми-творчестволық зерттеулерге де осы жаңа дүниетаным тұрғысынан көз тастап, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге де сын көзімен қарап, бағалайтын  боламыз. Бұл дегеніміз орасан зор қиын жұмыс болса да, қолға алатын тікелей парызымызға айналып тұр.
Ал Абай әдеби мұрасы мен дүниетанымын осы жаңа дүниетаным тұрғысынан салыстырып ғылыми-зерттеу жұмысына Астана қаласынан бүкіл әлемдік ғылыми-зерттеу институтының деңгейінде тұра алатын Абайтану, Жамбылтану ғылыми-зерттеу институты өзінің болашақ зерттеу бағыт-бағдарын енді дүние бастауында САНА тұр деген жаңа дүниетаным тұрғысынан жүргізуді өзінің ғылыми жоспарына негіз етіп алуы – уақыт талабы. Жалпы адамзат баласының, әсіресе, еуропалық және бұрынғы ССРО аумағындағы халықтардың  дүниетанымы түбірлі өзгеріске түсіп,  бұрынғы ұстанып келген марксистік-материалистік, атеистік көзқарас терістелуде. Материалистік таным бойынша, материя мәңгілік, ол өзгеріске түспейтін әлем деп келсе, ол енді дүние бастауында Сана тұр деген жаңа танымға жол беріп, тарих  қойнауына кетуде.
Осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарағанда, қазақ әдебиетінің басты саласы абайтану да өзі жүріп келген ғасырдан астам даму жолында орын алған әрқилы дүниетанымдық құбылыстары да жаңа таным негізінде қайта қаралып, ғылыми қорытындылар жасалынбақ. Сондықтан абайтану саласында осы жаңа танымдық өзгерістерге тікелей байланысты соны міндеттер алға қойылып, ескірген ұғым танымдар өзгеріп жаңа таным соны көзқарастар үстемдік ете бастайтын заман келді. Бұл ұлы түбірлі өзгеріс мектеп пен арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарын тұтас қамтып, оларға арналған оқулық атаулының бәрі де қозғалысқа түсіп, осы жолда ұстанған  дүниетанымдар жаңа дүниетанымға жол беріп, тезірек жаңа таным ұстанатын дүниетаным негізінде жазып насихатталмақ.
Абайтану саласында ғылыми-зерттеу ісімен айналысатын Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы «Абайтану» бөлімі, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде ашылған «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы, әл-Фараби атындағы ұлттық университетіндегі «Абайтану» ғылыми зерттеу институты және М. Әуезов атындағы Оңтүстік  Қазақстан облыстық университетіндегі жаңадан ашылған Немат Келімбетов атындағы Гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтындағы «абайтану» тобы т.б. зерттеу орталықтары баршылық. Бірақ бұлар бір-бірімен байланысы жоқ, не істеп жатқаны беймағлұм, бытыраңқы күйде келе  жатыр.  Бытыраған сайын күш бөлінеді. Бағыт-бағдар беруге біреуі де ұмтылмайды…
Енді Астанадан ашылатын абайтану ғылыми-зерттеу институты осы кемшілікті бір ыңғайға келтірер. Өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған ортақ бағыт бағдары арқылы жүзеге асырар деген үкілі  үміттеміз. Бұл үкілі үміт жүзеге асуы үшін республикадағы абайтанушы ғалымдардың басын қосып, ғылыми-теориялық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт-бағдарымызды нақтылы түрде бекітіп алуымыз аса қажет болып тұр. Осы тұрғыдан келіп абайтанудың болашақта алға қойылар міндеттері туралы өз пікірімізді ортаға салудың  және басқалар тарапынан қосымша толықтырулар болар деген үміттеміз.

