Ақталмаған үміт

Ақталмаған үміт
ашық дереккөз
Ақталмаған үміт

(Әңгіме)

Қолпылдаған қонышына қамшысын сүңгітіп жіберіп, шақшасын ерніне төңкере салды. Насыбайдың қоқымы араласқан түкірігін қарға былш еткізді. — Жотабай, ет жаққа барып жәрдем бер, – деді Тұзбай. Жотабай мен Сағи Кенжемен салыстырғанда Тұзбайға салқындық танытты. Естімегенсіді. — Береген қол алаған. Осымен бесінші құрдасымызға он мыңнан көктасқа ақша жинадық. Қалғанымыз төртеу. Сендер де қырылып қалсаңдар, менің көктасыма кім ақша жинайды, а? – деді Жотабай аузын жаппай жөтеліп. Қисық көшедегі іш құсадан өлген Ораздың қырқы берілуде. — Келе жатыр. Шындықты бетіне бас. Жақтырмаса көшіп кетсін. Аяма! – деді Сағи мінезіне салып. — Ағайыннан ұят. Қоя салыңдар, – деді өкшесімен мұзды кертіп тұрған Кенже. — Неменеге қаққан қазықтай қатып қалдыңдар. Жәрдем берсеңдер қолдарың қалтырай ма? – Ақкөңіл Тұзбай Жотабайды шынтағынан сүйрелей бергені сол, ашуланған досы қолын қағып жіберді. — Мүләйімсіме! Өлмеген соң да сүйретіліп жүргенің. Ораздың түбіне жеткенің аздай, ауылды бүлдіргенің анау. Ендігәрі менімен амандасушы болма! Қолыңды алмаймын. Елбұзарың ауылға аттап баспайтын болсын. Сендей ағайынның бары не, жоғы не?! Танымаймын сені, сен де мені танымайтын бол. Осы уақытқа дейін үндемесек, шалдың баласы деп үндемей келдік. Сенімен араласуды тоқтатамын. Сендер де іркілмей айтыңдар. — Елбұзарды ауылға аттап басқызба! Талап сол. Жалғыз мен емес, көптің сөзі. — Жотабайдың аузы сасық болса да, осы төртеуміз күшіктейімізден бірге өстік. Өкпелеймін десең, өзің біл, – деді қамыс қораның шетіне әжет сындырып болған соң, белдігінің тісін қадап тұрған Кенже. Елбұзар... Елбұзар... Елбұзар... Тұзбайдың желкесі тартылып, аяқ-қолы ұйып, жүрісі қисалаңдап қалды. Пеш жақта жүрген аузы кебістей қатындар бәрін естіді. Жүрегін тілгілеген сыпсыңдар келбетін әбіржітіп жіберген. Бірақ, әлгінде ғана досы Жотабай тірідей көме салды-ау. Үстел құрылған жаққа қай бетімен жақындайды. Құдықтың түбінде сексеуіл жарып отырғандай кейіп танытты. Кетіп қала алмайды. Кірпігі жасқа шыланған. Әбден ызаланды. Жайшылықта бір соққыға морт сынбайтын жуан томарды үйіп тастады. Ызадан тұла бойын қалшылдап отыр. Пешхананың оймақтай терезесінен сығалағандардың пейілдері таза, Тұзбай – жеке басы алтын адам, ал баласы – Елбұзар. Ұзаққа созылған түнде алқымы қысылып, көрпені теуіп тастады. Тастай қараңғы бөлменің қақ ортасында шоқиып отыр. — Дәмет, елге қарайтын бет қалмады ғой. Не амалы бар? Айтшы. Сөзге тоқтамаған балаға не дерсің? Әлде дұрыстау тәрбие бере алмадым ба? Содан басқа жол құрып қалды ма, айтшы? Неден қателестім? Тіл қатшы маған. Көмектесші, көмектесші... Суық қабырғаға ілінген Дәметтің портреті мылқау. Тұзбай қосағынан Елтүзер емшектен шыққанда ажырап қалды. Алты қыз алты жаққа тұрмыс құрған. Ауыл Елбұзар деп шулап жүрген жігіт – Тұзбайдың алты қыздан соң көрген жар дегенде жалғыз ұлы. Есімі – Елтүзер. Қалада оқиды. Достарымен пәтер жалдап тұрады. Тәп-тәуір жігіт, қайбір жылы жиһаз құрастыруға жұмысқа орналасқан. Сол жерде жүріп құрыды. Сөзі біздей Жотабай – тұл еркектің жан досы. Ол ауылдастардың айтқан сөзін өзіне намыс көріп, бүгін бар ашуын Тұзбайдан алған түрі ғой. Жотабай осыдан төрт жыл бұрын жалғыз басты досына алдап-сулап тоқал әперген. Тоқал демесең, қырық жасқа дейін тұрмысқа шықпай отырып қалған келіншек. Дәметтің суреті қабырғада ілініп тұрса, ол тоқалдың кеңпейіл­ділігінен. Осы үйге түскелі суреттің бетіне шаң тұрғызбады. Үлкен қызы мұнымен тіл табыса алмағанын несіне жасырайық, қалғандарымен туған анасындай сырлас. Қазанына күйе жұқтырмайды, таба нанның түбін күйдірмейді. Жақсы әйел болғанына ауыл куә. Тұзбайдың мұңлы кірпіктері айқасты. Ораз тіріліп келіп Елтүзердің алқымына айыр тақап тұр екен. Реңі өкпелі адамдікіндей. Құрдасым, сені кінәлай алмаймын. Бүйректен сирақ шығарған тентек – мынау. Баламды азғырмағанда, оны үйден қуып жібермес едім. Әй, Тұзбай-ай, әу баста тыйып тастасақ, қолымыздан біреу қақты ма? Несіне тайраңдатып қойдық. Ауылдың шығарған үкімі осы. Не сен шаншисың, не мен шаншимын. Таңдауыңды жаса. Қарсылық танытсаң, аяқ-қолыңды байлап тастаймыз. Әділ үкім көз алдыңда орындалады. Тұзбай, жақсылығыңды көп көрдім, имандай шыным, мен бұлай болғанын қаламап едім. Ұста айырды... Жотабай, Сағи бала-шағасымен ар жақта ыржалақтап, шырт түкіріп тұрды. Шошығаннан ышқынып оянғанда, қолтықтан кірген жел кеудесіне салқындық сездірді. Терезедегі қыраудың өрнегі әдемі. Әңгіменің ашығы, бір жолы Елтүзер қаладан әкесінде жоқ сақалды қойып келді. Қап-қара қауғадай жүн бетін басып қалған. Сөзі бөлек. Оңашалана беретінді шығарған. Өмірді «жаңа» қырынан тани бастағанға ұқсайды. Ілім алған «мектебі» де бөтен. Іс-әрекеті ақылға қонбайды, қысқасы айныған. Міңгірлеп түсініксіз сандырағын қайталайды. Ораздың баласының иегіне жүн «өсірген де» Елтүзер. Қалада жалдамалы пәтерде бірге тұрған. Ораздың төрт баласы бар. Текесақал баласы тіл алмаған соң, адам болмасаң, аулақ бол деп бездіріп жіберді. Жүрек құрғыр шыдас бермей, ақыры жүріп кетті. Өкінішті. Тұзбай көң қора есігінің аузында, төңкерілген түбі тесік шараның үстінде отыр. Өзін белгісіз дұшпанмен күресіп жүргендей сезінеді. Балам неге бұзылды? Айтуын айтып жатсақ та, неменеге түзелмейді? Ағайынның ақылын тәрк еткізген қандай дуа? Ол өз ортасынан безінетіндей қандай күшті торға түскен? Не үшін қырынбайды? Мінезі табан астында неменеге өзгерді? Адам жәйден-жәй адаспайды! Ішкі әлемінде бір күйзеліс бар. Одан да ішіп кеткені жақсы емес пе еді. Бірақ, заманына қарай ауруы. Қазіргі жастар араққа құмартпайды. Бүгінгі қоғамның дерті адамды аяғымен емес, ақылымен адастырады. Сұрақ көп, жауап жоқ. Тұзбай балаға жұдырық иіскетіп көрмеген. Мүлт кеткенімнің себебі сол шығар деп