- Advertisement -

Әуе апатынан 6 адам қаза тапты

88

- Advertisement -

ал апаттан аман қалған Әсем Шаяхметова қансырап жатқанына қарамастан
ұялы телефонын тауып алып, құтқару қызметін шақырған. Бұл – елеуге болатын ерлікпен пара-пар іс

Биылғы 20 қаңтар күні сағат 15.40-та Балхаш–Шатыркөл бағыты бойынша ұшып бара жатқан АН-2 ұшағы Шу ауданындағы «Шатыркөл» кен орны маңына құлады. Болжам бойынша, қалың тұманның салдарынан қона алмай жерге соғылған. Апат болған аумаққа «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Шатыркөл» кен орны қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері, Қарағанды және Жамбыл облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқару бөлімшелері және облыстық ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы жіберілді. Бүгінде ұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексеру үшін үкіметтік комиссия құрылып, тексеру жұмыстарына кірісіп кетті.

Аталған әуе көлігінде жеті адам болған. Олардың үшеуі – экипаж мүшесі, төртеуі «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері. Апатқа ұшырағандардың арасынан компания қызметкері Әсем Шаяхметова ғана аман қалған. Ол ұялы телефонын тауып, құтқару қызметін өзі шақырыпты. Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сейсенғазы Ақпаевтың айтуынша, оның жағдайы ауыр. Сол күні кешкі сағат 19.00-де ауруханаға жедел-жәрдем көлігімен жеткізілген келіншек сүйектерінің сынуы салдарынан көп қан жоғалтқан. Оған тиісті медициналық көмек көрсетіліп, қан құйылған. Ә.Шаяхметованы Алматы қаласындағы ауруханалардың біріне апару мәселесі қарастырылуда екен. Ал қаза тапқандардың денелері олардың тұрғылықты жерлеріне жеткізіліп, өтемақы төлеу жағы шешілуде.
«Қазақмыс» компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақ бортында қаза тапқандар: компанияның техникалық даму департаментінің директоры Ғ.Төлеубаев, «Балхаштүстімет» ӨБ бас механигі Е.Ибраев, «Балхаштүстімет» ӨБ техникалық және инвестициялық жобалау бөлімінің бастығы У.Есмағанбетов және экипаж мүшелері: В.Клюшов, В.Савельев, В.Литвинов. АН-2 ұшағы Қарағанды қаласындағы «Олимп-Эйр» әуе компаниясына тиесілі. Ол жүк және жолаушы тасымалдауда және «Қазақмысқа» тасымал жөнінен қызмет көрсетіп жүрген тәжірибесі мол компания.
«Қазақмыс» компаниясы қаза болғандардың отбасы мен туысқандарының қайғыларына ортақтастығын білдірді.

Шынар САҒИЕВА,
«Ақ жол».

Апатқа байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына психологиялық көмек көрсету мақсатында шұғыл желі телефондарын жариялап отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті: 8 (7262) 43-58-39; 43-58-97; Төле би ауылында: 8 (72638) 31597; Шу қаласында: 8 (72643) 23626.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support