- Advertisement -

Қолөнерші қуантай

20

- Advertisement -

Бүгінде Жамбыл жері қолөнершілер өлкесіне айналды. Атадан балаға мирас етілген бекзат өнер кез келгенге бұйыра бермейтін бақ. Темірден түйін түйген ұсталық та, ағаштан ою ойған шеберлік те үлкен дарын. Атқұмар қазақтың қызығушылығын арттыратын қолөнер туындыларын жасау нағыз таланттыға тән. Талайды талантымен тамсандырған меркілік Қуантай Жүнісбековтің қолдан жасаған бұйымдарын асқан шеберліктің жемісі деуге болады. Оның шеберханасынан шыққан ертоқым, жүген, қамшылар қазір үлкен сұранысқа ие.

Ауылда тұрып-ақ атағы аудан, облысқа, тіпті республикаға танылған кейіпкеріміз бұл өнерді бала кезден жанына серік еткен. Оның айтуынша, ұсталық оған жетінші бабасынан дарыған. Сондай-ақ, нағашы атасы да кезінде ат әбзелдерін жасаумен айналысқан. Біз шебердің үйіне арнайы ат басын бұрып, өнер туындыларымен таныстық. Үйінің ауласынан соғылған шеберхана өзінің күнделікті жұмыс орны. Таңның атысынан күннің батысына дейін күнделікті уақыты осында өтеді. Қайнаған жұмыс процесін тамашалау барысында он саусағының түрлі бұйымдарды жасаудағы әрекетінен көз алмадық. Жартылай бағалы металдардан жүгенге, құйысқанға әбзелдер жасады. Алюминь металын оюлап, өрнектеудің өзі асқан ұсталықты талап ететін жұмыс. Нағыз ерлер мінген тұлпардың тұлғасына сән беретін дүниелерді жасау оңай шаруа емес. Шеберханадан ертоқымның екі түрін көрдік. Құранды ер және қыранды ер деп аталатын бұл туындылардың жасалу әдісі қыруар еңбекті талап етеді. Әңгіме барысында Қуантай Мұсатайұлы өндірістердің шикізатынан бастап өңделіп, толықтай дайын болуына дейінгі процесті айтып берді.

– Ердің сапасы ағашында емес, оны өңдеу жұмысында. Алдымен ағашты 8-10 сағатқа дейін қайнатамыз. Ол көбірек қайнаған сайын сапасын арттырады. Қайнағаннан кейін 3-4 күн кептіріп қою керек. Содан соң оны шауып, өңдейді. Ертоқымның макетін келтіргеннен кейін жылқының сіңірлерінен желім жасап, оны өңделген ағашқа отырғызамыз. Ердің сыртын серкенің терісімен қаптаймыз. Тері мен ағаштың ортасына қара қойдың жүнін салса жұмсақ болады. Әрі онда емдік қасиет бар. Сыртқы пішінін сәндеу, оған әртүрлі өң беру – бояу мен тігін жұмысына қатысты шаруа. Жалпы, барлық шаруаны өзім атқарамын,– дейді қолөнерші.

Айта кетерлігі, Қуантай Мұсатайұлы қамшы мен жүген жасаудың да шебері. Қамшының қайысын 1 жасар ірі қара малдың терісінен өңдейді екен. Қазіргі кезде керекті материалдарды дайын түрінде сатып алған тиімдірек. Себебі, теріні өңдеуге біріншіден, көп уақыт кетеді, екіншіден, оның шығыны дайын өнімнің құнына жетеді. Иленген тері өнімінен қамшы, жүген жасау да шеберлік пен төзімділікті талап ететін бағалы еңбек. Қайыстың белдеуіне жібек жіппен тігіс жүргізіп, оған оюланған алтын түстес жартылай бағалы металдармен әбзелдер орнатады екен. Ауыздық та алтын түстес. Ару қыздың сырғасындай сыңғырлаған жүгендер жылқыға айрықша сән береді.

Ал, қамшының өрімі мен алақаны, шашағы қайыстан тоқылып, сабы кез келген ағаштан жасала береді екен. Жалпы, шебердің туындылары сапалы әрі сұлу екеніне сөз жоқ. 10 жасынан бері осы өнермен айналысып келе жатқан Қуантай Жүнісбековтің жеткен жетістіктері де аз емес. 2021 жылы халықаралық сарапшылардың шешімімен облыс әкімінің 1 миллион теңгелік сертификатын жеңіп алған. Одан да басқа республикалық, облыстық байқауларда алған жүлделері жетерлік.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support