«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ тілі – ұлттың рухани коды

Қазақ тілі – ұлттың рухани коды
Ашық дереккөз
Қазақ тілі – жай ғана қатынас құралы емес, ол – ұлттың жаны, тарихы мен тағдырының айнасы. Тіл арқылы халықтың дүниетанымы, салт-дәстүрі, мінезі, болмысы сақталады. Сондықтан қазақ тілін «ұлттың рухани коды» деп атау – терең мағыналы ұғым.

Ұлттың рухани коды дегеніміз – халықтың ішкі болмысын айқындайтын құндылықтар жүйесі. Ол – ата-бабадан жалғасқан тәлім, өнеге, сенім, ұстаным. Қазақ халқы үшін бұл код ең алдымен тіл арқылы көрініс табады. Тіліміздегі әрбір сөзде тарихтың ізі, даланың үні, елдің еркін рухы жатыр.

Қазақ тілі – бай, бейнелі, мағыналы тіл. Мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, жыр-дастандар арқылы халқымыз ұрпаққа өмірлік бағыт-бағдар беріп отырған. Мысалы, «Тіл – қылыштан өткір» деген сөз тілдің күшін айқын көрсетеді. Сөз арқылы адамды жігерлендіруге де, жаралауға да болады. Сондықтан қазақ мәдениетінде сөзге жауапкершілікпен қарау ерекше мәнге ие.

Тіл – ұлттық бірегейліктің тірегі. Бүгінгі жаһандану дәуірінде көптеген халықтар өз тілін жоғалтып, рухани әлсіреп барады. Ал қазақ тілі – тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Бұл – тілдің мәртебесін айқындайтын тарихи шешім.

Қазақ тілінің рухани коды ретіндегі маңызы отбасы тәрбиесінен басталады. Ана әлдиі, әкенің өсиеті, ата-әженің батасы – бәрі де бала санасына ұлттық рухты сіңіреді. Егер тіл әлсіресе, ұлттық сана да әлсірейді. Сондықтан әр отбасыда қазақша сөйлеу – болашаққа жасалған үлкен инвестиция.

Білім беру саласында да тілдің рөлі ерекше. Қазақ тілін оқыту тек грамматиканы үйретумен шектелмеуі тиіс. Ол – мәдениетті, әдебиетті, тарихты қатар танытатын рухани тәрбие құралы. Тіл арқылы жас ұрпақ өз тамырын таниды, елінің өткенін құрметтеп, болашағына жауапкершілікпен қарайды.

Жанар КОСАЛИЕВА,

 облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар