Той қарсаңында тым-тырыс отыруға болмайды

Той қарсаңында  тым-тырыс отыруға болмайды
ашық дереккөз
Той қарсаңында тым-тырыс отыруға болмайды

Биылғы қой жылы қазақ халқы үшін тарихта той жылы болып қалатын шығар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол»-болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында «2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп, «Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын және Ұлы Жеңістің 70 жылдығын» ерекше атап өткен болатын. Бұл ретте тойдың төресі «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерекесі біздің өңірде, Тараз төрінде өтетіні екі есе қуаныш екені анық. Осы орайда ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу, тарихи тойдың маңыздылығын жер-жерге жеткізу, шалғайдағы ауылдардың тойға қосар ұсыныс-тілектерін тыңдау мақсатында облысымыздың тарих және мәдениет саласының қызметкерлерінен құралған керуен жолға шыққаны мәлім. Олар мерейлі Меркі жеріне ат басын бұрып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Құрамында мәдениеттанушы, тарихшы, айтыс ақындары, журналистер, жыршы-термешілер бар топ алдымен Меркі аудандық мұражайында болып, тереңнен сыр шертетін тарихымыздың куәгеріндей құнды жәдігерлерді тамашалады. Келесі кезекте жергілікті әкімшілік ғимаратында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Оны аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов сөз сөйлеп ашып, ойын ортаға салды. Келесі кезекте облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев, мәдениет саласының ардагері, драматург Әлібек Әмзеұлы, ғалым Сатыбалды Нарымбетовтер тарихи тойдың мәнін тереңнен қозғап, той қарсаңында Тараз қаласының тотыдай таранып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, қыркүйек айының ортасында Астана қаласынан бастау алатын Қазақ хандығының мерейтойы аясында қазан айының 8-9 күндері Тараз төрінде ақындар айтысы және өзге де мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланғанын жеткізді. Соңында Алтынкүл Қасымбекова бастаған ақындар сөз сайыстырып, жиналған көпшілікке жырдан азық сыйлады. Осылайша, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын насихаттаушы керуен мерейлі Меркі жерінен көтеріңкі көңіл күймен Қордай ауданына жол тартты. Мәңгілік Ел идеясы аясында «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты тарихи-мәдени жобамен құрылған облыстық керуен Қордай ауданындағы сапарын қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының есімімен байланысты қасиетті орыннан бастады. Атасы Абылай ханның бытыраңқы қазақтың басын қосу туралы арманын жүзеге асыру үшін сонау Көкшеде атқа қонып, он жылдан аса отарлаушылармен ашық майдандасқан есіл ер, бауырлас қырғыздардан қолдау іздеп Алатау бөктеріне келгенімен, сатқындықтың салдарынан осы жерде қаза тапқаны тарихтан мәлім. Қаракемер ауылдық округінің Шу өзені бойындағы Үлкен Майтөбе, Кіші Майтөбе аталатын төбелер мұнда 1847 жылдың көктемінде болған алапат шайқастан сыр бүгіп, мүлгіп жататын еді. «Кене ханның ту тіккен жері» аталатын Майтөбеден қозы өрім жерде Шу өзені ағып жатыр. Төбелердің үсті бұрыннан-ақ қолдан үйілген қорымдарға, балбал тастарға толы болса, осыдан он жылдай бұрын хан ұрпақтарының күшімен ескі қорымның ортасынан қызыл гранит тақталармен қапталған биіктігі бес метр еңселі ескерткіш орнатылып, төңірегінде таңбалы тас белгілер пайда болған еді. Айнала қоршалып, жақын маңнан шырақшы үйі бой көтерген. Экспедицияға қатысушыларды шырақшы Бейбіт Құрманбай қарсы алып, тарихтан әңгіме