- Advertisement -

Орхон-Енисей жаңғырығы

128

- Advertisement -

Мәңгілік Ел мұратымыз десек, әуелде түп тамырымызды жетік білуіміз керек. Тәуелсіз қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың аяғында аспаннан салбырап түспегені анық. «Қазақ елі жоқ жерден пайда болды» деушілер тарихты білмегеннен емес, қолдан жасап айтып отырғаны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы таңы атысымен, әрбір қазақтың ойы сергіп, танымы жаңғырды.
Бетін шаң басқан тарих бетінде Түркілер жер бетін ат тұяғымен дүрілдеткені белгілі. Империя құрды. Құлдырады. Сол заманнан бүгінгі уақытқа дейін көне Түркі әліппесі Орхон-Енисей жазығындағы бітік жазу арқылы бізге жетті. Қалай дыбысталуы ұмытылғанымен ғалымдардың тер төгуімен құпиясы ашылды. Оқылды. Жаңалық тараған соң «сендерде жазба мәдениеті болмаған» дейтіндер абайлап сөйлейтін болды. Мазмұны қайран қалдырды.
Егер біз мемлекет болғымыз келсек, сол мемлекетті сақтағымыз келсек, онда біз халық руханиятының бастауын білгеніміз жөн. Оған баратын жол халық даналығында жатыр деп Елбасымыз орынды айтқан.

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «Түркі жазбалары мен мәдениеті күндері» шарасы аясында өткізілген «Қазақ хандығы мен түркілердің рухани мәдениеті: тіл және тарих» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция Тараз қаласындағы қалалық Мәдениет үйінде өтті. Тараз инновациялық-гуманитарлық институтының ұйымдастыруымен өткен конференцияға ҚР мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басшылары, еліміздің барлық өңірінен жиырмадан астам түрколог ғалымдар қатысты. Конференцияға қырғыз, әзербайжан елдерінің түркі жазбасын зерттеуші түрколог ғалымдары да қалыс қалмай қонақ ретінде қатысып, баяндама жасады.
— Маған «Біз Қазақ хандығының 550 жылдығын қашан атап өтеміз?» деген сауал жиі қойылады. Менің жауабым – біреу. Елбасымыз нақты бір күнді белгілеген жоқ. 2015 жыл – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Өтіп жатқан әрбір шара – мерекелік күн. Биылғы жылдың үш жүз алпыс бес күні біз үшін мереке. Еліміздің әрбір облысында арасы суымай ұйымдастырылып жатқан шараларды той деп білемін.
«Қазақ хандығының құрылу мәселесі бойынша жаңа көзқарастар» баяндамасында ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев ойын осылай түйді.
Жер бетінде екі мыңға жуық ұлт болса, соның екі жүзінде ғана мемлекет бар. Қалғандарында, өкінішке қарай, мемлекеттілік жоқ немесе өзге мемлекеттің құрамында, қол астында. Қазақ осы үш жолдан да өткен екен. Он бесінші ғасырда хандығымыз болды. Дәуірледі. Он сегізінші ғасырдың екінші жартысында жер-суымыздан айырылдық. Әдебиетте зар-заман ағымы осы кезде қалыптасты. Қазіргі уақытта қазаққа ең жақын түркі тектес халықтың бірі ноғайлардың зиялылары зар-заманды басынан кешіруде. Өткен ғасырда Алаш ордашылар автономияға қол жеткізді. Одан кейін одақтас ел болдық. Тоқсан бірінші жылы тәуелсіздігімізді алдық.
Тоқсан бірінші жыл дегеннен шығады. Қазақстан Кеңес одағының құрамынан он бес мемлекеттің ішінен соңғысы болып бөлінді. Тарихшылардың айтуынша, мұның саяси астары бар екен. Тарихқа шегініс жасасақ, он бесінші ғасырда Жәнібек пен Керей сұлтандар Дешті Қыпшақты билеген Әбілхайыр ханнан өзге этникалық топтар бөлініп кеткен кезде ең соңғы болып іргесін ажыратыпты. Өйткені, Әбілхайыр ханның әлсірегенін бағып, оңтайлы сәтті күткен. Егер ерте қимылдаса шапқын болып, ауыл өртеніп, бала жетім, әйел жесір қалатын еді. Жәнібек пен Керей сұлтандар көшпелі өзбек хандығынан іргесін ажыратқанда Әбілхайыр ханның оларды тоқтатуға әлі қалмаған. Ыңғайын тосқандықтан оларға бөлініп кету қиындық туғызбаған. Бөліну процесінде өзбек-қазақ болып аталған, кейіннен қазақ атауын алған. Тоқсан бірінші жылы да Елбасымыз тәуелсіздікті бір қазақтың қолын сындырмай, бір қазақтың мұрнынан қан ақтырмай алды. «Сабыр түбі – сары алтын» деген осындайда айтылса керек.
Дала демократиясын зерттеген тарихшылар кешегі хан сайлау жүйесі мен бүгінгі президент сайлауының ұқсастығы бар дегенді айтты. Күні кеше Елбасымыздың сайлауы төрт айға жуық мерзімде аяқталып, инаугурациясы да сол мерзімнің ішінде өтті. Хан сайлау жүйесі де әуелі шешім қабылдау, үгіт-насихат тобын құру, сайлау ордасын бекіту, күнін белгілеу, сайлаушыларды анықтау, сайлаушыларға сыйақы бөлу сияқты қыруар жұмыстан тұрған. Тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеу дерегі бойынша Кенесары ханды хан тағына сайлау тоғыз айға созылыпты. Хан сайлайтын тайпалардың бектері, байлары, батырлары басқа да сайлауға құқысы бар адамдар хабардар болып сайлауға қатысу керек болған. Ақ киізге көтеру, ол біздің тілмен айтқанда, инаугурация. Біз хандарымызды ақ киізге көтеріп хан сайладық деп кітапта барды ғана айтып жүр екенбіз. Оның да ар жағында дала демократиясына лайық сайлауалды компаниялар жұмыс істепті.
Конференция «Түркі жазбалары мен мәдениеті күндері» аясында өткізіліп отырғандықтан латын әліпбиіне көшу мәселесі де әңгімеге арқау болды. Ғалымдар Елбасымыздың «2025 жылы Қазақстандағы қазақтар ғана емес, тұтас халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді игеретін болады. Осы кезде латынға жеңіл көше аламыз» деген ойына тоқталды. Өткен ғасырда біздің әліппеміз бірер жылда сан құбылған тұста латын әліппесі хатымызға екі мәрте айналып соғыпты. Күнделікті сызып жүрген кириллица әліппесінің авторы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы болса, алдағы латын әліппесінің де авторы болу керек деген тұжырым жасалды.
«Орталық Азияда жаңадан табылған көне түркі бітік жазуы кейбір ескерткіштер туралы» Р.Б.Сүйлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нәпіл Базылхан баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Орталық Азияда көне түркі дәуірінің бірсыпыра жаңа жазулары мен мәтіндері табылыпты. Олардың ішінде қазіргі Қазақстан, Моңғолия, Таулы Алтай жерлерінде табылған ескерткіштер жаңалықтың жаршысы болуға әбден лайық екен.
Қазақ хандығының құрылуы мен түркі жазуының қыр-сырлары кеңінен сөз болған жиында Әзірбайжан ҰҒА, археология және этнография институты, PhD докторы Тахир Шахбазов, Қырғыз Республикасы Бішкек гуманитарлық университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Ташполот Садыков, тағы да осы елдің ҰҒА мүшесі Роза Қоңырбаева мазмұнды баяндамаларымен ерекшеленді.
Конференция сонында ТИГУ ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Саурықов қатысушыларға алғысын білдірді.

Қанат Тілепберген, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support