- Advertisement -

Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес күшейеді

21

- Advertisement -

Өткен жылы облысымызда 200 адам қаржы пирамидасына алданғаны туралы шағымданған. Ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық іс тіркеліп, нәтижесінде 45 миллион теңге шығын өтелген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Дәурен Мамытов мәлімдеді.

Облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің көлеңкелі экономикаға қарсы жұмысының нәтижелері жөнінде өткен баспасөз конференциясында Дәурен Асқарұлы Қаржы мониторинг органдарының негізгі мақсаты – еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қорғау екеніне тоқталды.

– Департамент қызметінің басым бағыты -– көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, атап айтқанда, экономикалық қылмыстардың алдын алу, орын алған жағдайда ашу және жолын кесу. Көбіне көлеңкелі экономикада орын алатын қылмыстар – акцизделетін өнімдердің және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, заңсыз ойын-сауық бизнесі, қаржы пирамидалары. Өткен жылдың 14 шілдесінде Үкіметтің қаулысымен бекітілген Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарымен экономиканың барлық салаларында төлеу және қаржы операциялардың ашықтығын арттыруға арналған шаралар көзделген. Олар сауда-саттық, құрылыс, көлік, қаржы және тағы басқа салаларда жүзеге асады. Қарапайым мысал, тауарды сатып алу кезінде чек бермеу тұтынушының қорғанысына залал мен көлеңкелі экономиканың өсуіне әсер етуде. Статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, облыста көлеңкелі экономиканың үлесі 2022 жылда 25,2 пайыз құраса, 2023 жылдың нәтижесінде 2,1 пайызға азайып, 23,1 пайызды құрады, – деді департамент басшысы Дәурен Мамытов.

Экономикалық қылмысты болдырмау мақсатында департамент «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ай сайын дөңгелек үстелдер ұйымдастырып тұрады. Қаржылық пирамидалар, лудомания сияқты заңсыз ақша табудың себебі – жұмыссыздық, қаржылық сауаттың болмауы және әлеуметтік желілердегі үгіт-насихат. Қаржылық пирамидалармен күрес аясында облыста заңсыз мазмұндағы 1013 сайт пен аккаунт бұғатталған. Өткен жылы көлеңкелі экономикаға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған. Ал, биыл жыл басынан бері 1 факт тіркеліпті. Ол Instagram желісінде анықталған ойын-сауық бизнесі. Егер осындай экономикалық құқық бұзушылық фактілеріне кездессеңіз, «АФМ» Telegram ботына, ал қаржы пирамидасы жайлы «Baiqa, piramida» ботына хабарлауға болады.

 

Әдемі ОРАЛБЕКОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support