- Advertisement -

Батырбек датқа

265

- Advertisement -

Тарихи деректерге жүгінсек, Батырбек датқа – ХІХ ғасырдың алмағайып тұсында, қазақ еліне, халқына ерекше еңбегі сіңген, бірегей тарихи тұлға екеніне көз жеткіземіз. Батырбек датқа – тектінің тұяғы. Ұлы аталары Есті, Қарабатыр, Шінет батыр, би болған кісілер. Қарабатыр – Төле бидің туған күйеу баласы, Шінет атасы – Тәшкенді билеген би, өз әкесі – сиқым руының ұранына айналған атақты қолбасшы Рысбек батыр. Батырбек датқаның  оңтүстік аймақта билікте болған кезінде өзінің қоластындағы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып, олардың салт-дәстүрі мен ділі, дінінің қаймағын бұзбай сақтап қалуы жолындағы еңбегі де ерекше. Ол – бейберекет көшіп-қонып күнелтетін оңтүстік өңірі халқын отырықшылыққа бейімдеп, тұрмыстарын түзеуіне түбегейлі өзгеріс енгізген тұңғыш реформатор. Ең алдымен, өзбек құрылысшыларын алдыртып, тамдар салдыртып, жергілікті халықты ауыл-ауыл етіп орнықтырды. Екінші кезекте жергілікті халықты ұйымдастырып, каналдар қаздыртып, тоғандар салдырту арқылы суландыру жүйесін енгізіп, өңірде егіншілікті дамытты. Жергілікті халық азық-түлігін өздері егіп, баптап, күзде жинап алып, аштық азабынан құтылды. Батырбек датқаның қаздыртқан суландыру жүйелері – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданының Қарабұлақ, Қайнарбұлақ, Түлкібас ауданының Бадам, біздің облыстың Жуалы ауданының Күреңбел, Қоңыртөбе, Талас ауданының Көктал, Қызыләуіт ауылдарындағы тоғандар әлі де ел игілігіне пайдаланылуда.
Батырбек датқа өзінің әділдігімен, адалдығымен, халықты ру-руға бөліп жармайтын кемеңгерлігімен ел жадында жатталып қалды. Оның тағы бір тарихи маңызы зор еңбегі – жергілікті халықты дінсізденуден, салт-дәстүрін, дінін, тілін сақтап қалғаны. Орыс отаршылдарының Оңтүстік өңірге келетінін ерте сезген кемеңгер алдын ала қамданып Тәшкен, Самарқан қалаларынан құрылысшылар, мешітке қажетті құрылыс заттарын (кірпіш, т.б.) алдыртып, өңірдің бірнеше елді мекендерінде сәулетті мешіт-медреселер Сайрам ауданы Қайнарбұлақ, Қарабұлақ елді мекендерінде, Жуалы ауданы Датқасаз (өзінің мекен-жайы), Қошқарата ауылында, Талас ауданы Көктал, Қызыләуіт ауылдарында салдыртады. Мешіт-медреселерде жиналған халыққа, жастарға, діни сауаты жоғары имамдар уағыздар айтып, білім беріп, діни сауаттарын көтерді. Осындай жедел қолға алынған игілікті істердің нәтижесінде, патшалық Ресейдің миссионерлерінің жолына тосқауыл қойды. Солтүстік өңірде мұндай игілікті істер дер кезінде атқарылмағандықтан, миссионерлер жергілікті халықты салт-дәстүрінен, дінінен, тілінен ажырату үшін қаншама зорлық-зомбылықтар жасағанын тарихтан білеміз, соның салқынын әлі күнге шейін сезінудеміз.
Батырбек датқаның тарихи еңбегін, Оңтүстік өңір халқы ұмытпай, әлі күнге дейін аңыз етіп айтуда. Тарихи тұлғаның халқына сіңірген өлшеусіз еңбегіне әділ бағаны халқы мен тарих беріп қойған. Бай-манаптардың сый-сияпатына сатылмаған, халқының мұң-мұқтажын жырлап өткен атақты Шөже ақын да өзінің бір өлеңінде «Өңкей бек, серілердің сұңқарысың, ұлы жүздің ішінде қыранысың, сиқымның болған қаласы, дулаттың болған панасы» деп оның еңбегіне әділ бағасын берген.
Жуалы жұрты, зиялы қауым өкілдері, әсіресе, ұрпақтары көп жылдан бері Батырбек датқаның осынау тарихи еңбегі лайықты бағалануы қажеттігін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне құлаққағыс етумен келеді. Белгілі ғалым абайтанушы, академик Мекемтас Мырзахметов бастаған зиялы қауым өкілдері атынан республикалық, облыстық газеттерде  тарихи тұлға туралы әлденеше мәрте тарихи-танымдық мақалалар жарияланды. 2012 жылы Жуалы ауданына әкім болып келген Батырбек Құлекеев халықтың, зиялы қауым өкілдерінің осы тұрғыдағы өтініштеріне сергек қарап, өзі бас болып, халықты ұйымдастырып, тарихи тұлғаның 1928 жылы коммунистер қиратқан «Датқа саздағы» күмбезді кесенесін қайта тұрғызып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі бойындағы биік төбе басына зәулім де, сәулетті ескерткіші орнатылды. Ел елдігін жасады, олардың баба еңбегіне деген ілтипат-құрметтері осы тұста анық байқалды, кесене де, ескерткіш те жуалылықтардың жеке қаражаттары есебінен тұрғызылды. Көп өтпей кесене мен ескерткіш салтанатты жағдайда ашылып, еліміздің барлық өңірлерінен дерлік келген датқа ұрпақтары, Астана, Алматы, Шымкенттен келген ғалымдар, жазушылар, тарихшылар қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осынау іс-шара өткелі бері де араға екі жыл болды. Алайда, елі-жұртының, зиялы қауым өкілдерінің Батырбек датқаның есімін мәңгі есте қалдыру тұрғысындағы өтініш-тілектері әлі де ескерусіз күйде қалып тұр. Неге?
Бұған басты себеп, Байзақ датқаның қайғылы қазаға ұшырауына Батырбек датқаның тікелей қатысы болды деген уәж. Батырбек датқаның тағы бір «кінәсі» – Қоқан хандығына қызмет жасағаны, беделді болғаны. Кезінде Черняевтың өзінің соғыс министріне жазған «құпия хаты» табылуынан кейін бұл кінәнің барлығы жалған өсек, жала екендігі анықталды емес пе?! Барлық датқаларды Шымкент бекінісі басшысымен келіссөзге жіберіп, олардың көздерін жою мақсаты болғанын, Черняев «құпия хатында» ашық жазған ғой. Сөйтіп, генерал Черняевтың Байзақ датқаны қоқандықтарға келіссөз жүргізуге (Шымкент бекінісіне) өзі жұмсап, қайғылы қазаға ұшыратқанын, оны датқаларға жапқаны әшкере болды, ал біздер 150 жыл бойы осы өсек-жалаға сеніп келдік. Ендігі жерде Батырбек датқаның Байзақ датқа өліміне қатысы болды деуге ешқандай да негіз жоқ. Оның үстіне Байзақ датқа – өзінің туған күйеу баласы, қарындасы Тәттібикеге үйленген, одан ұрпақтары да бар. Бұл өсек-жалаға кезінде жергілікті халық, аталарымыз сенген де жоқ қой! Олар мұның Черняевтың «жапқан жаласы, жаққан күйесі» екенін сол кездің өзінде-ақ ұрпақтарына айтудай-ақ айтып, түсіндіріп кеткен жоқ па еді? Бір анық жай, өңірден шыққан датқалар бір-бірімен ынтымақ-бірлікте, сыйластықта болып, қанша жерден  араздасса да сатқындыққа бармай, ел, халық мүддесіне келгенде, бірлесе іс-қимыл жасағандығы.
