Фәнилік драма

91

Арғынбай Бекбосын

(рубаяттар)

«Сеніскен досым да жоқ, асығым да,
Ақыры өлең қылдым, жасыдым да…»
– Менің де мұңым ғой бұл, Абай ата!
Ашыпсыз сіз… қосушы ем жасырынға.
***
Жұт жылының жалмауыз қатты қысы,
Боран, аяз… кіл долы қақтығысы
Алмалы тау басына орнағандай…
Етек жым-жырт… Ештеңе болмағандай.
***
Өмірі кісілікті ойламаған,
Біреу кеп ақыл айтты тойда маған:
– Думан ғой мына дүние, ойнасаңшы!..
Ал менің ойыным жоқ ойнамаған!
***
Құдай деген қазақтың жұрты мына,
Құдайға емес, құл болған құлқынына
жебірлерді басынтса – обал?.. Сауап?..
Осы сұрақ көмейде тұр тығыла.
***
Жол тосса да не түрлі жаманшылық,
Қатерлерден жүріппін аман шығып.
Басты байлап қатерге не іздеп едім?..
Іздеппін ғой адамнан… Адамшылық.
***
– Бұл ханым қыз күнінде-ақ қысылмастан,
Көз сүзіп көп бастықтың мысын басқан.
Қуыршақ байын үйде қызметші ғып,
Басқамен басқа жерде құшырласқан!
***
– О, бізде көп ақын да жыр мақталған,
Жаулайтын жан-жүректі үн қатқаннан!
Тек әттең!.. Қиыр кезбей туған тілдің
алтынды бесігінде құндақталған.
***
«Қа-ра-тау-дың ба-сы-нан…» Ән келеді,
Қай ғасырда оған қай ән тең еді.?!
Барын, арын арқалап алып шыққан,
Бабам әні – ол жоғары мәртебелі!
***
– Мені өзің де қоспассың көңілшекке…
Нем бар онда бейтаныс келіншекте?
– Ұқсас шығар ол мәңгі арманыңа,
Мұңға айналған арманнан ардағыңа?
***
Алыс заман алады кімді есіне?
Қарар ма ол марапат, жүлдесіне?
Оның бәрі ескірер, мәні кетер…
Қалатын із тек қана мүрдесі ме?
***
– Ей, залым! «Енді жүгім жеңілдейді,
Күндестің көзі кетті» дегін мейлі.
Біл, бірақ: Асыл ердің елде қалған,
Ешқашан ақыл-ойы жеңілмейді!
***
От-сезімді сол қалпы айта алдым ба?..
Әлде тағы ол ұқпай қайтармын ба?..
Мен ғана ма… сезімді дәл айтуға,
Тілі жетпес періште… шайтанның да!
***
Жайнап тұрсыз! Жас өмір күнісіз бе?
Ұқсамайды қыздардың бірі сізге!..
Елеспісіз… әлде сіз құлпырулы,
Біз көрмеген пейіштің гүлісіз бе?..
***
Деді біреу: «Ойлаумен мәңгілікті,
Басым мынау, байқаймын, мәңгіріпті!..»
Басын оған жай адам қатырмайды,
Мәңгіліктен бишігеш әңгі үмітті!
***
«Өлең жазсам – жұртқа ол ісім ұнар»,
Десең, шырақ, мынаны түсініп ал:
Кірпіш емес шіркін сөз қалай берер,
Сөздің әрі, әуені, мүсіні бар.
***
Көрмекке асығамыз бәрін алдан,
Ал алдың нәр мен беттің әрін алған.
Тоналған, мұңға оралған бейшараға,
Ұялса-ау қош айтуға кәрі Жалған!
***
– Мен сені Күн шығатын тұстан күттім,
Жап-жасыл жаздан, аппақ қыстан күттім.
Келмедің… Қайта алауға айналар ма,
Ұшқыны біз өртенген құштарлықтың?
***
– Бұл ғасырда адам аз жаны жарқын!..
Келесінің көрер ме ек бағып артын?..
– Сен айтқаннан сәл-пәл көп шығар, сірә,
Мына дүние әйтпесе тарылар тым.
***
– Міне, сұрақ көп ой кеп байланатын:
Бақытқа жарлы ма әлде бай ма жақын?
– Қайсысы қанағатшыл?.. Ол жоқ болса,
Жер түгіл келер түбі Айға зақым!
***
Алаулы, ерке назды тілектермен,
Ол от боп жүріп өткен жүректермен,
Жылатқан, шаттандырған – махаббат ол!..
Қайтсе де мына өмірге тірек берген.
***
– Кемпір ауру… ол кетсе, қанаттасым,
Маған болар әрбір күн, әр апта сын…
– Бар ғой балаң, келінің бағып-қағар?
– Құдай күнді… ешкімге қаратпасын…
***
Көрсетті ме бұл өмір мырзалығын?
Дей алам ба: «Көрмедім бір залымын!»
Бәрі болды… Тек мені жұбатқаны:
Өкініштен көп екен ырзалығым!
***
Көңілімді көп жағдайда жібітпеген,
Тірлікте бірдеңе етіп жүріп келем.
Бұл заман түсінбесе, амалым не,
Ендігі келетіннен үміттенем!
***
– Қояйыншы саған, дос, сыр ақтарып:
Еткен үміт кеткенде жырақталып,
Күйзелгенмін, білесің… Қазір енді
Тәубе дейін, көбі оның жүр ақталып.
