«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Цифрлық дәуірдің балалары қандай болуы керек?

Цифрлық дәуірдің балалары қандай болуы керек?
Автор
Тараз қаласындағы Оқушылар сарайында «Цифрлық ұрпақтың психологиясы: гаджет, стресс және ішкі жалғыздық» атты республикалық форум өтті. Ауқымды іс-шара цифрлық дәуірде өсіп келе жатқан балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайы, гаджеттердің әсері және заманауи қауіптерге қарсы тиімді шешімдер тақырыбына арналды.

Бүгінде балалардың өмірі цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Смартфондар, әлеуметтік желілер, түрлі платформалар олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл, бір жағынан, білім мен ақпаратқа жол ашса, екінші жағынан психологиялық қысым, күйзеліс және жалғыздық секілді жаңа мәселелерді туындатып отыр. Осы өзгерістерді жан-жақты талқылап, нақты шешімдер ұсыну мақсатында форумға еліміздің жетекші сарапшылары, психологтар, ғалымдар, педагогтер және мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды.

Форумды белгілі журналист әрі PR-сарапшы Ануарбек Жәлел жүргізді. Ал іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, цифрлық дәуірдің артықшылықтарымен қатар, оның сын-қатерлеріне де тоқталды.

– Біз өмір сүріп отырған дәуір – технологиялардың ғасыры. Смартфондар мен әлеуметтік желілер бүгінгі жас ұрпақ өмірінің бір бөлшегіне айналды. Олар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алайда осы мүмкіндіктермен бірге жаңа қауіптер де пайда болды. Бүгін біз жастар арасында жиі кездесетін стресс, ақпараттық шаршау, шынайы қарым-қатынастың азаюы және ішкі жалғыздық мәселелерін ашық талқылау үшін жиналып отырмыз. Бұл форум – қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді бірлесе талқылайтын маңызды алаң, – деді Серік Жақсылықұлы.

Форум барысында Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева тікелей эфир арқылы қосылып, өңірдегі өзекті мәселелер мен нақты деректерге тоқталды.

Жиында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының бірінші вице-президенті Салтанат Ахметова «Цифрлық дәуірдегі бала: гаджет пен жалғыздықтың арасында – қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?» тақырыбында баяндама жасап, жаңа буынның психологиялық ахуалына терең талдау жасады.

Ал Дүниежүзілік психиат риялық қауымдастықтың Шығыс Еуропа елдері бойынша өкілі, PhD, MBA дәрежесінің иегері, дәрігер-психиатр Николай Негай «Балалық шақтағы жарақаттан цифрлық шешімдерге дейін: психикалық денсаулық мәселелерінің алдын алудағы жаңа парадигма» тақырыбында халықаралық тәжірибелермен бөлісті.

Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы, суицидолог Ринат Музафаров «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу: анықтау және көмек көрсету алгоритмдері» тақырыбында баяндама жасап, маңызды мәселелерге тоқталды.

Форумда заманауи технологиялардың мүмкіндіктері де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, WEGLOBAL. AI платформасының құрылтайшысы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев жасанды интеллект арқылы психологиялық қауіптерді ерте анықтау жолдары туралы баяндама жасады.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, бала қауіпсіздігі бойынша тренер Жұлдыз Ускенбаева «Сандық әлемдегі жасөспірім: жаңа психологиялық ақиқат» тақырыбында сөз сөйлеп, қазіргі балалардың психологиялық ерекшеліктерін түсіндірудің маңыздылығына тоқталды.

Форум аясында қатысушылар цифрлық дәуірдегі балалар психологиясының жаңа ерекшеліктерін, жасөспірімдер арасындағы күйзеліс пен жалғыздықтың алдын алу жолдарын, суицидтің алдын алу бойынша тиімді модельдерді, сондай-ақ ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы өзара әрекет мәселелерін жан-жақты талқылады.

Іс-шара барысында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар форум бағдарламасында пленарлық отырыстармен қатар педагог-психологтарға, әлеуметтік педагогтерге және ата-аналарға арналған практикалық тренингтер мен шеберлік сабақтары өтті. Арт-терапия, эмоционалдық интеллектіні дамыту, цифрлық дәуірдегі балаларды қолдау стратегиялары секілді өзекті тақырыптар қамтылды.

Жалпы, бұл форум – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын сақтау жолында маңызды қадам болды. Цифрлық дәуір жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа жауапкершіліктер жүктейді. Сондықтан жас ұрпақтың психологиялық саулығын қамтамасыз ету – тек ата ананың немесе мұғалімнің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар