Мұхтар Әуезов келген ауыл
Жақында Сарысу ауданы, Түркістан ауылдық округіне жолымыз түскен. Түркістандықтар өздерін тарихи мекеннің тұрғындары санайды. Себебі, мұнда әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов келген. Келіп қана қоймай, «Түркістан солай туған» деген очерк жазғаны – тарихтың жарқын беттері. Тың көтеру Никита Хрущевтың бастамасымен 1954 жылы басталды ғой. Сол кезде еліміздің байтақ даласында соқа түспеген жер қалмаған шығар. Соның бірі – біз әңгімелеп отырған Түркістан ауылдық округінің аумағы. 1955 жылы Оңтүстікте де тың игеру науқаны жүрген. Ол кезде мұнда Қаратас, Үшбас, Андреевка, Буденовка деген ұжымшарлар болған. Осылай тусырап жатқан жонның жотасына да соқа түседі.
Сол уақытта заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Ой, бәлі, Оңтүстіктегі тыңды өз көзіммен көрейін» – деп, қазіргі Сарысу ауданына келеді. Түркістан ауылындағы ең биік Ақырқа жотасына тоқтап, жан-жаққа көз салып, сүйсініпті. Ол уақытта жоғарыда аталған ұжымшарлар «Түркістан» кеңшары (совхоз) болып құрылып жатқан кез. Әйгілі Мұхаң жаңа шаруашылықты асықпай аралап, көсегенің көк жоны, шұрайлы, қара топырақты тың алқабын көріп тебіреніпті. Жазушы көңілі қай кезде де толғанысқа толы емес пе? Сол сезімге толы, әсерлі сапардан соң, заңғар жазушы «Түркістан солай туған» атты очерк жазған. Ауыл ағалары Жұмағұл Ахатов, Қуанышбек Қосымбеков, Сабырбек Бекпенбетов, Дәулетер Байшораев деген сол кезде көзі тірі аталарымыз жазушымен бірге жүріп, ел аралатқан, жер танытқан. Қазіргі таңда бұл ақсақалдардың бәрі бақилық болғанымен, бірқатар ұрпақтары аталған округ аумағында тұрып жатыр. Берекеге толы көсегенің көк жонын көрсеткен. Кеңшардың тұңғыш директоры Струков жаңа шаруашылықты жолға қою үшін көп еңбек сіңірген.
Бұл туралы бізге Түркістан ауылдық округінің бас маманы Жанысбек Арыстанбеков кеңінен әңгімелеп берді.
– Ең алғаш мұнда төрт отбасы ғана мекендейтін ағаштан құралған фин үлгісіндегі үйлер соғылған. Оңтүстік Түркістан гарнизонының сарбаздары салыпты. Астықты Түркістан кеңшарының іргесі осылай қаланған. Түркістанға тұлғалардың келуі Мұхтар Омарханұлымен шектелмеген. Заңғар жазушының сапарынан соң, мұнда белгілі қаламгерлер Тәкен Әлімқұлов, Төлен Әбдіков келіп, жазда жайлауда бие байлап отырған жайдары жұрттың ықыласына бөленіп, айға жуық жатып, өздерінің талай шығармаларына қажетті материалдарды, қызықты сюжеттерді жинақтаған екен. Түркістан сондай сырлы тарихқа толы жон өлкесі. «Түркістан солай туған» очеркі Әуезовтің көм томдығының алғашқы беттерінде тұрғаны біздің ауылдық округ үшін үлкен абырой екені анық.
Баяғыда халқына жерұйық іздеген Асан Қайғы бабамыз көсегенің көк жонына келіп, бір түнеп аттанарда: «Әттең, көсегенің көкжоны, аттың сауырына сыймайсың ғой. Әйтпесе, байлап әкететін жер екенсің», – депті.
Округтегі ең үлкен орта мектепке Мұхтар Әуезовтің есімі берілген. Бұл құрмет те заңғар жазушының Түркістанға келуімен байланысты болған. Біздің ауылдың мақтанышқа толы тарихы осындай. Көнекөз, кәріқұлақ қариялардан естіп қалған деректеріміз осы, – дейді ол.
Қазіргі таңда тіршілігі өрге басқан Түркістан ауылдық округінде 1420 адам тұрады. Екі орта мектеп, бір негізгі мектепте 350-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Әшір Бүркітбаев, Арыстанды, Үшбас ауылдарынан құралған. Бұл ауылдың әр баласының бойында «Біздің ауылға Мұхтар Әуезов келген» деген мақтаныш бар.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді