- Advertisement -

Қымбатшылық қыспағы

18

- Advertisement -

Сарапшылар биыл Қазақстанда қымбатшылық деңгейі түседі деген болжам айтты. Бірақ, қарапайым халықтың сәт сайын инфляцияның зардабын тартып отырғанын көз көріп жүр.

Азық-түлік пен қызметтердің бағасы неге тек аспандай береді? Неге жалақы өспейді? Капитализмнің бізге беріп жатқан игілігі қандай? Қымбатшылық қайтсе тоқтайды? Осы сауалдарды сараптап көрелік.

Қарапайым тілмен айтқанда, инфляция – тауарлар мен қызмет бағасының өсуі. Яғни, ақшаның құнсыздануы. Халықтың өз қажеттіліктерін сатып алу қабілетінің төмендеуі. Инфляцияның болғаны жақсы ма, жаман ба? Бүгінгі экономикалық теория бойынша тауар бағасының өсуі қалыпты экономиканың көрсеткіші саналады. Алайда, бұл мемлекеттің қымбатшылықты бақылауда ұстай алатын құралдары болса және инфляция мөлшері 10 пайыздан аспаса ғана. Экономикадағы инфляцияның негізгі себебі – ұсыныс сұранысты толығымен қанағаттандыра алмауында. «Сұраныс инфляциясының» негізгі себептері – халықтың несиелену деңгейі, тауар тапшылығы, ақша эмиссиясы. «Сұраныс инфляциясы» экономиканың өсуіне әсер етеді деген пайым бар. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, мемлекет тарапынан қатаң бақыланатын болса ғана. Материалдар мен логистика бағасы, еңбекақы төлеу қоры мен салық шығындарының өсуіне байланысты компаниялар тауар өндіру мен қызмет көрсетуге көбірек ақша жұмсай бастағанда «шығындар инфляциясы» орын алады. Бұл жағдай сұраныс инфляциясына қарағанда қауіптірек. Себебі, ол «жалақы – баға» деген тұйыққа алып келеді. Компаниялар тауардың бағасын күрт өсіріп жібереді, қызметкерлер инфляцияға ілесу үшін жалақыны көтеруді талап етеді. Тиісінше, компаниялар шығындарды қайтадан оңтайландыру керек, ал жалақысы жоғары тұтынушылар сұранысты арттырады. Іс жүзінде инфляцияның себебін аз ғана уақыт ішінде анықтау қиын. Көп жағдайда атап өткен екі инфляция қатар орын алады немесе эпидемия, табиғи апат, соғыс, санкция сынды сыртқы факторлар жағдайдың ушығуына алып келеді.

Қазақстанда қымбатшылықтың ең жоғарғы көрсеткіші өткен жылдың қаңтар-наурыз айларында тіркелген. Ал, өткен жылдың қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша, елдегі инфляция былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,1 пайыз болды. Ең қатты қымбаттаған азық-түлік тауарлары: мұнда тоғыз айдағы бағаның өсуі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17,3 пайызға, ал алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерінің бағасы тіпті 18,5 пайызға қымбаттаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы айтарлықтай аспандамаса да, біршама өсім байқалады. Арғы жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 16,6 пайыздық межені көрсеткен. Киім мен аяқ киімді қоса алғанда, баға 16,2 пайызға өссе, тұрмыстық заттар мен тұрмыстық техниканың бағасы бірден 22,7 пайызға қымбаттап кеткен. Ақылы қызметтердің бағасы айтарлықтай қымбаттамаған. Мұнда жылдық баға өсімі 13,7 пайызды құрап отыр. Бір қызығы, бұл санатта біршама кәнарат бар. Мысалы, HoReCа, яғни хостел, ресторан, кофейня қызметтері бір жылда 17,7, денсаулық сақтау қызметі 17,2, тұрғын үй қызметтерінің барлық түрлері, су, электр энергиясы, газ және отынның басқа түрлері 15,1 пайызға қымбаттаған.

