Тарихымызды танытып, елдігімізді асыратын той

Тарихымызды танытып, елдігімізді асыратын той
ашық дереккөз
Тарихымызды танытып, елдігімізді асыратын той

14Премьер-Министрдің орынбасары бердібек сапарбаев Қазақ хандығының 550 жылдық тойына дайындық шараларына оң баға берді

13Биыл – мемлекетіміз үшін маңызды жыл. Елдігімізді танытатын тағы бір тарихи кезең туды десек, артық айтқандық емес. Дәл осы жылы біз саяси таңдауымызды жасап, іргеміздің беріктігін көрсеттік. Тағылымы мол шараларды да бір кісідей жұмылып, ұйымшылдықпен өткіздік. Ендігісі төрткүл дүние көз тігіп отырған тарих тойы – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Бір сөзбен айтқанда, елдігіміз сынға түсетін кез. Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев облысымызға жұмыс сапарымен келді. Өңірдегі өркенді істермен әрі Қазақ хандығының 550 жылдық тойына дайындық шараларымен танысу мақсатымен келген Бердібек Машбекұлын әуежайдан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған лауазымды тұлғалар күтіп алды. Жұмыс «Әулиеата» әуежайынан басталды. Әуежайда бүгінде қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Той қарсаңында әуежай терминалы халықаралық стандарттарға сай жаңғыртылмақшы. Вице-премьер әуежайдағы жұмыс барысымен танысып, өз бағасын берді. «Бәрінен бұрын Таразда бір жақсы әуежай пайда болатыны қуантады», – деді Бердібек Машбекұлы. Премьер-Министрдің орынбасары келесі кезекте Тараздың батыс қақпасындағы құрылыс жұмыстармен танысты. Қалаға кіреберіс қақпаны жаңғыртуға Оңтүстік Қазақстан облысы қолғабыс етіп жатқаны белгілі. Көрші өңірдің көмегімен қолға алынған құрылыстың мердігері – «Строй Сервис-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоспар бойынша нысанның сәулеттік үлгісі толықтай өзгертілмек. Мердігерлердің айтуынша, тура қақпаның маңдайшасына қазақ елінің тарихи жолы бедерленіп, бейнеленеді екен. Нақтырақ айтсақ, Қарахан баба мен Айша бибінің кесенесінің, Керей мен Жәнібек хандарының, қазақтың үш биінің бейнелері көрініс таппақ. Айналасы абаттандырылып, 30 тамызға дейін жұмыс толықтай аяқталады деп күтілуде. 12Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент бой көтеретін Тәуке хан көшесінің бойындағы, «Тараз-Арена» спорт кешеніне қарама-қарсы жердегі құрылыс аумағында да жұмыс қызу жүріп жатыр. Бүгінде «Арт систем» ЖШС-мен ескерткішті дайындау туралы келісім-шарт жасалынып, негізгі жұмыстар аяқталып қойыпты. Енді монумент қойылатын аумақтағы өзге шаруалардың біткенін күту қалған. Аймақ басшысы Кәрім Нәсбекұлы «Тараз-Арена» спорт сарайы мен тарихи монумент қойылатын жерді бөліп жатқан жол ашылып, екі аралықты байланыстыратын тіке жол салынатынын айтты. Иә, көзделген жоспар іске асқанда, бұл жердің тараздықтардың ғана емес, Жамбыл жеріне келуші туристердің сейілдеп, демалатын тарихи-мәдени орынға айналарына сенім мол. Дегенмен, Бердібек Машбекұлы жұмыс қарқынын күшейту керектігін ескертті. Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында жаңғыртылатын нысандар тізбесіне Тәуке хан көшесіндегі көпір де қосылған болатын. Қазір онда Павлодар облысының көмегімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асфальт жол төселіп бітуге таяу, енді жаяу жүргіншілердің өтпежолын салу және өзге де жаңғырту жұмыстары қалыпты. Вице-премьер келесі кезекте Қытай елінен келетін 136 түйеге мінген керуеншілер орналасатын Тұңғыш Президент паркі мен парктің қарама-қарсы жағындағы «Астана» мөлтек ауданында салынып жатқан гүлзардың жұмысымен танысты. Бұл – Атырау облысының тартуы. «Жаңа Кемер Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гүлзардың дәл ортасына субұрқақ орнатып, оның екі жағына өлке тарихы бейнеленген қос қабырға тұрғызбақшы. Сол аймақтан әкелінген тастарға Атыраудан шыққан шешендер мен ақын-жыраулардың дана сөздерін жазып қалдыру да ойларында бар көрінеді. Осы арқылы жаңа ғасырда түрленген Тараз тарихында өз қолтаңбаларын қалдырмақ ниетте. 