ТЕНОР

ТЕНОР
ашық дереккөз
ТЕНОР

Жайылмада туып Италиядағы дүниежүзіне белгілі Ла Скала опера театры арқылы қазақ үнін жаһанға танытқан жампоз

Амангелді Сембин

17«Ақ жол» газетінің №66 нөміріне (2 маусым 2015 жыл) Көсемәлі Сәттібайұлының «Тенор» деген мақаласы шықты. Мен сол мақаладағы кейіпкермен осыдан 37 жыл бұрын кездескенім ойыма оралғаннан кейін қолыма қалам алып, есімде қалғандар туралы қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. 1978 жылы қараша айының жиырмасына таман мені күзгі семестрге Алматыға шақырды. Ол кезде мен Алматы технология институтында сырттай оқитынмын. Алматы қаласындағы «Қазақстан» (қазір «Жетісу») қонақ үйіне орналастым. Менімен бір бөлмеде жататын азамат Шымкент қаласынан. Ол да институтта сырттай оқиды екен. Біз орналасқан бөлмеге Шымкенттен келген азаматтың Алматы қаласында тұратын жолдастары келіп-кетіп жүрді. Олардың біреуі ақын, аты Бақытжан, екіншісі, ұмытпасам, Тұрар. Танысқаннан кейін мен Жамбыл облысы, Шу ауданынан келгенімді айттым. Содан бір күні Бақытжан: «Сіз жамбылдық екенсіз, ендеше сізге сол облыстың тумасы, аты елге кең таныла бастаған Амангелді Сембин деген әнші жігітті таныстырайық» деді. Мен оларға «жарайды» және «сіздерді де қонаққа шақырамын, кездесетін күнді айтсаңыздар болды» дедім. Сонымен, 1978 жылы 30 қараша күні «Ыссық» мейрамханасында сағат кешкі 7.30-да кездестік. Олар мейрамхана ішіне кіріп орналасқаннан кейін бір-бірімізбен танысып, даяшыға тапсырыс бердік. 16Амангелді Сембин өзінің Сарысу ауданы, «Жайылма» совхозында дүниеге келгенін айтты.  Сол ауылда оныншы класты бітірген. Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде оқуын бастап, одан Алматы қаласындағы консерваторияға түскен. Содан кейінгі білімін Мәскеу қаласында жалғастырған. Тәжірибе жинақтауды Италия еліндегі Милан қаласындағы аты әлемге әйгілі Ла Скала опера театрында өткізген. Әңгімелесіп отырмыз. Амангелді: «Мен өзімді Миландағы театр басшыларына таныстырғанымда «Ұлтым – қазақ, елім – Қазақстан Республикасы» десем түсінбеді. Ол елде Қазақстан туралы ештеңе білмейді екен. Олардың білетіні Совет Одағы екен» деді күрсініп. Әбекең әңгімесін жалғап «Мен өзімді жолы болған азамат санаймын. Себебі, Ла Скала театрында тәжірибе жинақтау есте қаларлық оқиға, мен опера театрында ән айтудың үлкен мектебінен өттім. Италиядан келгеннен кейін Абай атындағы опера және балет театрына орналастым. Одан кейін Талдықорған қаласында екі жылдай жұмыс атқардым, қазір қайтадан опера театрында әншімін» деген. Мен де сөзге араласып, оған осы уақытқа дейін Милан қаласын география сабағынан білетінімді, бірақ сен айтқан Ла Скала театры туралы көп білмеймін деп жатырмын. Сөйтіп, мен Әбекеңмен танысу арқылы опера мен драма театрдың айырмашылығын түсіндім. Алматыға оқуға келген сайын опера және драма театрларына баратын болдым. Маған опера театрында Рәшид