Жарапазан айтудың жөнін білеміз бе?..

Жарапазан айтудың жөнін білеміз бе?..
ашық дереккөз
Жарапазан айтудың жөнін білеміз бе?..
Рамазан айында ауыз бекіткен жанға сәресін берген адамның өзі көп сауапқа кенеледі екен. Бірде ауылдан інім келіп, ауызашар уақытында шайханаға бардық. Есіктен кірген кішкентай қыз шайханада отырған әр столдың басына барып, әлдене айтып жүргенін байқадым. Қасында тағы бір ұл бала жүр. Бізге жақындағанда барып, жарапазан айтып жүргенін байқадым. Жарапазан айтып тұрып, бізге қарай қолын созып, саусағының ұшын жыбырлатып, ақша сұраған емеурін танытты. Үсті-басы кір. Оларды сөзге тартып, отбасы жайлы сұрадық. Қыз тоғыз жаста екен. Ата-анасының жарапазан айтып ақша тауып жүргенін білетінін айтты. Бізді таңдандырғаны – түн қатып жүрген кішкентай ұл бала мен қыздың ата-анасының бейқамдығы еді. Балаларының қайда жүргенімен шаруасы да жоқ екені мазалады. Балалардың әзірге қайтар ойы жоқ. Келген- кеткенді аңдып тұр. Бейтаныс адамдардың алдына алақан жайып жүгіруден еш арланбайды. Алайда, кәмелет жасына жетпеген балалардың түн қатып жалғыз жүруі, еш қымсынбай ақша сұрауы жақсылыққа апармайды. Жарапазан айтудың да жөн жоралғысы, өз әдебі бар емес пе?! – Қазіргі таңда жарапазанды тіленшілік әдісімен айтып жүргендер жетерлік. Үй иелерінен сыйлық дәметеді, тіленеді, талап етеді, алдымен олардың үйін, әрбір жабдығын, жиһазын мақтайды. Бұл заманауи ақындардың жанынан қосқан шумақтарына орай, табысты болу мақсатында солай шығарып алған айла-әдісі. Ал, негізі жарапазанда Алланың амалдарын дәріптеп, Пайғамбарлардың игіліктері, Құранның, ислам дінінің кереметтері туралы айтылу керек. «Қуыс үйден құр шықпа» деп сый-сияпатты кез-келген адам онсыз да береді ғой. Ел ішінде тек, ақша дәмететіндер қазіргі таңда кездесіп жүр. Негізі жарапазан Рамазанның қасиетін дәріптейді. Қазіргі таңда жарапазан айтып жүрген кейбір сұраншақтардың кесірінен, ислам дініне кері пікір қалыптасады, – деді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар