- Advertisement -

Дәстүрлі діннің діңгегі берік

25

- Advertisement -

Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда да ұлтымыздың көсегесін көгертіп, мемлекетіміздің мәртебесін арттыруға бағытталған сан түрлі ойлар айтылды. Болашаққа бағдар жасалды. Халқымыздың ұстанып жүрген діни көзқарасы туралы да айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамдағы күрделі мәселеге кеңінен тоқталды. «Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршамызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді, ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ, біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төріне таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн», – деп атап өтті.

Расында да, соңғы жылдары діннің атын жамылып, елдің ниетін бұзатын жат пиғылды топтар көбейді. Кейбір жастарымыз жат ағымдардың жетегіне арбалып жатқаны да жасырын емес.

Біз әлімсақтан исламның ізгі жолын ұстанған тағылымды елміз. Бабаларымыздан жалғасқан сан мыңжылдық діни іліміміз бен рухани бағдарымыз бар. Дегенмен, соңғы жылдары елімізде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны жасырын емес. Яғни, жат елдің салтына арбалған теріс түсінік қанат жайғаны жақсылықтың көрінісі дей алмаймыз. Ондай көзқарастағыларды әр қала, әр ауданнан кездестіруімізге болады. Өкініштісі, оның бәрі – өз ұлтымыздың адамдары.

Біз осы орайда бірқатар ғалым, дінтанушыларды сөзге тартқан едік. Мәселен, филология ғылымдарының кандидаты, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейсекүл Исматова өзінің пікірін айтты. «Дін мәселесіне ел Президентінің ерекше назар аударуы алаңдайтын нәрселер бар екенін көрсетеді. Президенттің сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабымен жүруміз туралы айтқаны өте дұрыс. Бүгінгі таңда біз өзіміз көп нәрсені айыра алмайтын жағдайға жеттік. Діннің айналасында жүрген адамдардың, әсіресе жастардың көп екенін көріп қуанып отырамыз. Дегенмен, ішімізде: «Осылардың ішінде басқа дінге кетіп жатқан, адасып жүрген жастар жоқ па екен?» – деген сұрақ тұрады. Бала-шағасымен басқа діннің шырмауында жүргендер бар. Сондай түйткілдерге қараған уақытта көп ағымның болуы қауіпті. Адамның ойы мен ниеті дұрыс болмаған соң, ісі де дұрыс болмайды. Ондай қадаммен қоғам да жақсы дамымайды. Қоғамның да белгілі жүйесін халық жасайды. Сондықтан, ханафи мәзһабымен жүру дініміздің тұтқасы болып тұр. Президент тұмшаланып, қара киініп жүретіндер туралы да айтты. Қыз баланың жабық киінгені бір жағынан жақсы. Қазақтың қыздары түгел тұмшаланбаса да, ешқашан ашық киінген емес. Сол қыздарымыздың киімін бүгінгі заманмен үйлестіріп, әдемі үлгісін тауып жатса, оған да қуанамын. Көзіне дейін жауып тастап, қара киініп жүру біздің халқымызға жүз пайыз жат нәрсе. Бұл – жағамызды ұстайтын сұмдық. Ондайларға ашық тоқтау салу керек.