Қазақстандықтардың жалақысы өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда ақшалай мәнде 19,3 пайызға өскен. Өкінішке қарай бұл өсімге қарап, қазақстандықтарды «байып кетті» деп айтуға болмайды. Өйткені, бұл өсімді инфляция толығымен жеп қойып отыр. Нәтижесінде елімізде жалақының сатып алу қабілеті артудың орнына керісінше 0,6 пайызға төмендеді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың осы кезеңдегі нақты жалақы индексі 100 пайыздық деңгейден төмен болған жалғыз елі болды. Ал, ЕАЭО-ға мүше қалған мемлекеттерде жалақы едәуір артқан. Сатып алу қабілетінің 1,7 пайыз және 1,9 пайыз өсуі Беларусь пен Ресейде тіркелген. Армения мен Қырғызстан айқын динамика көрсетіп отыр. Егер қымбатшылыққа байланысты ахуалды түрлі салалардағы жалақының өсуімен қарастыратын болсақ нақты жалақы индекстері 100 пайыздан төмен болғанын атап өтуге болады. Бұл тек бюджеттік санаттар: денсаулық сақтау (97,3 пайыз), білім беру (93 пайыз) және коммуналдық қызметтер (98-99 пайыз) ғана емес, сонымен қатар сараптамалық (93,8 пайыз), қаржылық және сақтандыру (96,3 пайыз) қызметі. Жалақының нақты өсуі байқалатын жалғыз сала құрылыс болды. Статистикалық есептерге сүйенсек, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша құрылыс секторы қызметкерлерінің жалақысының сатып алу қабілеті бір жыл ішінде 12,1 пайызға өскен.

Таяуда ұлттық статистика бюросы 2023 жылғы инфляция динамикасы жөнінде статистикалық мәліметтерді жариялаған еді. Бюроның хабарлауынша, 2024 жылдың қаңтарын 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда күріш бағасы 31,3, минералды және ауыз су 17,2, жұмыртқа 16,9, салқындатылған сусындар 15,5, алкогольді ішімдіктер және темекі өнімдері 15, консервіленген сүт 13,9, сары май 13,1, жаңа жиналған жемістер мен көкөністер 12,3, майлылығы 2,5 айран 11,9, пастерленген сүт 11,8, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдері 11,7, балық және теңіз өнімдері 11,5 пайызға қымбаттаған. Бағасы төмендеген азық-түліктер: пияз 26,4, қарақұмық жармасы 23,6, күнбағыс майы 19,8, құмшекер 15,5 пайыз. Өңірлер бөлінісінде 2024 жылғы қаңтарда инфляция жылдық мәнде орташа республикалық деңгейден асатын он өңірде қалыптасқан. Олардың ішінде, қымбатшылық ең қатты сезілген өңірлер – Қарағанды (11,3 пайыз), Маңғыстау (10,6 пайыз), Атырау және Шығыс Қазақстан (10,1 пайыз) облыстары.

Енді өңірдегі ахуалға ойыссақ. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялды- инновациялық дамыту басқармасының берген мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері облыс бойынша жылдық инфляция 1,8 пайызды құраған. Ал, республика бойынша 1,9 пайызға жетіп отыр. Жекелей алғанда азық- түлік тауарлары 1,9 пайызға, азық-түлік емес тауарлары 1,1 пайызға, ақылы көрсетілетін қызметтер 2,4 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 2 пайызды құраған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің бірі артық делдалдық буынды жою комиссиясы боп саналады. Комиссия құрамында өңірлік сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау, мемлкеттік кірістер, экономикалық тергеп тексеру және бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департмент қызметкерлері бар. Жыл басынаң артық делдалдық буынды жою комиссиясының 21 отырысы өтіп, 42 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Фактілердің басым бөлігі жарма және көкөніс тауарларында анықталды. Сонымен қатар, жыл басынан бері жылда ӘМАТ-на жататын 3 тауар түріне, қарақұмық жармасы, күріш және тауық жұмыртқасына барлығы 60 тонна және 366 мың тауарға интервенция жүргізілген. Маусымаралық кезеңде көкөніс тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорына форвардтық келісім- шарт негізінде қор қалыптасқан. Олар: картоп – 4390 тонна, сәбіз – 800 тонна, пияз – 1000 тонна, қырыққабат – 500 тонна, күріш – 1048 тонна, қант – 3260 тонна, қарақұмық жармасы – 103 тонна,күнбағыс сұйық майы – 755 мың/ литр. Сондай-ақ, Тараз қаласы және аудан әкімдіктері ӘМАТ-ның бағасын тұрақтандыру бойынша сауда дүкендеріне ӘМАТ-ның өткеру кезіндегі сауда үстемақысын 15 пайыздан асырмау бойынша түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргізіп, апта сайынғы мерзімде мәліметтерін басқармаға ұсынуда. Бұл ретте облыс бойынша соңғы аптада 632 сауда дүкеніне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, 2024 жылға осы сауда үстемақысын 15 пайыздан асырмау бойынша сауда дүкендерімен және ауылшаруашылық тауар өндірушілермен меморандумға отыру бойынша жұмыстар басталды. Бұл ретте 1581 сауда дүкенімен 30 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен меморандум жасалған.