Абдуллин, Ермек Серкебаев, ал драма театрынан Серке Қожамқұлов, Нұрмахан Жантөрин және Сәбира Майқанова ұнай бастады. Сөзімді тыңдап болғаннан кейін Амангелді: «Аға, сізге арнап «Абай» операсынан ән орындап берейін» деді. «Менің атымды атағаның ұят болмай ма» дегеніме қараған жоқ, музыканттар отырған жерге шықты да әнді шырқап қоя берді. Мейрамханада отырған жұрт әншіден тағы да ән орындауын сұрады. Оған жауап ретінде Әбекең және екі-үш ән салды. Амангелдінің жүзі алабұртып, жайнап кеткен және дауысы сондай тамаша еді. Содан әңгімемізді жалғастырып отыр едік, бізбен қатарлас үстелдегілердің ішінен алпысқа келіп қалған кісі орнынан тұрып Амангелдіден «Вы действительно артист Сембин?» деп сұрады. Оған «иә» деген Амангелді қалтасынан төлқұжатын алып көрсетті. Анау болса: «Вы извините, мы артисты из Украины приехали в город Алматы дать концерт, если можно Вас прошу наш коллектив» деп өтінді. Біздер Амангелдіге «бар, олар сұранып отыр ғой» дедік. Сонымен, украиналық өнер иелері Амангелдіге арнап «Шампан» ашып, барлығы орнынан тұрып қошемет көрсетті. Ертеңінде мен таңғы шайымды ішіп отырған кезімде бөлмеге рұқсат сұрап Амангелді кірді. Мен оған «Жақсы болды ғой тағы әңгімелесетін болдым» деп едім, «Аға, мен жалғыз емеспін, қасымда бір адам бар» деді. Мен «ол кісі де кірсін, танысайық» дедім. Бір уақытта бөлмеге бұрын атын естігенім болмаса жақын араласпаған атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев аға келіп кірді. Мен орнымнан тұрып ағаға сәлем бердім. Бір-екі кесе шай ішкеннен кейін Амангелді Нұрғиса ағаны таныстырды. Мен өзімді Шу ауданының азаматы екенімді, Алматыда институтта сырттай оқитынымды айттым. Нұрғиса аға менен қайда жұмыс істейтінімді сұрады. Мен «Сыра зауытында директордың орынбасарымын»  деп едім, Нұрғиса аға күліп, «Сен рахат жерде істейді екенсің» деді. Мен ол сөзге түсінбей қалып едім, аға күліп «Жаз айларында қалада сыра ішуге тұрған адамдарды көрсең, ал, сен болсаң сыраның ішінде еркін жүресің» деді тапқырлықпен. Мен Амангелдінің арқасында Нұрғиса Атабайұлымен екі рет дәмдес болдым. Екінші рет Нұрғиса ағаның алпыс жылдығында, яғни 1985 жылы. Бір дерек келтірейін. Ұлты әзірбайжан, бар өмірін Мәскеу қаласында өткізген Мүсілім Магомаев қайтыс болған соң бір жылдан кейін біздің елде марқұмды еске алу концерті ұйымдастырылды және оған жұбайы Галинаны шақырып құрмет көрсетті. Ән айтуда Амангелді мен Мүсілімнің айырмашылығы жоқ деуге болады. Сондықтан, дарабоз талант Амангелді Сембинді, артында өшпейтін үні қалған талантты еске алу жиынын өткізу әлі де кеш емес. Облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Сарысу ауданының әкімі Бейбітбек Жайлыбаев осы олқылықтың орнын толтырып, А.Сембиннің 70 жасқа толуы құрметіне арналған концерт ұйымдастыру жұмыстарын қолға алады деп сенеміз. Қазақ «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» дейді.