Одан кейін, араб тіліндегі сөздерді оңды-солды айтып жүрген жастарымызға да тоқтау салу керек. «Иншалла», «Машалла», «Әлхамдуллиллах» деген сияқты араб сөздерін түсініп те, түсінбей де айтып жүрген қазақтың қыз-жігіттері аз емес. Осы сөздердің орнына: «Шүкір», «Алла қаласа», «Ғажап» деген сияқты қазақы мағынасымен айтқанымыз жөн. Әйтпесе, араб сөздерінің тілдік жағынан да біздің лексиконымызға әкелетін зияндығы да бар. Айтыла келе осы сөздер біздің сөздік қорымызға еніп кетуі мүмкін. Жастар қызық көріп айта берсе, бара-бара тілдік формаға келіп, тағы да тіл тазалығы бұзылуы мүмкін. Біз әрине, дінді қабылдаймыз, қуаттаймыз, қолдаймыз. Өзіміз де сол имандылық жолында жүрген адамдармыз. Қандай дін болса да әр халықтың салт-дәстүр, әдеп-ғұрпына залалын тигізбеуі тиіс. Әрине, Абай Құнанбаевтың шығармаларында да араб, парсы, шағатай тілдеріндегі сөздер бар. Бірақ, Абай қазақтың сөзін таба алмай қалғандықтан емес, сол кездегі жағдайларға байланысты болған нәрсе. Ясауи, әл-Фараби ілімдері де, Абай ілімі де Шығыс халықтарының салт –санасына келетін ілім. Мен ханафи мәзһабымен жүрумізді қолдаймын. Өзіміздің салт-дәстүрімізбен, өзіміздің тілімізбен жүруіміз қажет. Тіпті, намаз аттарын да «Таң», «Бесін», «Екінді», «Шам» деп қазақша атаумен атасақ та болады. Сондықтан, Мемлекет басшысымен бірге болып, бір мазхабты ұстанғанымыз жөн», – дейді ғалым.

Бұл ретте, дінтанушы Бақтияр Алпысбаевтың да айтары бар. «Ислам діні Орта Азияға кіргеннен кейін бүкіл Түркі тектес халықтар исламның дамуына үлестерін қосты. Жалпы, Ясауи еңбектері арқылы Түркі халқы өзінің рухани болмысы мен құндылықтарын тани бастады. Қазақ халқы да мұсылмандық болмысын Ясауи ілімі арқылы дамытты. Ясауи ілімі – дін мен дәстүрдің сабақтастығы. Жалпы, елімізде Ясауи ілімін қолдамайтын топтар да бар. Олар – адасып жүрген топтар. Сондықтан, олардың да көздерін жеткізу үшін Ясауи ілімін идеологиялық тұрғыдан әрі қарай жаңғыртуымыз керек. Қазақтың ақын-жыраулары ислам дінін насихаттауда осы Ясауи ілімін жыр шумақтарына қосып отырған. Яғни, бағалаған. Олар да қазақтың рухани болмысы биік болсын деген мақсатты көздеді. Президент өте дұрыс айтып жатыр. Егер біз қазақ халқының мәдениеті мен рухани болмысын тереңдеп білмесек, адасып кетеміз. Орта Азияда да Ясауи ілімінің маңызы зор. Оны біз жастарға шығармашылық тұрғыда, ғылым тұрғысында насихаттауымыз керек. Ясауи пәнін мектеп бағдарламасына енгізу қолға алынып жатыр. Өте дұрыс бастама. Бұл бастама жоғары оқу орындарында да жалғасын табуы қажет деп ойлаймын. Қожа Ахмет Ясауи өзінің ілімі мен білімін ислам діні аясында қалыптастырды. Құрандағы аят пен хадисті назарға ала отырып, түркі халықтарының арасына ислам дінін насихаттауға көп еңбек еткендігі бар. Сондықтан, Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы өте дұрыс мәселені көтеріп отыр. Қолдаймыз. Осы бағытта тер төгіп, жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ол. Ал, Жамбыл аудандық мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев: «Президент жат ағымнан сақтану, жас ұрпақтың жарқын жолда жүруіне жол ашу, жас ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті сезіну, сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабымен жүру туралы жақсы айтты. Қолдаймыз», –. деді.

Міне, Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы айтып өткен сөздер көпшілік арасынан қолдау тауып, елге рухани серпіліс сыйлап отыр. Жастарымыздың қалай жүріп, тұруына, ислам дінін ұстануына бағдар ретінде де маңызы мол. Сондықтан, алдағы уақытта әл-Фараби мен Ясауи ілімін назарға алып, ақиқаттың жолында жүретінімізге сенім мол.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support