***
Кетсін, тіпті, бұл елдің бәрі байып,
Мына өмірге жатар-ау тағып айып.
Неге?.. Мүмкін жақсылық тез жымдасып,
Жамандықтар тұрар ма бадырайып?
***
Ашық етек, жалаң төс салдақылық,
Одан сұмдық әйелде бар ма қылық?!.
Күйігінен күйеуі маскүнем боп,
Бала байғұс жылайды таңды атырып.
***
– Қойсаңшы бұл талғаусыз надандықты,
«Бақ қонған!» деп мақтайды арамдықты.
Бәлкім, әлсіз заманның зәйілі де?..
Онда келсін турашыл заман мықты!
***
Құтқарған соң адамды сабылыстан,
Жай тапқан ба – қалғиды қабырстан.
Моп-момақан, тию жоқ көңілге де,
Тоңазиды тек жүрек алып ұшқан…
***
Жер жібіпті, жатыр-ау бусанғалы…
Көлден ұша сала бір қу самғады…
Неткен жұпар!.. Қысыңнан қысылмапты,
Қарасудың, о, қайсар жусандары!..
***
– Ұры иттей боп жүретін бұрын кілең,
Қазір «мықты» болғанның құнын білем!
– Кісі ғұрлы көрмейсің ондайларды…
Қос қолыммен қоштаймын мұныңды мен!
***
«Мен осы… олаймын ба, бұлаймын ба?..
Былай ғып бастықтарға ұнаймын ба?..» –
деп байғұс мың құбылған бір ойласа-ау,
Назарын түсіруді Құдайдың да!
***
Беттеген әулиелік есігіне,
Кісінің қызмет қылар есімі де.
Ісінде ізгіліктің рух берсе,
Дақ түсірген кетпейді кешіріле.
***
– Сабынсыз-ақ кіретін бар қуысқа,
Мына қуды шідерле, тар ғып ұста!
– Ойбай, мұндай көп қой, көп!.. Ал бәріне,
Шідер жасап беретін қалды ма ұста?!
***
– Мына дертті-ай… тағы да қамшылаған,
Мен де жыққам… тек, әттең, жаншымағам.
Құрысыншы сол!.. «Көзіңнің мөлдірін-ай»
дейтін әнді, ей, қалқа, салшы маған!
***
Алтын ұя… әлі есте ұшқанымыз…
Тар бөлмеде оқушы ек қыс, жазы біз.
Оқ-дәрінің исін ап кіретұғын,
Сұр шинельді сұстылау ұстазымыз…
***
Мақпал қара аспанда жақұт жұлдыз…
Жымыңдайды бейне бір бақытты ұл, қыз!
Сәтте танып біз мына ұқсастықты,
Бал шәрбатын шаттықтың татып тұрмыз…
***
– Құдайдың жібі түзу пендесінен,
Жынға айналды тұратын өң кесірден!
– Бар сыр: бұрын баланы әке өсірсе,
Алпауыт ұл әкесін енді «өсірген».
***
Өткенім бе ештеңе өндіре алмай,
Өнбегенге көңілім көндіге алмай?..
Іште реніш, өкініш, қызған қыжыл,
Қайда шабыт?!.. Ол байғұс өлді ме, Алла-ай?..
***
Жасыл ойпат, қоңыр тау, сары дала
және көк су – Жердің бұл бары ғана.
Глобус та доптай боп жарылар ма,
Алып елдер тебіссе жанын ала?..
***
Өткен үшін алмай-ақ қасты сыбап,
Дәт шыдаса қойылар басты сұрақ:
Алла берген әр күннің сұрауы бар,
Етпедің бе, еттің бе жасты ысырап?
***
– Мен қалап мұсылмандық жол дұрысын,
Беріп ем сәлем-алдым… ол құрысын!..
Сен асқан мәйманасы маймылсың-ау,
Әйтпесе берермісің қолдың ұшын?!
***
Тараз тартып сапарды мәңгілікке,
Мүлде өзгерер, ғажайып сән кіріп те.
Біз кетерміз мұнда еш болмағандай…
Мүмкін… қалар бір-екі жан біліп те?
***
Қалдырып тоғыз жасар жалғыз ұлды,
Әкенің демі бітті, мәңгі үзілді…
Сол жетім… мына мен бе қармалаған
Тағдырды қараңғы һәм алды зілді?..
***
Айтса сәлем бір жігіт қаламқасқа,
Сәтте жетер сәлемі – заман басқа…
Сағынғаннан келді ме көзіне жас?
Әлде мұздай көңілі ұқсас жалаң тасқа?
***
Қанша мың жыл адамзат соғысқалы,
Мүрде орнына салынып қоныстары?!.
Мың тәсілі табылса шайқасудың,
Тыныштықпен бір тәсіл тоғыспады!
***
Төзем деп оңбағандар «назына» да,
Азаптың көбіне де, азына да,
Жанымды жаралаппын қан-жоса ғып…
О байғұс о дүниеде жазыла ма?
***
Қиналып «Япырай, дос қайда?!» деп ем,
Пенде екен дейтін «Қайтсем пайда көрем?».
– Бәрінен баз кешсем де, сен аман бол,
Жанымның жан даусы – қайран өлең!..
***
Таңғалам: тұқым қуған әдеттен бе,
Баюды бар өмірдің мәні еткенге.
Арамдық жолы сайрап жатқанымен,
Күнәмді кешірер деп дәметкенге…

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support