- Advertisement -

Ақпараттар ағыны

139

- Advertisement -

Тараз

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыстық департаменті Наурыз мерекесі аясында «20 мейірімді іс» жобасы аясында қаланы көгалдандыру акциясын ұйымдастырды. Бұл күні мекеме басшылары бастап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері Д.Қонаев атындағы аллеяға ағаш көшеттерін отырғызды. «Мекеме ұжымы бұл іске белсене атсалысты. Өйткені, қоршаған ортаны аялау, таза ұстау және айналаны жасыл желекке бөлеу – әрбір азаматтың борышы. Әрбір азамат бір тал егетін болса, бұл экологияның жақсаруына үлкен үлес болып қосылмақ» дейді бұл тұрғыда департамент басшысы М. Қожабаев.

Байзақ

Аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы бір көшеге ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында тер төккен, бірер жыл осы ауданның әкімі қызметін атқарған Смағұл Әбілековтің есімі берілді. Жиында сөз алған аудан әкімі М.Шүкеев, қоғам қайраткері А.Бекбосын, облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Х.Бейсеев Смағұл Бесбайұлының өнегелі өмірі жайлы естеліктер айтты.

Қордай

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған қатысқан сексеннен аса жұмыссыздарға он бес жұмыс беруші 76 бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде 35 адам өздеріне тұрақты кәсіп тапса, төрт үміткер қоғамдық жұмыстарға тартылатын болды. 15 адамға мамандықтарға даярлау және қайта даярлау курстарына жолдамалар берілді.

Сарысу

Аудандық кітапханада Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Офицер кәсібі – ерлікке бастар жол» атты тақырыпта жастардың Ұлы Отан соғысының ардагері Кемелбек Шәменовпен кездесу кеші өтті. Майдангер сонау алыста қалған соғыс жылдарынан естеліктер айтып, ел басына күн туған күндердің қиындығын еске алды. Осы бейбіт заманның қадірін біліңдер деген аталық сөзін айтқан қарт майдангерге жастар ризашылығын білдірді.
Талас

Қаратау қаласында Атшабар алаңында аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімі мен «Көкпар» қауымдастығының ұйымдастыруымен көкпардан бәсеке өткізілді. Оған бірнеше команда қатысып, жеңімпаздарға ауыспалы кубок пен ақшалай сыйлықтар табысталды. Кубок жеңімпаздары Майтөбе ауылындағы жарысқа қатысып, іріктелген шабандоздардан құралған команда облыстық біріншілікке қатысу үшін Тараз қаласына аттанды.

Шу

№10 кәсіптік колледжде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – қазақ хандығы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ардагерлер, колледждердің директорлары мен білімгерлер қатысты. Жиында тақырып аясында жастарға ұлы хандарымыздың сарабдал саясаты, дипломатиялық іскерліктері, елі үшін жасаған ерліктері кеңінен түсіндіріліп, сондай-ақ сол замандағы заңдарды салыстыра отырып өз елінің шежіресін, тарихын ұғындыру мақсатында әңгіме өрбіді. Іс-шарада қазақ тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support