Амангелді Керімбаев, зейнеткер. Тараз қаласы. КЕЛІСТІ  ПІКІРДІҢ  КЕМІСТІГІ БОЛМАЙДЫ «Ақ жолға» арнап қалам тартуға себеп болған газеттің 2 маусымындағы «Тенор» деген мақала. Опера өнерінің жарқ етіп өте шыққан жұлдызы, жерлесіміз Амангелді жайлы мәселе облыстық газетте бірінші рет көтеріліп отырғандықтан бұл сарысулықтарға және бекзат болмыс иесін құрметтейтіндер үшін дүмпу болып, сеңді қозғалтқандай әсер етті. Мақала шыққаннан кейін сол кездегі аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің қабылдауында болғанымда осы мәселеден құлағдар етіп, болашақта ұйымдастыруға тиісті іске бағыт берген болдық. Мақалада Амангелдінің өнерін сағына еске алатын жанкүйерлерінің намысын қамшылай келіп автор: «Бірақ дана халқымыз «Орнында бар оңалар» демей ме, қазақ атын, қазақтың дауылпаз үнін жаһанға танытқан әншінің артында қалған ЕЛІ, ЖЕРІ бар емес пе?! Өнерін жалғастырған ұрпақтары – бүгінгі өнер иелері, мәдениет жанашырлары сондай бір келелі игі іс-шараны марқұм үшін өздері-ақ ұйымдастырып жіберсе, қанеки?! Өйткені, Амангелді Сембиннің жоқтаушысы мәдениет пен өнер жанашырлары, атақты әншінің ауылдасы және бауыры Қали Сәрсенбай ғана емес, тұтас халық болса, нұр үстіне нұр ғой! Қали қашанғы жалғыз өзі шырылдай береді?» – дейді. Әйтеуір бір айтылатын сөз еді. Ақыры айтылды. Бұл облыстағы, оның туған жері – Сарысу ауданындағы мәдениет пен өнер тағдырына жауапты жандарға жасалған байыпты құлаққағыс. Кейде мәдениет бөлімдері мен кітапханаларда ұсақ-түйектерге дейін болмағанды болғандай етіп дүрілдетіп жатамыз да, осындай тума талант тұлғаларға келгенде ұмытшақтығымыз жеңіп, тына қалатын жайымыз бар. Әлгі «әкімін көргенде қадірлеп, ақынын көргенде теріс қарайтын» мінезіміз соңымыздан қалар емес. Әбекеңе, ең болмағанда, тірлігінде тірек бола алмағандар, енді ол көз жұмғаннан кейін рухын неге жайландырмасқа? Амангелді Сембиннің көзі тірі кезінде де мүшел тойлары мандырымды аталып өтпеді. Қайтыс болғанда, басқасын былай қойғанда, туып-өскен ауданының газетінде көңіл айту да берілмей, ағайындарын қапаландырғанын білеміз. Өткен өтті. Кеткен кетті. Енді әншінің 70 жылдық мүшелі де атаусыз қалмағанын қалар едік. Бастамашылдар ұйымдастырып жатса, қайырлы істен ешкім шет қалмас деген ойдамыз. Өнер өрінде өшпес із қалдырып кеткен Амангелді Сембиннің өмірі мен өнер жолы жайлы мақалада түсінікті, толық қамтылған. Оған тоқталғанды жөн көрмесем де мына жайды айта кеткенді жөн санадым. Амангелді өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында Байқадам мен Жайылмада айлап жүрді. Кейде жерлесі әрі құрдасы Жеңіс Шыныбековке келіп, әңгімелесіп қайтатын. Бір күні редакция мен баспахана қызметкерлеріне бас болып түнгі тәртіптік кезекшілікке шықтық. Жеңіс екеуміз келе жатсақ Б. деген учаскелік инспектор бір жігіттің қолын қайырып, бөлімшесіне қарай жаяу алып барады екен. Ентелеп қасына келдік те тұрып қалдық. – Ей, жігітім, бұл Италияда, Ла Скалада ән салып, елді аузына қаратқан жалғыз қазақ Амангелді ғой, босат. Қайта үйіне апарып салсайшы, – деп өтіндік сосын. Б. болса: «Бұл Италия емес, Байқадам», – деп, бәрімізді жерге қаратты. Коммунистік тәртіптен үріккен бізде де қайрат қылар дәрмен жоқ еді. «Ханға бермес қолымды кісен қиып барады» деп Жұмекен Нәжімеденов жырлағандай, Амангелдінің сондағы бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда. Сол жылы бір тойда «Ақбақайды» айтып тұрып, әнін аяқтай алмай, көзі жасаурап тойдан шығып кеткенін де естіген едік. Ең соңғы рет көргенім, қайтыс болар алдында кейінгі жарымен елге келді. Шығанақ ауылында Мұндыз Шегебаев деген ініміздің үйінде дәмдес болдық. Жас жары Амангелдінің асты-үстіне түсіп, үлпілдетіп отырды. Ертіп келген сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, сазгер ініміз Тоғай Түнғатов марқұм болатын. Концертке адам көп жиналды. Шығанақтықтар әншіге шапан жауып, ат мінгізді. Алматыға оралысымен көп ұзамай көз жұмды қайран Амангелді. Әуеннің әлпесін аштырған, кіндік қаны тамған Сарысуын әнімен соңғы рет аялап, мүмкін туған жерімен қоштасып кеткен болар жаны асыл азамат. Не болса да бәрі ішінде кетті. Содан бері өңірде үнсіздік. Тура Амангелді Сембин деген жан Сарысуда болмағандай. Жуырда ғана «Мәдениет және Білім» арнасынан жарты сағаттық арнайы бағдарлама берілді. Сонда ашына сөйлеп, тебірене зерделеген «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай ініміз бастаған жоқшылардың жомарт көңілінің куәсі болдық. Міне, айтары алымды «Ақ жол» газеті де үн қатты. Жақында Алматыдағы ғалым ағамыз Аманбай Ахметов хабарласып, Амангелдінің бір әнінің жазбасы табылғанын сүйіншіледі. «Ештен кеш жақсы!». Барын бағалап, жоғын іздейтін халге жеттік емес пе?! Үмітті үзбелік! Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар