- Advertisement -

Қаламгер мұраты

155

- Advertisement -

2Әдебиет – өмір айнасы, өйткені айна ешқашан өтірік көрсете алмайды. Сондықтан шығар әрбір қаламгер уақыт лебін, өмір демін, тірлік тынысын дөп басатын, ақиқатты дәлдікпен  суреттейтін шығарма жазуды мұрат етеді. Әсіресе бүгінгі күн тақырыбы  оңай шағылатын жаңғақ емес. Дегенмен, осынау тың тақырыпқа түрен салған тұңғыштардың ішінде  есімі елімізге  және  бірнеше  сырт мемлекеттерге де  танылған жазушы, драматург, публицист жерлесіміз Елен Әбдуатұлы Әлімжанның орны ерекше екені  оқырман жұртшылыққа аян.  Көпшілікке «Оралу», «Көріпкел», «Толық адам туралы», «Тақталас» тағы басқа  да кітаптарымен танылған жазушының әр шығармасы қаламгерлік өсу, толысу, орнығу сияқты баспалдақтардан өтіп, шеберлік шыңына өрлегенін көрсетеді. Мұны пердесіз пейілден айтылған уәжді пікір деп түсіну қажет. Оның көркемдік ізденістерінен өзіндік философиясы  да анық байқалады. Жіті зерделеген көзге жазушы шығармаларының алтын өзегі кісілік екені тайға таңба басқандай  айқын көрінеді.  Рақымшылық пен мейірімді,  адалдық пен пәктікті,  нәзіктік пен сұлулықты жүрек сүзгісінен өткізе отырып, намысыңды қайрап, адамгершілік парасатыңды  оятып, қат-қабат адам жанына үңілте біледі. Е.Әлімжанның «Білім» баспасынан шыққан «Көріпкел» атты кітабы бүгінгі қоғамның ой-шұқырын,  қия-қалтарысына  көз жібере отырып, күнде көріп, етене араласқан таныс замандастарын тарихи дәуір шындығымен суреттейді. Тоқырау, қайта құру кезеңдерінде  «кәрінің сирек тісіндей» селдіреп қалған ауылдың  ауыр тұрмысы,  бодандықтан құтылғанымен, жұмыстан босап,  сеңдей соғысқан азаматтардың  күйкі тіршілігі  автордың «Әкімнің добы» атты әңгімесінде кешегі  «Маркс» пен «Ленин» бөлімшелерінің  белді қызметкерлері  Ширекбек пен Жартыбектің  автобус аялдамасында  сыр шертіскен сұхбаттары  арқылы беріледі. Бұл жерден Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармашылығындағы сатиралық және юморлық дәстүр жалғасын тапқандай көрініс  байқадық. Өйткені, Ширекбек пен Жартыбектің  мысқылға,  қалжыңға құрылған сөздерін  езу тартпай оқу мүмкін емес. Олардың арам ниет, кертартпа  қылықтары психологиялық штрихтермен  тігісі жатық,   әдемі оймен  көмкерілген. Бірақ, күлкінің де күлкісі бар. Адам бойындағы  кедір-бұдыр кемшіліктерді  түзетуге арналған өткір күлкісі Е.Әлімжан  шығармаларында көп-ақ.  Мысалы, «Коммунизм маршында» күле кіріп, күңірене шығатын Жарас, Мәліктердің  болмашы беделі табиғи талант  алдында дәрменсіздікпен  мүсәпірленіп жатса, «Көріпкелде» зейнетке шыққан соң  шалғайдағы аудандық  оқу бөліміне  тексеруші болып келген  Айдарбеков Сейітжанның  бұрын  он бес жыл «заврайоно» қызметін атқарғанынан  бейхабар бөлім меңгерушісі Ысқаяқ, инспектор Жылыспай , мектеп директоры Асылбек  секілді  бейнелер  оқу ісінен гөрі  етегін қызыл құм көмкерген сұрғылт дала төсіндегі  көне қамал – төрткүл төбе мен  Бетпақдала жақтағы  халық композиторының бейітін,  Қаратау бойындағы алғашқы адамдар  тұрған үңгірге барып  уақытын текке өткізгеніне таңырқап, кемшіліктерімізді көрмей кетіп барады деп  мәз болса, әңгіменің шарықтау шегінде  өздерінің күлкі болғанын  біліп тілдерін тістеп, сандарын соғады.  Ал жазушының  «Тек» повесіндегі Құштарбектің  басынан  талай-талай  шырғалаң өткен.  Қызметтен шығарылғанда ол өзін босаған бөтелкедей сезінеді. «Бөтелке жарықтық іші тола күйінде құрметті қонақтармен бірге үстелдің ең кеуделі жерінен  орын алмай ма? Ал ішіндегі таусылғаннан кейін  оны елеусіз бір бұрышқа  итере салады», – дейді жазушы. Жұмыстан босап  үйіне жаяу қайтқан бірбеткей, өжет жігіт өткен өмірін көз алдынан  өткізеді.  Басшылар алдында  «оқтау жұтып алғандай» илікпейтін қайсар Мэлс үшін  «адал ниетпен туған ойыңды  ашып айта алмай, басқаның бұйрығына бас  шұлғи беруден артық  қорлық жоқ». Бақай есепті басшылардан  қаншама ызғар да, дауыл да көргенімен, жүйкесін жұқартып мүжіген  келеңсіз ойлары мен қызметтен түскенде сырт айналған тұрақсыз таныстарының шымшыма мазақтамалары да, тіпті жазықсыз «күйе» жаққан дұшпандары да  ақтығына сеніп жеңіске  жетуге ұмтылған өршіл жанның ұнжырғасын түсіре алмайды. Халқымыздың ұлттық ерекшелігін  бойына сіңіре білген автор  адалдықтың нәзік жолынан аспайды. Қайта ана сүтімен, әке күшімен сүйекке сіңген ұлт тектілігінің  қажыр-қайратын  аса сүйіспеншілікпен сендіре суреттеп,  жан сарайымызды жаңғыртып, рухани тазалыққа шақырады. Шындығында еліміздің көсегесін көгерту үшін  осындай жаны таза,  рухы мықты азаматтардың қайраткерлік қасиеттері жайлы Е.Әлімжанның  публицистикасында  айқын байқалып жүр. Мысалы, Елбасы туралы «Адамгершіліктің ақ жолы», Б.Момышұлына арналған «Жанартау», Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдығына «Қаламгер және оның ғасыры», сондай-ақ Ш.Мұртаза, М.Мырзахметұлы жайлы еңбектерінде  халқымыздың асыл перзенттерінің  тағылымды ізгілік істері  ұлттың рухын көтеріп, халық абыройын асқақтатқанын тебірене жазады.  Әсіресе, Е.Әлімжанның  Жамбыл облысының  75 жыл толуына орай шыққан «Атыңнан айналайын, Әулиеата» атты жинағында  жарияланған «Ежелгі түркілер көк Тәңірінен не тілеген?» атты мақаласындағы  Сандық жайлауы мен  Жайсаң жоталарынан көрген  көне түркі ғибадатханаларындағы  көптеген тас мүсіндердің  бір еркек, бір әйелден  жұптасып тұрғанынан керемет философиялық ой түйіндейді. «Осынау жұп Адам ата мен Хауа ана  ұрпақтарының бірлігін, жарастығын, үйлесімін, ырыстығын жоралап тұрған жоқ па?! Демек, мүсін орналасқан ғибадатханаға келген пенде  көк Тәңірінен ең алдымен отбасының амандығын тілейді. Ал отбасының амандығы – Отанның амандығы. Сондықтан,  бұл жұпта  ел-жұрт,  мемлекет амандығының  көрінісі бар», – дейді автор. Шудағы Жайсаң мен Меркідегі көне түрік   ғибадатханаларын терең зерттеген ғалым Айман Досымбаева да: «Аспан мен Жердің, Ай мен Күннің, қасиетті отбасылық  жұп  ата-ананың бірлігі түрік көшпенділерінің  рухани және материалдық  әлемдерінің үзіліссіз қос негізділігінің орналасқандығын дәлелдейді», – деп айтады.
Расында, «Отан отбасынан басталады» десек, ерлі-зайыптылардың  бақытты тұрмысы – шаңырақты шаттыққа, халықты қуанышқа  бөлері анық.  Сондықтан да отбасының үйлесімділігі  бұзылмауын ата-бабаларымыз  текке тілемесе керек.  Е.Әлімжанның  ұшқыр қаламы мен  жүйрік қиялы  халқымыз үшін құтты ырыс, құнды қазына – отбасының бірлігін  тұмардай қастерлеп, көздің қарашығындай үлгі-өнеге   етуі жайдан-жай емес. Кейінгі кездері жарасымын таппай  жеңіл ажыраса салатын  жастарға қорғасындай ой тастап, «ошақтың бір аяғы сынса, қазандағы ас төгілерін», адамгершіліктің ақ жолында ізгіліктің тізгінін  түзу ұстап, мәртебелі махаббаттың  көрінбейтін жұлдыздардай адалдық шаранасы бұзылмауын үнемі насихаттап келеді. Ұрпағымыздың ұясы аман болса ғана  ұлтымыздың мәңгілік  ел болары хақ. Өз  талантының  күшімен асудан-асуларға жемісті еңбек етіп келе жатқан шалқар мұхит әдебиет айдынында өз кемесі бар Елен Әлімжанның шығармаларынан біздің ұққанымыз осы.

Шырын  Мамасерікова,  
ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support