1. Абайтануды кеңестік билік кезінде коммунистік тоталитарлық идеологияның шеңберінде қысып ұстағаны жұртқа танымалы, әсіресе, ақынның әдеби мұрасын танып білуде әдебиеттің таптық, партиялық талабы шешуші орында тұрды. Абай мұрасы негізінен осы талап тұрғысынан   ойшыл ақын мұрасын орыс әдебиетімен байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының басым түсіп, зерттеу еңбектері осы тақырыптың айналасынан шыға алмай жүргені көп мәселенің сырын аңғартады. Яғни, Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздерінің бірінші саласы Абайдың қазақ әдебиетіне  қарым-қатынасына бірлі-жарымды зерттеу еңбектері жазылғаны болмаса, ірі, салалы, жүйелі зерттеу жұмыстары жүргізілмей келеді. Ал Абайдың шығысы мүлде зерттелмей атаусыз қалды. Бұл құбылыстың бәрі де Абай мұрасын кеңестік дүниетаным тұрғысынан насихатталып жатты. Оқырман  атаулының ой-санасы мен түсінігін осы таным ұялап жаулап алды, осы таным негізінде  қалыптасты. Әбден ойға ұялап, санаға сіңіп  қалған кеңестік танымнан оңайлықпен құтыла алмаймыз. Ендігі мақсат зерттеліп жазылған көптеген  ғылыми еңбектердің  идеялық ықпалынан оқырман санасын арылту үшін жаңа дүниетаным тұрғысынан ақын мұрасын жаңаша бағыттағы насихатпен күшейту уақыт талабына айналғанын білу қажеттілігі туындап отыр.

2. Абай дүниетанымы ендігі туындайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарында объективті шындық тұрғысынан ашылуы – басты шартқа айналмақ. Ойшыл ақын дүниенің  көрінбеген сырын танып білуге ұмтылу арқылы  жол салған жантану ілімі мен толық адам ілімінің құпиясын ашып, не себепті адамзаттың рухани әлеміндегі тылсым сырды танып білуге ұмтылу себебін біле алмаймыз. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түпиені танып білу. Абай ой танымындағы сөз болатын пәлсапалық ой-пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне  жинақталған. Соның бір тармағы жан мен тән туралы:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән –менікі,
«Мені» мен «менікінің»  мағынасы – екі.
Мен өлмекке тағдыр  жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, –
деп, өлең сөздің өрнегімен сыртқа шығарған ой-қазынасын бір шумаққа сыйдырған ақынның пәлсапалық ой-толғаныстарының сыры мен мән-мағынасы бүгінге дейін толық жан-жақты шешімін таппай келеді. Бұл бір шумақ өлеңнің мән-мағынасын қарапайым тыңдаушы мен оқырманның өзі де бірден түсініп кетуі өте қиын. Осы қиындықты жете ұғынған қытай қазағынан шыққан ірі ақын Ақыт Үлімжіұлы 1930 жылы Абай кітабымен тұңғыш рет танысқан соң, ойшыл ақын Абайдың мағынасы терең ой-пікірін тыңдаушысына жеңілдетіп беруге кіріскенде «Абай өлеңдерінің үзіндісін басына алып,  күрделі лебіздерін шештім. Бұл нұсқаға сонан «Ғақлиялық үндеулер» деп ат қойдым» деп ескертетіні бар. Мысал ретінде алар болсақ Абайдың «Ақыл мен жан мен өзім» деген өлең шумағын тыңдаушы ұғымына  лайықтап, жеңілдетіп:
Ойласаңдар жігіттер,
Тән өледі, жан өлмес.
Денеден шығып кеткен соң
Қайта айналып, ол келмес.
Мені менен менікі
Айрылғанын ел білмес.
Мен дегенің жан болар,
Менікі деген тән болар.
Жан кеткен соң байқаңыз
Тәнде қандай сән қалар.
(Ақат Үлімжіұлы. Шығармаларының толық жинағы. Кония), деп сол кездегі қытай қазақтарының ұғымына түсінікті етіп жеткізуге ұмтылған. Бұл әрекет қазірдің өзінде қалың оқырмандар ой-танымына жеңіл әрі жетімді түрде қабылданатынын көріп отырмыз.
Кеңестік танымдағы философтар Абайдың осы ой-пікірін негізінен идеалистік танымға жатқызып, теріс мағынада насихаттап келді. Абай осы өлеңінде «мен»  яғни жан өлмейді дей отырып, жанның өлмеу сырының екінші бір көлеңкелі жұмбақ сырын ашып кететіні бар. Ол «жан» деген адам баласы жан қуаты арқылы өзінің өмірден ізденіп танып білгенін ой сарабынан өткізе  отырып:
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына  сөз қалдырған, –
деп жанның екінші бір  бүркеулі тылсым сырын ашатыны бар. Адам өмірден көрген білгенін, сол арқылы танып ұғынған ой-пікірінің түйінін өлең сөз өнерімен сыртқа шығарған ой-қазынасы да мәңгі өлмейді деген байламға келеді. Біздер мұның тереңде жатқан жұмбағын әлі де сезіне алмай келеміз. Бұған Абайдың өз өмірінен түйген сырын, немесе екшеп тереңнен алған ой қазынасын өлең сөзбен сыртқа шығарып, келер ұрпақ санасынан орын алып отыр. Абай сөзі күнде ауызға алынып, мектеп, жоғары оқу орындарында күнделікті айтылып, өздерінше ой қорытып сөйленіп жатуы – «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ақын сөзінің жан сияқты өлмейтін мәңгілік құбылысқа айналуында жатады екен. Немесе Абайдың «Алла деген сөз жеңіл» өлеңін  философтардың біреуі де шындап білуге ұмтылған емес. Себебі олар бұл өлеңнің идеялық мазмұны дінге байланысты деп қарады. Өйткені діни ой-пікірді атеистер терістеп жоққа шығаратын. Осы өлеңдегі «Ақыл мен хауас барлығын, білмейдүр, жүрек сезедүр» деген өлең жолын академик С.Мұқанов алғаш рет өзінше талдап көрді. Бірақ «ақыл» сөзі мен «хауас» сөзін екі бөлек ұғым деп қарады. Себебі Абай өлеңдер жинағында осы тұрған қалпында басылып келеді. Сондықтан С. Мұқанов екі сөзді екі бөлек ұғым деп мәтінге сеніп қалып, мағынасынан адасты.
Аспирантурада оқып жүрген кезімде мен де Сәкеңе ілесіп біраз жыл жете түсіне алмай адасқаным бар. Келе-келе өлең мәтініне күдіктене  бастадым. Екі сөзге қарап /ақыл, хауас/ мағыналық жағынан талдағанда логикалық ұғым талабына үйлесе бермейді екен. Осыдан кейін бұрынғы өлең мәтінін өзгертіп:
Ақылмен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр,
деген қалыпқа салып қарадым, яғни екі сөз арасындағы «мен» деген жалғаулықты «ақыл» сөзіне қосып, «ақылмен» деп жазып едім, түп мағынасы кенеттен ашыла кетіп, қуанышқа бөленгенім бар. Сонымен бұл өлең жолының мағынасы түпиені /хауасты/ ақылмен тани алмайсың, оны жүрекпен сезесің болып шығады екен.
Абай қолданысындағы хауас сөзінің үш түрлі мағынасы бар: Біріншісі, хауас арапша түйсік, сезім. Екіншісі, сыртқы бес сезім мағынасында. Үшіншісі,  хауас сәлим, яғни ішкі, сыртқы он сезім мағынасында.  Түпиені ақылмен тани алмайсың, жүрекпен сезесің дегені сопылық танымның өзекті  пәлсапасына соғады екен. Өткен жылдары Астанадағы ақын, жазушы, ғалымдар арасында Абайдың өлең жолындағы «Махаббатсыз дүние дос» дегенді «Махабатсыз дүние бос» болуы керек деп пікір таласына түсіпті. Шынында, Абайдың «дүние дос» деп жазғаны дұрыс. Өйткені «дүниеге дос» адамнан махаббатқа деген қастерлі асқақ сезім шықпайды. Одан Мағжан айтатындай, «Қарын деген сөзді ғана жаттаған» дүниеқоңыз, нәпсі құлдары шығады.
