- Advertisement -

Тараздағы қымызмұрындық

108

- Advertisement -

халықаралық деңгейде өткен төл мерекеге Моңғолия, Қытай,
Түркия және Ресей елдеріндегі қандастарымыз келді

Ақшаңқан киіз үйлер алыстан көз тартады. Екі-үш жерге құрылған алтыбақан маңында балалар асыр салып ойнап жүр. Ақ кимешегін сәнмен ораған аналардың мамырлай басқан жүрісі ақ бұйра бұлттар жер бауырлай көшіп бара жатқандай әсер қалдырады екен. Оқалы бешпент, бүрмелі көйлек киген қыздардың сыңғырлаған күлкісі тойлы ауыл­дың сәнін ашып тұрғандай. Әне, астындағы атын сауырлай қамшылап, үкілі домбырасын арқалаған ақын да келіп жетті. Ішкі істер саласының ардагері, ақын Б. Раев жай келмей, кешегінің сал-серісі секілді ат үстінде тұрып, домбырасын шертіп, арнау-жырын айта келді…
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, кәсіпкер Дүйсенбек Ыбынәлиевтің бастамасымен Таразда өткен халықаралық деңгейдегі қымызмұрындық тойы өзгеше болды. Іс-шараны ұйымдастырудағы таптаурын сүрлеу, жаттанды әдістен бөлек. Бәрі де мамыражай. Жайлауға көшіп келгеннен соң, біраз шаруаны кейінге ысырып қойып, арқаны кеңге салатын қазақтың осы бір болмысы қайта көрініс бергендей. Жол жүріп, шөліркеп келген мейманына қымыз ұсынатын қазақы дәстүрмен арнайы шақырылған қадірлі қонақтар мен қымызмұрындық берілетінін естіп келген қала тұрғындарына тойлы ауылдың күтушілері қымыз ұсынып жатты.
«Бүгінде қымыздың емдік қасиеті бар екені дәлелденуде. Аталарымыз жылқыны мінсе – көлік, кисе – киім, ішсе – сусын болады деп ерекше қастерлеген. Оның қасиетін ерте кезден білген. Бие байлап, қымыз ашытқан. Осы ұлттық сусын – қымыз өндіруді қолға алып, оны ғылыммен ұштастырып, қазақтың әдет-ғұрпын жаңғыртып жатқан азаматтардың бірі – Дүйсенбек Ыбынәлиев. Біз осындай ұлт жанашырларына қолдау көрсетуіміз керек», – деді Парламент Сенатының депутаты Ертарғын Астаев қымызмұрындық тойында.
Сонау бір кездері әлеуметтік желілерде қымызды немістер «меншіктеп» алғаны туралы мәселе көтерілгенде, «Қымызды қазаққа қайтарамыз» деп ұран тастаған Дүйсенбек Ыбынәлиевті көп кәсіпкердің қатарына жатқыза алмайсыз. Жалпы, көпшілік «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы жайлы жақсы пікірде. Ал ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков: «Дүйсенбек Ыбынәлиев – М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Мұндай атақ кез-келген адамға беріле бермейді. Бұл өндіріс пен ғылымның, кәсіпкерлік пен оқу процесінің арасында тығыз байланыс орнатып, оны дамытуға үлкен үлес қосқан азаматтарға беріледі», — дейді.
Иә, қымыз өндірісін дамытып, оны сақтау технологияларын ғылыммен ұштастырып жүрген азамат, міне, енді қазақтың дәстүр-ғұрпын жаңғыртып, қымызмұрындық тойын тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырып отыр. Олай дейтініміз, осындай жазғытұрымғы шақта бие байлап, қымыз ашытып, ауыл-аймақты шақырып, қымыз тарату рәсімі бұған дейін басқа өңірлерде тойланып келгенмен, аумағы жағынан алыс-жақын шетелді қамтыған шара бізде алғаш рет өтуде.
Ұрпақтары дәстүрін дәріптеген тойға Моңғолия, Қытай, Түркия, Ресей елдеріндегі қандастарымыз арнайы шақыртылыпты. «Қазақтың кең пейілді болмысын көрсететін осындай салтын жаңғыртуға баршамыз үлес қосуға тиіспіз. Сондықтан, Қазақ хандығының туы көтерілген Жамбыл жерінде халықаралық деңгейде қымызмұрындық тойы өтеді деген соң, жолдың шалғайлығына қарамай келіп отырмын.Тарихи қала – Таразды көріп, қандастарыммен жүздескенім үшін мен өзімді бақытты санаймын. Осыған себепкер болған Дүйсенбек Ыбынәлиевке алғыс айтамын», – дейді Қытайдан келген қандасымыз Мерей ақсақал.
Жалпы, қазақтың әдет-ғұрпына байланысты әр мерзімде тойланатын төрт той бар. Біріншісі, қыстан аман шыққаны үшін дастарханын жайып, туыс-жұрағатымен төс қағысып, көрісетін Наурыз мерекесі болса, екіншісі – қымыз ашыту маусымының басталуында тойланатын қымызмұрындық. Одан кейінгісі – егін орылып біткенде атап өтілетін мизам немесе сабан той. Ал қыста дастархан соғымбасы берілгенде жайылады.
Қымызмұрындықтың тойланатын кезеңі – осы мамыр айының аяғы. Байлаған биесінің сүті қорланған кезін күтіп жүріп қалатындар маусымда беріп жатады. Осы дәстүрді жаңғыртып, халықаралық деңгейде дәріптеу үшін арнайы бір күнді белгілеген дұрыс дейді Дүйсенбек Ыбынәлиев. «Бұл тойға мамыр айының соңғы жексенбісі өте қолайлы деп есептеймін. Егер көпшілік құп алса, биылдан бастап, осылай тойласақ деген ұсынысым бар. Және бүгінгі шарада салтымыз бен ғұрпымызды дәріптейтін жаңа бір ән шырқалды, көпшіліктің қолдауымен оны қымызмұрындық тойының әнұраны ретінде бекіту туралы ұсыныс айтылды. Мұның барлығы ұлттық құндылықтарымызды әлемге таныту ниетінен туған бастамалар деп түсіну керек», – деп кәсіпкер өз ойымен бөлісті.
Келген меймандар ұлттық тағамдар қойылған қазақ үйлердегі ақ дастарханнан дәм татты. Соңында, ән мен жырдан шашу шашылған тойда қымыз ішуден жарыс ұйымдастырылды. Бірнеше жеке кәсіпкерлер тұрғындарға өз қымыздарын ұсынды.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support