- Advertisement -

Қазақстанда жасалған тауарлар сатылды

112

- Advertisement -

Өткен сенбі күні облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтетінін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар болған Тараз қаласының тұрғындары ертемен Төле би даңғылының бойындағы «Жамбыл» қонақ үйінің алдына келді. Күннің жауын-шашынды болғанына қарамастан жұрт өздеріне қажетті тауарларын қажетінше алды. Жәрмеңкеге барлық аудандар мен облыс орталығындағы 90-ға жуық ауыл шаруашылық тауар өндірушілер өнімдерін шығарғандықтан наурыздағы ағыл-тегілге жұрт риза.

Шыңғыс, жүргізуші:
– Қазір соғым таусылды. Облыс басшылығының қалалықтардың мұқтажын ескеріп, жәрмеңке ұйымдастырып отырғандарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бүгін ет мол екен. Жылқы, сиыр, қой еті дейсіз бе, толып тұр. Оның үстіне, бағасының қолжетімдігіне де ризамыз. Өзім жылқы етінің 10 килограмын алдым.
Қарлығаш, мұғалім:
– Несін айтасыз, қысқа дайындаған азық-түлік бітер шақта мынадай аста-төк жәрмеңке көңілімізді бір марқайтып тастады. Оның үстіне, жәрмеңке «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында өтіп жатқандықтан азық-түліктің қай-қайсы болсын өзіміздің облыстан шыққан және Қазақстанда жасалған кеспе, макарон, айран, томат, сары май, сұйық май, шұжық өнімдері тағы басқа азық-түлік тауарлары екен.
Сәуле, жеке кәсіпкер:
– Ертең мерекеміз ғой. Ауылдан құттықтап ағайындар келеміз дейді. «Ақ жол» газетінен жәрмеңке өтетін хабарландыруды оқып, базарға емес, осында келдім. Бір риза болатыным, кейінгі жылдары облыс орталығында өтіп жататын жәрмеңкелерде сауда мәдениетінің қалыптасқандығы. Жаныңа не керек, қиналмай табасың. Мұнда өнім өндірушілер тауарын делдалсыз тікелей жеткізіп, өздері өткеретіндіктен азық-түліктің барлық түрі базар бағасынан көп арзан.
Пікірлерін осылай білдіріп жатқан тараздықтардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Бұл күні сауда-саттықта 167,7 тонна азық-түлік тауары тұтынушыларға ұсынылса, оның 20 тоннасы – жылқы, сиыр, қой, тауық және шошқа еті. 9 тонна сүт өнімдері, 5000 дана жұмыртқа, 118 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері және басқа да отандық ауыл шаруашылық өнімдері сауда көрігін қыздырды. Азық-түлік тауарлары нарық бағасынан 5-39 пайызға арзан өткерілді.
Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов пен облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев аралап, тұтынушылармен және өнім өткерушілермен пікірлесті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай осындай жәрмеңке алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support