шертті. Ескерткіштер Кене ханның жаужүрек інісі Наурызбай батырдың бесінші буын ұрпағы Айсара Есенбекқызының бастауымен орнатылған болса, шырақшы азамат сол Айсараның ұлы екен. Ескерткіштер басында қазақ елінің азаттығы жолында құрбан болған барша батыр бабаларымыздың рухына құран бағышталып, экспедиция құрамындағы тарихшылар мен жергілікті тұрғындар осы маңайда болған қырғын соғыс туралы білетіндерін ортаға салды. Керуен бұдан соң күре жолдың бойындағы Өтеген батыр кесенесіне аялдады. Ол да халқымыздың терең қатпарлы тарихынан өзіндік орын алған ірі тұлғалардың бірі. Батыр 1773 жылы Іле бойында өмірден өткен. Кейіннен Қапшағай су қоймасы салынуына байланысты бейітіне су астында қалу қаупі туғанда, 1973 жылы ежелден Қордай жерін жайлаған ұрпақтары сүйегін осында әкеп қайта жерледі. Басына келісті кесене тұрғызды. Ел болып 1999 жылы батырдың 300 жылдығына ұлан-асыр той жасады. Аудан орталығында еңселі ескерткіші орнатылды, батырдың үрім-бұтағы тұрып жатқан бұл ауыл қазір Өтеген ауылы деп аталады. Киелі Қордай жері атақты Аңырақай шайқасы өткендігімен де белгілі. Кең- байтақ қазақ даласының нулы да, сулы бұл өңіріне көз алартушылармен болған үш жүз жылға жуық азаттық соғысында Аңырақай даласында қалмақтардың тұмсығы тасқа тиіп ойсырай жеңіліс табуы қазақ тарихының жаңа, жарқын беттерін бастап берді. Бұл сайын дала осыдан 286 жыл бұрын тәуелсіздікті аңсаған қазақ елінің егер осылай тастүйін біріксе, тұтастығын сақтап қала алатыны айқын дәлелденген Ұлы жеңісімен қасиетті. Сондықтан да Аңырақай шайқасы туралы аудандағы әр мұражайда, мектептер мен кітапханаларда деректер молынан қойылған. Сонымен қатар, Қордай асуында 2002 жылы пайда болған Қордай батырға арналған ескерткіштің, аудан орталығындағы Өтеген батырға, Ноғайбай биге, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, Ұлы Отан соғысында шейіт болғандарға қойылған ескерткіштердің де айтары мол. Қордай жеріндегі осындай маңызды тарихи орындар жайына қаныққаннан кейін экспедиция мүшелері халық ақыны, әнші-композитор, есімі қазақ-қырғызға кеңінен танымал Кенен Әзірбаевтың мұражайына келді. Ақынның бейітіне тәу етіп, мұражай жәдігерлерімен танысты. Ал осындағы мәжіліс залында «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» тақырыбында өткен дөңгелек үстел басындағы әңгіме ешкімді бейжай қалдырмады. Аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов дөңгелек үстелді ашып, сөзді экспедицияны бастап келген облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевқа берді. Ол облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылып отырған бүгінгі шараның маңызына тоқталды. Керуеннің өзге де мүшелері өз ойларын ортаға салды. Соңынан Кенен Әзірбаев мұражайының директоры Марат Оспанов, ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, аудандық өлкетану мұражайының қызметкері Дүкенбай Сегізбаев, ардагер Әбдібек Сейілханов, жергілікті мектепте қырық жылдан аса ұстаздық еткен тарихшы Ниетжан Нүпбаев баяндамашыларға сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын да айтты. Сол күні қордайлықтар аудандық Мәдениет үйінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан әкелінген тарихи құнды экспонаттардың көрмесімен танысты. Белгілі айтыскер ақындар Алтынкүл Қасымбекова, Айтмұхамбет Исақовтың және олардың жас ізбасарлары өзара аға-іні, нағашы-жиен, жеңге-қайын болып өлең сөзбен жалғасқан жарасымды әзіл айтыстарын тамашалады.

Нұрболат Әлдибеков, Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Меркі, Қордай аудандары.

Ұқсас жаңалықтар