Бұл тұрғыда белгілі қаламгер, арғы-бергі тарихтан хабары мол, Ер Баукең,  Бауыржан Момышұлының өзі жазушы Мамытбек Қалдыбаевпен сұхбатында «Оңтүстік өңірде өткен ғасырда ел билігінде Батырбек датқа болған, данышпан, кемеңгер, стратег. Шіркін, қазіргі ел билігіндегі кісілер ел билеуде осы кемеңгерден үлгі алса, халыққа да, елге де пайдалы болар еді. Кейбір өсекшілер Байзақ датқаның өлімін Батырбек датқадан көреді, қоқандықтарға жұмсаған сол кісі деп. Оттапты! Байзақ датқа қайғылы қазаға ұшырағанда Батырбек датқа алдына 50 жылқы, 500 бас қой салып, нөкерлерімен «ой бауырымдап»  егіліп, бата жасаған қасиет иесі» деп айтып кеткен-ді.
Оңтүстік өңірді 1864 жылы патшалық Ресей жаулап алғаннан соң, кейін Кеңес одағының идеологиясы, датқалық лауазымда болған тұлғаларды, қоқан хандығына қызмет жасады деп кінәлап, халыққа, кейінгі ұрпаққа жағымсыз етіп көрсетуге тырысты. Оңтүстік өңірді жаулап алу кезінде қазақ халқын аяусыз қырғынға ұшыратқан, әсіресе Ұзынағаш, Меркі, Әулие-ата,  Шымкент бекіністерін алу кезінде қатыгездік танытқан Черняевты патшалық Ресей, кейін Кеңес одағының идеологиясы жергілікті халықты қоқандықтардан азат етуші генерал ретінде көрсетіп, насихаттаумен болды. Оңтүстік өңірге жасаған соғыс жорығын генерал соғыс министріне жазған «құпия хатында» ештеңе жасырмай ашық жазған. Өзінің «құпия хатында» былай деп жазады: («Егемен Қазақстан», 28 мамыр, 2010 жыл, 7 маусым, 2012 жыл) «Оңтүстік өңір халқы біз келерден бұрын қоқандықтардың қолында болған. Жергілікті халықты ірі беделді рубасылары басқарды. Қоқан ханы оларға датқа лауазымын берген, біздіңше генерал-губернатор дәрежесінде. Оңтүстік өңір төрт датқаның билігінде болған. Олар – Батырбек, Байзақ, Шоқай, Сапақ. Әулиеата бекінісін алған соң, төртеуін өзіме шақыртып сөйлестім. Бұл шақыруыма Батырбек келмеді. Екінші рет шақырғанымда қасына нөкерлерін ертіп келді. Төртеуінің арасында жергілікті халық арасында Батырбектің беделі өте жоғары, оны өзге датқалар да мойындайды. Батырбек датқа – мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт-дәстүріне өте берік. Біздерді жат дінділер дейді. Көп сөйлемейді, ұстамды, еш нәрсені сездірмейді, шебер саясаткер. Бізге бағынған пішін білдіреді, бірақ сенбеймін, алғашында біздің экспедицияға азықпен, көлікпен көмек беремін деп уәде еткенімен түрлі себептер айтып, кейін орындаған жоқ. Жазалайын десем, халық толқуларынан қорқамын. Басқа датқалар экспедицияға азық-түлік, көлік, сарбаздарын қосып, соғыс жорықтарын жалғастыруға көп көмектерін тигізді» деп жазады. Черняев «құпия хатында» Байзақ датқаны Шымкент бекінісіне әдейі жұмсағанын ол жақтан тірі қайтпайтынын, ол кісінің өлімін басқа датқаларға жауып, өз тыңшылары арқылы жергілікті халық арасына өсек таратқанын да ашық айтады.
Тарихшылар Шоқанның экспедиция құрамынан кетуін, Әулиеатадағы қырғынды көріп, генералға ренжіп кетті деп байлам жасайды. Бірақ орыс экспедициясына жол бастаушы болған Шоқан Ұзынағаш, Меркі т.б. жолындағы қазақ елді мекендерін атқылап, халықты қырғынға ұшыратқан генералдың қатыгездігіне талай куә болды ғой. Шоқанды райынан қайтарған, қатеге ұрынып жүргенін, халқыңды ойла деп кеңес берген – Батырбек датқа. Батырбек датқаның тарихи еңбегінің бірі, міне, орыс экспедициясын сауатты, білімді жол басшыдан айырып, халқын көп қырғыннан қорғап қалды және Шоқанды халқымен қайта қауыштырды.
Батырбек, Байзақ, Сапақ, Шоқай датқалардың тарихи еңбектері ел аузында. Осынау тарихи тұлғаларымыздың еңбектеріне тарихшыларымыз, ғалымдарымыз, жергілікті атқарушы билік өкілдері Ресейдің, басқа да шетелдердің тарихшыларының кезінде «арнайы тапсырыспен», арандату ниетімен жазылған еңбектеріне сүйене бермей, өздері жан-жақты зерттеп, Шөже секілді халықшыл ақындардың айтқан сөздерін, пікірлерін  басшылыққа ала отырып, әділ бағасын бергені дұрыс болады. Әйтпесе соңғы кездері тарихтан хабары аз, кейбір кісілер тарихи тұлғаларымыздың еңбектерін елемей, ескермей көбінесе кешегі кеңестік дәуірде аудан, колхоз, совхоз басқарған, мектеп директоры, құқық органдарында қызмет атқарған кісілердің еңбектерін мадақтап, есімдерін елді мекендерге, қала көшелеріне, мектептерге берілсе екен деп мақалалар жазып, баспасөздерде жариялауда. Осындай науқаншылдықтың кесірінен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, елді мекендерге, мектептерге есімдері жалпақ жұртқа беймәлім кісілердің есімдері беріліп кетті. Сол үрдіс әлі де сирек болса да орын алуда. Тарихи кісілердің есімдері тасада қалып қойды. Солардың бірегейі – Батырбек датқа. Жоғарыда аталғандай, Байзақ, Сапақ, Шоқай датқалардың еңбектері еленіп, есімдері аудан, елді мекен, мектеп, қала көшелеріне берілді. Батырбек датқаның тарихи еңбегі әлі де облыс, қала басшылығы тарапынан ескерусіз қалуда. Тарихи тұлғаларымызды бөліп жармайық. Мұның жайын болашақ ұрпақтарымызға не деп түсіндіреміз?
Батырбек датқаның тарихи еңбегіне лайықты бағасын беретін уақыт келді. Халықтың, зиялы қауым өкілдерінің өтініш-тілектері ескеріліп, тарихи тұлғаның есімі өзі туып-өскен Күреңбел елді мекеніне, аудан орталығындағы орта мектепке, Тараз қаласының бір көшесіне беріліп, сәулетті ескерткіші мен жаңғыртылған күмбезі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мемлекеттік қорғалым тізіміне енгізілсе, құба-құп болар еді. Жуалы ауданының орталығы Б. Момышұлы ауылындағы №1 гимназия орта мектебі құрылған уақыттан бері 80 жыл өтсе де, революционер, қызыл коммунист Серго Орджоникидзенің атында. Ресей мемлекеті болса, Ленин, Калинин т.б. көсемдерінің есімдерін баяғыда қала, елді мекен, мектептерінен алып тастады. Ал біз… Өзгеге келгенде кеңбіз де, өзімізге келгенде неге тарыламыз?  Облыс, қала, аудан басшылығы халықтың, зиялы қауым өкілдерінің өтініш-тілектерін ескереді, сөйтіп, тарихи тұлғаның ел бірлігі жолындағы еңбегі өзінің лайықты бағасын алады деп сенеміз.

Сейітхан ЖОШЫБАЕВ,
ҚР Ғылым Академиясының  корреспондент мүшесі, профессор, кардиохирург.

Қалдыбек БӨЛЕЕВ,
Тараз мемлекеттік педагогикалық  институтының профессоры,
педагогика ғылымдарының докторы,
ҚР Білім беру академиясының академигі.

Асқар АБДУАЛЫ,
Тараз мемлекеттік университетінің
бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support