11Қазақ хандығының 550 жылдығы Тараз жұртшылығы үшін тарихи-жаңғыру тойы ретінде есте қалатыны анық. Себебі, тойдың қамымен қолға алынған істердің бәрінің тағылымдық мәні зор. Соның бірі – Қайрат Рысқұлбеков паркінің алдындағы «Даңқ» аллеясы. «Көне Тараз» қоғамдық қорының қолдауымен салынған аллея қазірдің өзінде тұрғындардың демалыс орнына айналып үлгерген. Онда шағын гүлзарлар пайда болып, субұрқақ салыныпты. Отыратын орындықтар да тегіс жаңартылған. Бердібек Машбекұлы бұған құптарға тұрарлық жұмыс деп баға берді. Премьер-Министр орынбасары облыстық қазақ драма театрының ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының ретімен де танысып, кезекті ұсыныс-тапсырмаларын берді. Одан кейін Қарахан баба кесенесі маңындағы гүлзардың абаттандыру жұмыстарын көрді. Қызылорда және Қостанай облыстарының көмегімен жүргізіліп жатқан жұмыстардың да сәулет-жобасы өзгеше. Мердігер – «Жасұлан-Флора» ЖШС-ның директоры Жұмакүл Омарованың айтуынша, алдағы уақытта бұл маң гүлмен көмкерілген демалыс алаңына айналмақ. Жұмыс та аяқталуға таяу. Ерекше үлгіде салынған субұрқақ көне Тараздың бейнесін көз алдыңа әкелгендей болады екен. Бұрынғы көк базардың алдындағы Жамбыл Жабаев ескерткіші аумағындағы жаңғырту-абаттандыру жұмыстары әлі қарқын ала қоймапты. Дегенмен, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері бұл жұмыс уақтылы аяқталады деп сендіріп отыр. Археологиялық жұмыстар жүргізіліп жатқан құрылыс алаңындағы жұмыстардың аяқ алысы да көңіл көншітпейді. Бердібек Сапарбаев тарихи музейдің, «Достық үйінің», «Тараз саздары» стелласының, «Мыңбұлақ» скверінің құрылысын екі айдың ішінде аяқтау туралы тапсырма берді. «Келген қонақтарға көрсететініміз осы тарихи-мәдени нысан болмақ. Сондықтан, жұмыс 24 сағат тоқтамауы тиіс. Қазір екі ауысымда жұмыс жүріп жатса, қажет болса тағы бір ауысымды шығару керек», – деді Премьер-Министрдің орынбасары. Екі негізгі нысанның құрылыс жұмысының бұлай кешеуілдеуінің себебі архитектуралық сәулетінің ерекшелігіне байланысты көрінеді. Құрылыс материалдарын, әсіресе, темір аркаларды дайындайтын өндіріс орындары табылмағандықтан, Ресейден тапсырыс арқылы алғызып жатыр екен. Ал Батыс Қазақстан облысы салып бермек болып отырған «Мыңбұлақ» скверінің құрылыс жұмыстары осы нысандарға байланысты тоқтап тұр екен. Бұдан кейін вице-премьер Жамбыл даңғылы бойындағы көпірдің жаңғырту және автобекет маңындағы шағын бақтың құрылыс жұмыстарының аяқ алысын барып көрді. Негізі көпірді жаңғыртуға Ақтөбе облысы көмектесуі керек еді. Жоспар жасалғанмен, мұнда жұмыс әлі басталмапты. Бірақ, ақтөбеліктер жолды жөндеп, көпірдің шеткі қоршауларын жаңалап сырлап, жаяу жүргіншілердің өтпежолын уақтылы салып береміз деп отыр. Ал автобекет маңындағы құрылыс жұмыстарын Шығыс Қазақстан облысы аяқтауға таяу қалыпты. Мердігер – «СП СинеМидасСтрой» ЖШС-ның құрылысшылары тамыз айының басында нысанды пайдалануға береміз деп отыр. Елдік тойға маңғыстаулықтардың да өз тартуы бар екен. Олар «Тараз» қонақ үйінің алдын абаттандырып, жаңа шағын бақ ашпақшы. Қазір құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталып та қалған. Енді сәулеті алыстан көз тартатын шағын демалыс орнының қасында қонақ үй қораш көрініп қалатын сыңайлы. Бердібек Машбекұлы қонақ үйдің иесіне қатты сын айтты. «Маңғыстаулықтардың арқасында сіздің бизнесіңіз жүретін болды. Енді осыған сай болу жағын ойлау керек. Ең болмаса, қонақ үйдің сыртқы қасбетін жаңғырту қажет шығар», – деді. Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Б.