Қазақстандағы баға саясаты екіұдай күйге түсіреді. Іс жүзінде барлық ірі тауарлардың баға межесімен инфляция деңгейі бойынша бірінші орындамыз. Бұл ретте біз Қырғызстанды, тіпті санкциядан көз аша алмай жатқан Ресейді басып оздық. Неліктен ахуал осыншама күрделі? Одақ бойынша көршілес елдермен салыстырғанда Қазақстанда мұндай жоғары инфляцияның басты себебі Ұлттық банктың монетарлық саясаты екенін атап өткен жөн. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың төртінші тоқсанынан бастап Ұлттық Банкі ЕАЭО-да ең жоғары базалық мөлшерлемені ұстап отыр. Ол 16,75 пайыз. Бұл Қазақстандағы несиелердің ең қымбат екенін айғақтайды. Мұндай көрсеткіш экономиканың барлық салаларына әсер етеді.

Бұл мәселеге келгенде тиісті органдар әрдайым сенімді түрде пікір береді. Алайда, іс жүзінде жағдай керісінше болып шығады. Инфляция бойынша биыл бізді не күтіп тұрғанын журналистер жуырда Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан сұраған болатын.

– Ақпан айы бойынша инфляция бізде 9,5- 9,7 пайыз болды. Қазір толығырақ ақпарат келу керек. Айтып өткендей позициялар бойынша 1-1,5 пайызбен кейбір азық-түлік т ауарларының қымбатт ағанын байқап отырмыз. Қалай шешуге болады? Ол үшін ең біріншіден, өңдеу өнеркәсібін дамыту керек. Бізде қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрі бойынша үкімет бағаны қадағалап отыр. Өңірлерде жергілікті қорлар бар. Интервенцияны керек болса жасаймыз. Биылдың өзінде Қазақстан даму банкі мен Агронесие корпорациясы арқылы біз тамақ өңдеу өнеркәсібіне 100 миллиард теңгеден ақшаны жобаларға бөлейік деп отырмыз. Әлбетте, 100 миллиард теңге жетпейді. Инвестицияларды көтеру керек. Оны түсінеміз. Бұл салада үлкен жұмыстар жүргізіледі, – деді Нұрлан Байбазаров.

Ал енді, биылғы жылға болжам жасайық. Ұлттық Банктің хабарлауынша инфляциялық динамика үш ай қатарынан баяулап келеді. Ал, айлық инфляцияның көрсеткіші орташа жылдық межеден жоғары. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап күйде қалыптасып отыр. Бірқатар сауда-серіктес елдерде инфляция біршама қарқын алып, сыртқы инфляциялық қысым сәл күшейген. Әлемдік азық-түлік бағасында төмендеу үрдісі жалғасып, сыртқы инфляциялық жағдайға оң әсерін тигізіп отыр. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтана қоймаған инфляциялық ахуалға байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр. Жылдық инфляция биыл қаңтарда 9,5 пайызға дейін баяулады. Бұл Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Бағалардың жалпы өсіміндегі баяу үрдіс – жүргізіліп жатқан ақша- кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысымның және өндіріс шығындарының төмендеуіне, логистикалық тауар жеткізу жолдарының біртіндеп қалпына келуіне, биліктің инфляцияға қарсы шараларына, сондай-ақ өткен жылғы жоғары база әсерінің ықпалына байланысты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support