- Advertisement -

Адал адам болу бәрімізге сын

13

- Advertisement -

Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс», бұл Ұлттық Құрылтайдың елдік тұжырымдамасы», деп нақтылады. Меніңше, бұл тұжырымдаманың астарында үлкен саяси мән жатыр. Өйткені, қазіргі уақытта адал еңбектің бағаланбауы кімді де болса алаңдатады. Екінің бірі оңай олжа тауып байығысы келеді. Жемқорлықтың айдарынан жел есіп тұр десе де болатындай.

Ұлы Абай айтпақшы «Арсыз болмай атақ жоқ» деп жолын тауып, атақ-даңққа жетіп жүргендерді де білеміз. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» демекші, соңғы кездері мемлекетіміз Әділетті Қазақстанды орнату үшін жаңашылдық пен жасампаздыққа бет бұруда. Оның Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудағы орны бөлек болмақ. Соның нәтижесінде Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастады. Мемлекетшіл жастар жаңаша ойлап, батыл шешімдер қабылдап, еліміздің дамуына зор үлес қосуда.

Осы орайда масылдықтан, арамтамақтықтан адал азамат ұғымын қалыптастыру әрқайсымыздың сана-сезімімізге, жауапкершілігімізге тікелей байланысты екендігін айтқым келеді. Қоғамды жегідей жеген жемқорлық жойылмай адал адамды қалыптастыру қиынның қиыны дегім келеді.

Сондықтан «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұғымдарының бірінен бірі ажырамайтынын қарапайым адам мен басшы естерінен шығармаулары тиіс. Ал, адалдық мемлекетіміздің басты идеологиясы болып қалмақ. Оның аясында мемлекетшілдік жатыр. Ал, мемлекетті сақтау: Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдықтан тұрады. Ұлтымыз осы идеологиялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан XXI ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіру қажет.

Демек, адал, әділ, еңбекті қалыптастыратын қоғам екен. Осы жерде кейбір басшылардың осы қасиеттерді қалыптастыруда немқұрайлыққа жол беретінін де байқап жүрміз. Түсінсе, басшы – көшбасшы болуға лайықты болуы тиіс. Ол әділ болса, адал адамның еңбегін бағалай білсе, адамдардың еңбекке деген ынтасы артады, отаншылдық сезімі оянады, тәртіпке бағынады, арамдыққа бармайды.

Біз билер кеңесі ынтымақ пен бірлікті, ұлттық, отбасылық құндылықтарды нығайту жолында аз еңбектеніп жүргеніміз жоқ. Соның барлығы ел болсақ екен, ешкімге тәуелді болмасақ екен деген адал оймен жасалып жатқан тірліктер.

Бір сөзбен айтқанда, адалдықты, әділдікті біреу келіп орнатып бермейді. Ол ұятпен, жауапкершілікпен, жүрекпен қабылдасақ қана, бәріміз жасампаздыққа қарай ұмтылсақ қана мүмкін болады.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

Талас ауданының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support