Момышұлы атындағы атшабардағы жаңғырту жұмыстарымен де танысты. *    *    * Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен ТарМУ-дың бас ғимаратында алқалы жиын өтті. Басқосу барысында еліміздің рухын асыратын мерейлі дата – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты сараланды. «Бұл елдіктің тойы, мемлекеттігіміздің айшықты бейнесін айқындап, беделін биіктететін айтулы шараны лайықты атап өту үшін бүгінгі экономикалық қиындықтарға қарамастан, барлық жағдай жасалып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған республикалық комиссия да жұмысын тоқтатқан емес. Комиссия бекіткен іс-шаралар жоспары жүзеге асуда. Ол жөнінде таяуда есеп берген кезімізде кеңінен мәлімдедік. Барлық жұмыстар негізінен лайықты орындалуда. Тараз шаһарына келгендегі мақсатымыз – салынып жатқан ғимараттар мен жөнделіп жатқан нысандар жұмысын бір саралап алу. Облыс әкімі мен өзге өңірлердің басшыларына жүктелген тапсырмалар межелі мерзімге дейін аяқталады ма, соны көзімізбен көріп, көңілімізге түйгенді жөн санадық. Жақында келген кезімде де бірқатар тапсырмалар міндеттеген болатынмын. Ең бастысы, біз қазақ екенімізді естен шығармай, намыс, болашақ деген ұғымдардың аясында тер төгіп, ұрпақ санасына Қазақ хандығының мәні мен маңызын сыналап сіңіруіміз қажет. Бүгінгі таңда әлемде, елімізде орын алып отырған экономикалық жағдайларға қарамастан айтулы мерекеге қазынадан қомақты қаражат қарастырылды. Оның ішінде екі миллиард тоғыз жүз миллионнан астам қаржы Тараз қаласына бөлініп отыр. Бұл жерде негізгі нысандар – мұражай, облыстық қазақ драма театры мен этноорталықтағы ауқымды жұмыстар екенін айта кеткен ләзім. Одан бөлек еліміздің әр қиырындағы облыстар мен қалалардың әкімдеріне өтінішпен шығып, елдік мерекенің тек қана Тараз бен Астанаға міндеттеліп отырмағанын түсіндірдік. Олар берген уәделерін іс жүзінде көрсетіп те жатыр. Кәсіпкерлерді де тарту керектігін естеріңізге саламын. Өйткені, бұл баршамыз үшін тарихи мәні бар мерейлі күн. Дегенмен, қазақ «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Сол себепті, облыс әкімінен бастап, облыстың, қаланың белсенді азаматтары жұдырықтай жұмылып қимылдауы тиіс. Бірлескен жерде бірлік те, берекелі тірлік те болады» деген Бердібек Машбекұлы әрмен қарай өңірімізде өтетін халықтық тойға қолдау көрсетуге келген облыстар мен қалалардың өкілдері қандай тірліктер тындырып жатқанын сұрады. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы: «Құрметті Бердібек Машбекұлы, елдік тойды бірлесіп атқару жолында бір қолдың саласындай жұмыс атқарып келеміз. Ел үшін, тарих үшін мерейлі датаны атап өтуге мұрындық болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Халықтық мерекеге үлес қосып жатқан барлық азаматтарға, облыс әкімдері мен орынбасарларына ризашылығым ұшан-теңіз. Қазіргі кезде бізде бір сәтке де жұмысты тоқтатуға болмайды. Уақыт тығыз. Белгіленген кесте бойынша міндеттелген тапсырмалар жүзеге асуда. Алдымен Солтүстік Қазақстан облысының атқарып жатқан жұмысынан бастайын. Аталмыш өңір автобекет аумағында шағын бақ орнату жұмысын жүйелі жүргізуде. Нысанның құны елу миллион теңгені құрайды. Жауапты азаматтар он бесінші тамызға дейін тапсырманы тыңғылықты орындайтындарын жеткізді. Қызылорда, Қостанай облыстары Қарахан кесенесі маңында гүлзар орнату жұмыстарын қолға алуда. Жоба құны – жүз елу миллион теңге. Қазіргі кезде тиісті жұмыстың сексен пайызға жуығы тәмамдалды. Оны бірінші тамызда аяқтау жоспарланып отыр. Атырау облысының азаматтары Тұңғыш Президент саябағы маңынан шағын бақ орнату жұмысын жандандыруда. Тапсырманы тиянақты орындау мерзімі он бесінші тамыз болса, бүгінгі таңда жетпіс бес пайыз жұмыс жүйелі жүргізілді. Маңғыстау облысы «Тараз» қонақ үйі алдында шағын бақ салуда.  