- Advertisement -

Ұлт болашағына жаңа қадаммен

16

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында келелі мәселелер көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді. Ең бастысы, бабаларымыздың мың жылдық діни білімі мен рухани нұсқауына сүйенуіміз керектігін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысының «Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді. Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай? Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді. Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек», – деген сөздері елдің әр азаматына үлкен ой салды деп ойлаймыз.

Ұлттық Құрылтайда ұлт болашағына қатысты рухани бағдарымыз бен құндылықтарымызды айқындау бағытындағы білім, ғылым, тәрбие, тарих, бірлік, дәстүр-салт туралы маңызды мәселелер талқыланып, тұрақты дамудың тетіктерін айқындауға ерекше көңіл бөлінгендігі бізді қатты қуантты. Тіл, дін, тарих пен мәдениет, салт-дәстүрлері әр ұлттың басты байлығы екендігі, қазақ тілдің қолдану аясын кеңейту және жастарды кітап оқуға баулу, сондай-ақ, өткенімізді ұмытпай, бабалардан қалған мұраларды жаңғырту мәселесіне де айрықша талдау жасалды. Мемлекет басшысының болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыз бен мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет екенін баса атап өтуі де жас буынды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуға жігер сыйлайтыны сөзсіз және біз бұл құндылықтарға үлкен мән беріп, жандануына ықпал етіп, әр азамат мазмұнды іске асуына атсалысуы қажет. Сонда ғана елдің мәдени дамуы мен рухани кемелденуіне үлес қосқан боламыз. Яғни, бұл тұста, жастар мен болашақ мамандардың болашағын бағдарлауда ұстаздарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіресе, діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», – деп жалпы қазақ елін ұлттың өз салт-дәстүріміздің қадір-қасиетін ұғынып, дәстүрлі отбасы құндылықтарын, өзіміздің салтымызда жоқ дүниелерден алшақ болу керектігін де баса айтып, мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруге шақырды. Бүгінгі таңда есірткі саудасы, жастар арасында вейптердің таралуы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм қоғамның дертіне айналып бара жатқаны да ұлттық құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқандығымыздың бір дәлелі екендігі рас. Тарихымызда болмаған нашақорлық, есірткіге тәуелділік жоғарыда аталған кеселдердің үдеп бара жатқандығы да әр жанашыр азаматқа ой салары анық.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде алдымен ата-анаға, содан соң тәрбиеші, мұғалім, ұстаздарға, сондай-ақ, қоғамның әр азаматына артылар жүк пен жауапкершілік ауыр.

Ұлы Абай кезінде «Өзгерістің болуына сену керек, тек оны күш-жігермен жеңу керек», – деген даналығы қаншама ғасыр өтсе де, өз құндылығын жоймай, осы күннің жаңғыруына үндес болып тұрғандай. Жаңа Қазақстанның жаңа қадамдарын қолдап, жүзеге асырылуына, болашақтың жарқын болуына жұмыла атсалысу әр адамның азаматтық парызы.

 

Айсұлу ТҰРАРОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті педагогика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, ф.ғ.к., профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support