- Advertisement -

Нақты жұмыс нақты нәтиже береді

17

- Advertisement -

Көктем мезгілі шаруалар мен диқандар үшін қауырт тіршілік кезеңі. Қыруар техника мен адам күші жұмылдырылатын көктемгі науқан арнайы дайындықты қажет етеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңеске басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысып, көктемгі дала жұмыстарының жай-күйі сараланды.

Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Мұқашев сала бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, көктемгі науқанның барысы туралы баяндады. Нұрлан Нұржанұлының айтуынша, биыл облыста 644,5 мың алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделген.

– Биыл облыста 644,5 мың гектар алқапты егістік мақсатында игеру қолға алынған. Соның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 364,7 мың гектарға, майлы дақылдар 45,8 мың гектарға, қант қызылшасы 7,9 мың гектарға, картоп 4,5 мың гектарға, көкөніс 23,1 мың гектарға, бақша дақылдары 7,9 мың гектарға және мал азығы дақылдары 190,5 мың гектарға егілетін болады. Бүгінде дала жұмыстарына қажетті 44,8 мың тонна тұқымның 42,9 мың тоннасы дайындалып, Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, 1 280 гектарға арпа, 225 гектарға көкөніс, 32 гектарға картоп егілді, – деді Н.Мұқашев.

Оның сөзінше, биыл суды тиімді пайдалану мақсатында облыстағы су үнемдеу технологиялары пайдаланатын алқапқа қосымша 7 мың гектар қосылған. Соның есебінен жалпы 47 мың гектар су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда.

Өз кезегінде аймақ басшысы облыстың бірқатар аудандарында көктемгі дала жұмыстары жанар-жағармайдың дұрыс жеткізілмеуінен, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы жеткілікті деңгейде жүргізілмегендігін айтып, аудан басшыларына нақты жұмыстармен айналысуды тапсырды.

– Жанармайдың жеткізілуі бойынша шаруаларды ақпараттандырып, ұсыныстарды тездетіп жинақтау керек. Аудан әкімдері мен салаға жауапты орынбасарлары бұл бағыттағы жұмыстарын күшейтіп, егіс алқаптарын күнделікті аралап, шаруалармен тығыз байланыс орнатуы қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізуі үшін түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыруы шарт. Қажетсіз ақпараттан арылып, нақты жұмыспен айналысу керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан бөлек, жиында құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеудегі кемшіліктердің алдын алу мәселесі талқыланып, Ербол Қарашөкеев облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына аталған құжат түрін тапсырыс беруші тараппен бірлесе отырып дайындау бойынша тапсырма берді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support