Мұнда бүгінгі күні жетпіс пайыз жұмыстар атқарылды. Батыс Қазақстан облысының өкілдері «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында «Мыңбұлақ» шағын бағын орнатуды өздеріне міндет етіп алған. Бұл жерде аталмыш өңірдің басшылығына алғысымды айта кеткім келеді. Бірінші болып сол кісілер белсенділік танытты. Біз мұндағы инженерлік-құрылымдық жұмыстарды реттеу үшін шамалы тоқтап қалдық. Бүгіннен бастап жұмыс қарқын алып отыр. Алла қаласа, қыркүйек айының алғашқы жартысына дейін жұмыс толық атқарылады деп сенім білдіремін. Алматы облысы Жамбыл Жабаев ескерткіші маңын абаттандыру жұмыстарын атқаруда. Жұмысты толығымен отызыншы тамызда аяқтау көзделуде. Ақтөбе облысы Жамбыл даңғылы бойындағы көпір өткелін безендіру жұмыстарын бастады. Мен Ақтөбе облысының басшылығымен сөйлестім. Шамамен бірінші қыркүйекке аяқталуы тиіс. Павлодар облысы Тәуке хан көшесіндегі көпір өткелін абаттандыру бойынша жұмыстарды тамыздың соңында аяқтамақ. Алматы қаласы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын абаттандыру жұмыстарын және кіреберісте арка орнату жұмыстарын атқармақ. Ал Шығыс Қазақстан облысы эскиздік материалдарға байланысты әлі жұмысын бастаған жоқ. Алайда, мердігерлермен сөйлестім. Олар келіп, Абайдың ескерткішін қоюды жоспарлап отыр. Ал жалпы облыста атқарылған жұмыстар жеткілікті. Жеті жүз бес миллион теңгеге лайықты тірліктерді тындырамыз. Бүгінде он ауданнан бөлек кәсіпкерлеріміз, шаруа қожалықтары, басқарма басшылары бәрі бірлесіп, қырық көшеге абаттандыру, бүкіл үйлердің қасбеттерін ретке келтіру, көгалдандыру, жолды жөндеу, арық-атыздарды тазалау секілді жұмыстарды атқарып жатыр. Өзге де жұмыстар орынбасарларым мен басқарма басшыларының бақылауымен уақытпен санаспай атқарылуда» деп өз ойын түйіндеген облыс әкімі Бердібек Машбекұлынан «Көне Тараз» кешеніндегі атқарылып жатқан жұмыстың талапқа сай жүргізілуіне ықпал етуін сұрады. Сонымен қатар, отыз төрт метрлік ел символы «Бәйтеректің» бой көтеретіні де әңгімеге арқау болды. Мереке аясындағы шаралар Тараз қаласында сегізінші қазаннан басталады. Қонақтарды күтіп алу мәселесі де бір ретке келтірілуде. Сегіз жерде сахна қойылатыны да хандықтың тойы керемет жағдайда өтетінін байқатса керек. Ал екінші күні Елбасының өзі Таразға келіп, тойды арнайы тамашалайды. «Еуразия барысы», ақындар айтысы, мүшәйра, арнайы дайындалған қойылымдар мерейтойдың мәнін аша түспек. Басқосу барысында вице-премьер Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуре Аманжоловаға және өзге жауапты тұлғаларға жұмысты ширату қажеттігін айтып өтсе, Шығыс Қазақстан облысы үшін Абайдың ескерткішін орнату мәселеге айналмауы керектігін сөз етті. Сонымен қатар, Қытайдың Сиань провинциясынан шыққан керуенді күтіп алу, облыстардан келетін азаматтарды орналастыру, демеушілерге берілетін медальдарға тізімді жедел жасау, шетелдерден арнайы ат басын бұратын азаматтарды Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп нақтылау қажеттігін Бердібек Машбекұлы өз сөзінде нықтап өтті. Хандықтың тойы халықтың тойы екенін тіліне тиек еткен Бердібек Сапарбаев бұл ретте барлық ұлт өкілдері, белсенді азаматтар бір кісідей жұмыс жасауы қажеттігіне де тоқталды. Елбасы қай жерлерді аралап көретінін осы бастан реттеу керектігін де назардан тыс қалдырған жоқ. Соңынан Бердібек Сапарбаев бастаған топ Жуалы ауданы, Б. Момышұлы ауылына кіреберістегі Жастар аллеясына атбасын бұрып, аудан өнерпаздары дайындаған Қазақ хандығына қатысты көріністі көрді. Одан бөлек Нұрлыкент ауылындағы «BurnoeSolar» күннен электр өндіру стансасында болып, ондағы жұмыспен танысты. Соңыра аудан орталығындағы жаңа спорт кешенін аралап, ондағы жағдайды барлады. Бауыржан Момышұлы атындағы музейге арнайы келіп, батырдың ескерткіш-бюстіне вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев гүл шоқтарын қойып, әлеуметтік сала қызметкерлерімен пікірлесті. Арнайы іссапармен келген Бердібек Машбекұлы мен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа ауданның ардақты қариясы Аманжол Дүрәлі ақ батасын берді. Облысқа іссапары барысында вице-премьер Бердібек Сапарбаев тындырылған тірліктерге көңілі толатынын айтты.

Ардақ Үсейінова, Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар