- Advertisement -

Наршаның нақыштары

335

- Advertisement -

7Кеше ғана арамызда жүрген бекзат ақын, әбжіл шешен Нәкеңнің, Нарша Қашағанұлының, фәниден бақиға аттанғанына да 2 жыл өтіпті-ау. «Өлінің беті – ары, тірінің беті – бері», сынаптай сырғып жатқан өмір-ай десеңші!  Нәкең туралы естелік айтамыз деп әсте ойлап па едік?! Ортамызда болғанда от  ауыз,  орақ тілімен оңды-солды сөйлеп, жан-жағына нұрын шашып, жайраңдап жүрер еді. Амал не, бізбен біраз бірге болуды тағдыр оған жазбапты. 

Талас өңірі ешқашан таланттардан кенде болмаған. Арғыны айтпағанның өзінде, кейінгі қырық-елу жылдың бедерінде бұл өлкеден қаншама қадау-қадау тұлғалар өсіп шықты. Соларды өсірген, мұқым елге өркен жайдырған туған топырақтың киесі, тау-тасының қасиеті емес деп кім айта алар?! Нарша да осында туды, өсті, арлы азамат, ақиық ақын атанды. Ғұмырының соңына дейін елінің ортасында, үйірінен бөлінбейтін құландай, келесінен кетпейтін нарқоспақтай күн кешті. «Ақындар ауылда туып, астанада өледі» дейтін қағидатқа қарсы келді. Талантының таяздығынан, ақындығының әлсіздігінен емес, жалғыз-ақ себебі – туған жерін қимады, ата-жұртынан, кіндігінен ажырағысы келмеді. Алатаудың қиясында емес, Қаратаудың қырқасында тұрып-ақ өлең өлкесінде өз өрнегін ойып тұрып сала білді. Таласта жүріп, Алашқа танылды. Наршаның нығметі де осында.
Мен Нәкеңмен сонау бала күнімде, шатып-бұтып өлең жаза бастаған кезімде таныстым. Жетінші әлде сегізінші сыныпта оқып жүргенімде бір-екі өлең жазып, алғаш рет аудандық «Ленин жолы» газетіне жолдап жібердім. Бір күні газеттің төртінші бетіне:
«Күлімдеп күн нұрын төккен
Дала төсі мақпалдай.
Бейне біреу заңғар көктен
Күміс сеуіп жатқандай…», – деп басталатын менің «Қыс» деген өлеңім шыға келсін. Ол кезде газетке жазғаның жариялану – үлкен жаңалық, тасқа түкен тәй-тәйыма қуанышым қойныма сыймай жүргенде, редакциядан «Өлеңдерің жақсы екен, тағы да жазып тұр» деген мазмұнда Н. Қашағановтың қолы қойылған хат алдым. Осылай ең алғаш қолдау білдірген Нәкеңмен кейін етене араласып, ағалы-інілідей қарым-қатынаста болдық. Ол біздің шын мәніндегі, әдебиеттегі ұстазымыз еді. Сол тұстағы қалам ұстағандардың қай-қайсысы болмасын не жазсақ та оған көрсетуге, не білсек те айтуға бейім тұратын едік. Бәріміздің ақылшымыз, сыншымыз, қамқоршымыз бола білді. Мен кейін әдебиетке, журналистикаға бармай, басқа саланы таңдап, мектеп басқару ісіне араласа бастағанда «Сен өлеңді қойып, өмір сүруге көштің» деп ренжіңкіреп те жүрді.
Нәкеңді танитындардың бәрі біледі, ол кісінің болмысы бөлек, жаратылысы ерекше жан еді. Таза, кірпияз, сұлулықты сүйетін адам бола тұра тура сызылған түзу сызықпен жүріп тұруды, қалыппен сөйлеуді қанына сіңірмей-ақ кетті. Әлдекімдердің ыңғайына көніп, саясатқа сайып сөйлегенді суқаны сүймейтін. Қай жерде, қандай ыңғайда ойына тың тіркес, тапқыр сөз келеді, тоқтаусыз ақтара салатын. Мейлі ол жоғары шенді шенеунік, атынан ат үркетін қайраткер болсын, Нәкең ешкімнің алдында айылын жиған емес. Бір қызығы, оның айтқан өткір қалжың, ұтқыр сөзіне ешкім ренжіп, ашулана алмайтын. Оның себебі табан астында тапқырлықпен, әрі шеберлікпен айтылуында болса керек-ті. Ана бір жылдары Ә. Мәмешов басқа қызметке ауысып бара жатқанда, бүкіл елдің көзінше «Әбеке, ауданға алты жыл әкім болдың, әкімдікте әкеңнің құны қалған жоқ, енді әкімнен адамға айналғаның құтты болсын!» деп елді ду күлдіріп еді. Бірде Сарысу ауданын Болат Мәдікенов басқарып тұрған тұста К.Арын, Б.Шағырбаев үшеуміз Ақтоғайға Ілекең – Ілия Жақанов келді дегенді естіп, сәлем беруге бардық. Ол кісінің қасында біраз болған соң, бір жұмыстармен ары, Жаңатасқа өтіп кеттік. Сонда кешке Бөкеңмен танысып, ол кісінің дастарханынан дәм татып, әкім басымен бізге қызмет етіп, адами мінезін, кісілік-кішілік келбетін көрсеткеніне тәнті болып, келгесін Нәкеңе айтып бердім. Бұл кезде Талас ауданының әкімі Батырбек Құлекеев болатын. Сонда Нәкең «Иә, дұрыс айтасың, біздің әкім әкім сияқты, ал Сарысудың әкімі адам сияқты» деп еді. Оның осылай жай айта салған бір сөзі кейін елге мәтел болып кетті. Б. Бекжанов айтқан бір әңгіме еске түседі, қайбір жылдары қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов Талас жеріне келгенде, ел ағалары аудан шекарасынан күтіп алыпты. Ішінде Нарша да бар, қадірлі қонақтың қолын алып тұрып, жұртқа қарап, «Жігіттер, мына Қарекең көптің бірі, к…ң кірі емес, ел ардақтысы, биік тұлға…» деп, түйдектете жөнелгенде, «ой, бүлдірді-ау» деп, айнала тұрғанның бәрі ыңғайсызданып-ақ қалыпты. Сонда қайран Қарекең қарқылдай күліп, шабыты шалқыған Нәкеңнің арқасынан қағып, риза болған екен. Сөз қадірін, қалжың қасиетін түсінетін сұңғыла жандардың арасында ғана осындай қатынастар жүрсе керек-ті.
«Әкімі ақынын бағалаған ел бақытты» деген сөз бар, Н.Қашағановтың тасы өрге домалап, шығармашылығының бағалануына аудан әкімі Б. Құлекеевтің еңбегі көп болғаны баршаға аян. Өмірі лауазымды қызмет атқармаған ақынды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшы етіп қойды. «Шопырым – Шабар, әкем – Қашаған, мені қайдан табарсың» деп жүретін кезі ғой ол Нәкеңнің. Сол кездегі тәртіп солай ма, қазір бар ма, білмеймін Ербол Қамбатыров екеумізді өзіне резервке қойып, «Екеуің бүгіннен бастап маған мысықтілеу болдыңдар, мен кетсем, біреуің осы қызметті істейсіңдер» деп күлетін. Мәдениетті басқарған тұста оның кабинеті ақжайлау ағаның ақбоз үйіндей болды бәріміз үшін. Шынын айтсам, осы уақытқа дейін талай үлкенді-кішілі бастықтардың алдын көріп, бөлмесінде болдық қой, бірақ дәл Нәкеңдікіндей үнемі өзіне тартып, нұр төгіліп тұратын, кірсең жаныңды жайма-шуаққа бөлейтін қызмет жайын еш жерден көрген емеспін. Ол, әрине, оның иесінің бюрократтық атаулыдан ада, адамға адамгершілікпен, жылыұшырай қарайтын, кісілік қасиетінде жатқаны анық. Жалпы ол кез-келген адамды, тіпті, бала-шағаны, бір көрген жүргіншіні болса да өзіне жақын тартып тұратын. Кейінгі кітабының «Жақсылық жаса адамға» деп аталуы да ақын болмысының айқын белгісі екені сөзсіз. Біз кейде қалжыңдап «Нәке, сіз нағыз осы заманның серісісіз ғой» десек:
– Мүмкін, баяғының сал-серілері қасына әнші, ақынын, палуанын, бір қойдың етін бір өзі жейтін мешкейін ертіп жүреді екен, қазір мына менің қасымдағы Ербол соның бәрін бір өзі-ақ атқарып жүр ғой, болсақ болармыз, – дейтін.
Бір жолы сәскеге таман жұмысына келсем, жайшылықта жарқылдап, кіре бергеннен бір әзілін айтып, жайраңдай қарсы алатын бастықекең көңілсіз отыр.
– Ау, Нәке, не болды салыңыз суға кетіп? – деймін ғой.
– Ой, несін айтасың, басым ауырып, жұмысқа сағат 10-да зорға жетсем, қай жырпыштың жеткізіп барғанын қайдам, жаңа әкім шақырып алып, әбден ұрысты, соған енді түсінік жазып отырмын, үйде қатын ұрсады, жұмыста әкім ұрсады, көрген күнім құрсын менің, – деп жымия күрсінеді жазған. Мен де қарап отырмай:
– Ау, Нәке-ау, сіз ақын емессіз ба, әлдекімдер құсап қара сөзбен жазып отырғаныңыз не түсініктемені, – деп жел беремін ғой баяғы. Сонда қайран ақын:
– Ой, мынауың табылған ақыл екен, Батырбек басымды шауып алмас, бастадым онда, – деп жартылай жазылған қағазды умаждап қоқыс шелекке тастай беріп, маған қарады да, – сен не шығып кет, не тырп етпей отыр мен жазып болғанша, – деп қойды. Мен сөреден әлдебір кітапты алып, парақтап отырғанмын, 10 минут өтті ме, өтпеді ме 5-6 шумақтай өлеңді жазып, оқып берді. Бүгінгі ахуалға арналған керемет өлең. Ұмытпасам, ішінде «жарымаған ақынның мен де бірі, жаяу ақын қаланың ана шетінен мына шетіне кешікпей қалай жетсін» деген мазмұндағы сөздер бар-ды. Артынша әкімге алып кеткен осы өлеңді көшіріп алмаппын, Нәкеңнің де сақтай қоюы екіталай, табылса жақсы болар еді. Батекең кейін Наршаның мерейтойын да жоғары деңгейде өткізді, кітабын шығартты, астына сүліктей ақ волга мінгізді.
Н. Қашағанұлының кітаптарын оқыған былайғы жұрт оны тек ақын деп қана тануы мүмкін, ал ол, сонымен қатар, шын мәніндегі бүгінгі заманның кешегі өткен Бөлтірік, Ноғайбай сынды шешені, әрі Оспанхан, Қалтайлардың дәстүрін жалғаған хас шебер қалжыңқойы болды. Әркім қолданар арзан сөзге жоқ, жай амандық-саулық сұрасқанының өзін әдемі әзілге, сұлу сөзге көмкеріп айтар еді. Бір жолы көшеде кездесіп: «Жағдайыңыз қалай?» – дегенімде, іле шала: «Несін сұрайсың, жағдай жаман, қалтада көк тиын қалмады, орнады ақыр заман, жаның ашыса қасыңда қалам, әйтпесе сөз осымен тәмам», – деп ағытып қоя берді.
2003 жылы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Мәриям жеңгей екеуі туған ауылы Ақтөбедегі інісінің үйіне келіп, біраз күн демалып жатты. Мен сонда ағамыздың қасында үш-төрт күн бірге болғаным бар-ды. Ол кісіге күн сайын ауданның, облыстың Құрметті азаматтары, лауазымды басшылар келіп сәлемдесіп жатты. Сонда Мырзатай ағамыз аудан басшыларынан «Нарша көрінбейді ғой, неге келмей жатыр?» – деп қайталап сұрай берді.
Мен артынан: «Аға, алабөтен Наршаны іздедіңіз», – дегенімде, ол кісі: «Нарша ақындығынан бөлек нағыз қара сөздің хас шебері, бүгінгінің шешені ғой, оның табан асты тапқыр сөздерін, қызықты қалжыңдарын сағындым», – деп еді. Өзі де сөз өнерінің майталманы, әдебиетші-ғалымның Нарша ақынды жоғары бағалайтынына сол жолы куә болған едім. «Тектіні текті ғана таниды» деген осы болса керек, сірә?! Кейін ақын інісі Мырзатай ағасының 70 жылдық мерейтойына арнап «Тарланкөгі Таластың» дейтін арнау өлең жазды.
Иә, кезінде есімі республикаға мәшһүр болған талай тұлғалардың, Д.Қонаевтай біртуар жанның, сондай-ақ, туған халқының ыстық ықыласына, сүйіспеншілігіне бөленген ақиық ақын Н.Қашағанұлы туралы осылай туындатып көп айта беруге болады. Оны білетін, танитын талай азаматтар алдағы уақытта Нәкеңнің әр қырынан қалам тартып, естеліктер мен арнаулар жазары күмәнсіз. Ақынын аялайтын, өлеңді сүйетін ел-жұрты барда Нарша Қашағанұлының аты ешқашан өшпек емес.

Бақытжан Мақашев,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support