3. Ең күрделі әрі келешекте жан-жақты терең зерттелетін зор мәселенің елеулісі қазақ әдебиетінің сопылық танымға қарым-қатысы туралы таным болмақ.
Бұл мәселені түбірінен қазып шешпей әдебиет тарихындағы пәлсапалық лириканың пайда болу, өзіндік даму жолын толық танып біле алмаймыз. Бұл аса күрделі әрі шетін мәселеге тұңғыш рет қалам тартқан академик Мұхтар Әуезов. М.Әуезовтің абайтану туралы ізденіс жылдарында қағазға түскен, бірақ баспасөз бетіне жарияланбаған үзік пікірлері мен терең ой-толғаныстарының 97 дерек-мағлұматтарын іздеп  тауып «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» деген кітапты жариялап та үлгердік. Осы кітапта Абайдың Ясауидің «Девони хикметіне» қарым-қатынасы көрініс берген. Мұның үстіне «Абай жолы» эпопеясында Құнанбайың «Девони хикметін» баласын оқытып, ойға батып толғанысын шебер суреттеп жеткізуі де жай көрініс болмаса керек-ті. Бірақ 1949 жылы КПСС ОК космополитизм туралы зәрін бойына жинаған сұр жыландай суық түсті қаулысы шығып, М.Әуезовті шығысшыл деп жерден жеті қоян тапқандай әдебиет полицайлары жабыла сынап, қуғынға түсірсе, Абайдың шығысы жайлы мақалалар жазған доцент, білгір, зерделі ғалым Ә. Қоңыратбаевті Қызылорда облысына қуалап жер аударып, қаңғыртып жібергенін көрдік те. Осы жағдайға саяси жағынан сақтанып, әдеби маневр жасап қуғындалған М. Әуезов «аузы күйген үріп ішеді» дегендей тартына сөйлеп  қамыққан күндерінің бірінде Ясауи мұрасы туралы қалдырған жазба пікірінде «…Абайдың Науаи, Низами, Физулилерге көзқарасын Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметі» тәрізді мистикалық суфистік әдебиетіне деген қатынасынан қапысыз, дәлме-дәл ажыратып алу қажет. Алдыңғы  аталғандар Абайдың зердесінің жоғары дәрежелі шеберлігімен, өмірге деген гуманистік көзқарасымен және өздерінің эстетикалық пікірімен баураса, Абайдың өз тұстастары – Шортанбай, Мұрат, Әубәкірден айырмашылығы суфизмге тән жер бетіндегі тіршілікті мистикалықпен жоққа шығаруды, оның ішінде қоғамдық өмірді місе тұтпай және оны қайта құру үшін күресті мансұқ етуін қабылдамайды» (Абайтану дәрістері, Алматы, 1994 31) деп саяси Орталық тудырған идеологиялық қысымға бейімделе сөйлеуге еріксіз барған замандар болған. Болмаса Науаи, Низами, Физулиердің суфизммен қоян-қолтық байланысын біле отырып, оның  тереңіне бойлай отырып, олардағы сопылық ой-танымдық Ясауидің «Хикметінде» баяндалған басты сопылық танымдардан бөлектей ажырата қарауды алға тартады. Бұл құбылыстарды тереңдей зерттеп танып білу міндетін алға қояды. Ал соңғы жылдардағы зерттеулер Ясауидің пенделіктің кәмалаттығы бағытын ұстанғанын, ал Абайдың инсанияттың кәмалаттығы жолын ұстанғанын анықтап беруі арқылы М. Әуезов талабының жүзеге асқанын аңғартады.

Мекемтас
Мырзахметұлы,
профессор.

(Жалғасы бар).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support