те жорамалдады. Не де болса кешірім жоқ. Түсінде көрген айырдың сабын өзі ұстайды, болмаса өзге біреу табылады. Әбден ойланып, бір тоқтамға келді. Ауыл көктемге ілінді. Қыста айтылған әңгіме өршеленіп кеткен. Қанша жасырсаң да ағайын естиді, біліп қояды. Текесақал кіші әпкесін жездесімен қосып жалмапты. Әнебір күні ауылдың таксистеріне жақындаса, «құрыда-құры» дегендей, ешбірі мінгізбей қойыпты. Бүгін түнделетіп келген баласын көргенде Тұзбайдың зәресі ұшты. Терезеден қайта-қайта көшеге сығалады. — Түзелесің бе, жоқ па? Албастыдай болмай айнаның алдында тұрған ұстарамен қырын. Шыдамның да шегі бар. Саған соңғы рет мүмкіндік беремін. Адамға жаның аши ма өзі? Оны қойшы. Неге тілімді алмайсың? Жауап бер!.. – әкесінің сөздеріне міз бақпай орнынан тұрып кетті. – Балам, амалымды тауыстың. Сені Құдайдан тілеп алдым, санасыз болғаныңа амал нешік? Үндемей тұрып кетсе, мейлі ғой, әкесіне қарата «ақыл» айтып күбір­легенде, Тұзбай терісіне сыймай қаһарына мінді. Талдырып ұрған соң, жүнін сыпырып, адам құсатып киіндіріп, ескісін өртеді. Ебіл-дебілі шыққан қисық көшенің басынан бір топ кісіні көргенін қорқынышпен жеткізді. Мәсі киген ақсақал табалдырықтан аттағанда Елбұзарды көріп тосырқап қалды. Төрге озған қарияның тізе жағынан істі болғандай Тұзбай жайғасты. — Бұл балаға Елтүзер деп азан шақырып есім бергенім есіңде ме? Қандай қарама-қайшылық десеңші. Қайғырма! Бірінші елді бұзған – осы. Артынан іле-шала төрт тентек құрдасы адасты. Өз құрдасың Ораздың қандай күйге душар болғанын көзбен көрдің. Талай тентекті тезге салсақ та, дәл мына жағдайда не істерімізді білмей қол қусырып қалғанымыз, жарық жүзімізге көлеңкесін түсірді. Ақсақал басыммен жастарға тура жолды үлгі қыла алмағаныма сенен ұяламын. Қатты айтсам, кешір. Үмітің ақталмаса, кімнен көресің? «Тікенің болса бойыңда, ауырса да өзің жұл». Әңгіме осымен бітті. — Елтүзер, екеуміз төбенің басынан шығып, оңашада әке мен бала сияқты сырласайықшы. Мен сені түсінемін, титтей де кінәламаймын да. Сен тұрмақ, сенен де зорлар сұмдықты көрсетіп жүр. Білесің бе, марқұм анаң сені жақсы көрді. Уызға жарып өстің, бетіңнен қақпадым. Осы жасқа жетсем де, сенің қылығыңды түсіне алмай-ақ қойдым. Оқуға кетпей тұрып ақылың сап-сау бала едің... Келші, құшақтайыншы, балам, – әкесі тым салқынқандылық танытып тұр. – Соңғы рет жалынып сұраймын... Елбұзар жағдайды одан бетер ушықтырды. Тәубеге келудің орнына шатып-бұтып сандырақтады. Әкесінен кешірім сұраудың орнына, бөтен мектептен сусындаған «ақылын» айтты. Әлде жағдайды әдейі ушықтырды ма кім білсін, көзінің нұры сөніп қалыпты. Тұзбай мылтықпен өз баласын гүрс еткізді. Ол бұл шешімге әлдеқашан келіп қойған. Әкесі сондай қадамға барады деп ауылдастары күткен жоқ. Тоқалы баланың қалтасы­нан тапқан бір жапырақ қағазда былай деп хат жазы­лыпты: «Әке, сіз анамды ұмыттыңыз...».

1Қанат ТІЛЕПБЕРГЕН

Ұқсас жаңалықтар