- Advertisement -

Субсидия көлемі көбейіп келеді

21

- Advertisement -

Өңіріміздің ең негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы саласын дамытуға биыл 40,7 миллиард теңге қарастырылған. Оның 19,6 миллиард теңгесі мемлекеттік бағдарламаларға, яғни субсидияға бөлінген. Бүгінде 2320 шаруашылыққа 3,5 миллиард теңге субсидия төленіпті. Шаруалардың сатып алған техникаларына да субсидия қарастырылған.

Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Мұқашевтан сұраған едік.

– Қазіргі уақытта шаруашылықтар т арапынан ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке бастапқы төлемсіз алу жөнінде көптеген ұсыныстар түсуде. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы бастапқы жарнасыз авансты төлем жасау есебінен техниканы 6 пайызбен алуға мүмкіндік бар. Оған 3 миллиард теңге қаржы көзделген. Одан бөлек, сатып алынған техникаға субсидия қарастырылған. Импортталған техникаларға 15 пайыз, отандық техникаларға 25 пайыз мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Айта кететін нәрсе, кооперативтерге де жергілікті бюджет есебінен 50 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сол сияқты су үнемдеу технологияларын, яғни тамшылатып, жаңбырлатып суару құрылғыларын аванстық төлеммен алуға болады. Бұл бағыттарға республикалық бюджеттен қосымша 12 миллиард теңге қаржы сұратылды. Жыл басынан бері салада 14,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2,2 пайызға артты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 310,3 миллион теңге инвестиция тартылды.

Биылғы өнім үшін ауыл шаруашылығы дақылдары 644,8 мың гектар алқапқа орналастырылады. Оның 364,7 мың гектарына дәнді және дәнді бұршақты, 45,7 мың гектарына майлы дақылдар, 7,9 мың гектарына қант қызылшасы, 4,5 мың гектарына картоп, 23,1 мың гектарына көкөніс, 7,9 мың гектарына бақша дақылдары, 190,5 мың гектарына мал азығы дақылдары егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 44,8 мың тонна тұқымның 42,9 мың тоннасы, яғни 95,7 пайызы қолда бар. Жетіспейтін тұқым көлемі облысымызда және көрші облыстарда тұқым өндіруге және сатуға аттестатталған шаруа қожалықтар тарапынан толықтырылатын болады. Қант қызылшасы және дәндік жүгері дақылдарының гибридті тұқымдары тұқым сатушылар тарапынан жеткізіледі. Көктемгі дала жұмыстарына 7311 ауыл шаруашылығы техникалары қатысады. Анықтап айтсақ, 4585 трактор, 1234 соқа, 580 қопсытқыш, 822 дән сепкіш, 90 тұқым дәрілегіштің қатысуы жо спарланған. Қазіргі уақытта техникалардың 92,4 пайызы көктемгі дала жұмыстарына дайын, – дейді Нұржан Нұрланұлы.

Дала жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан 10,8 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бүгінде оның 3,7 мың тоннасына қаражат аударылып, 1,2 тоннасы облысқа жеткізіліп те үлгерген. Арнайы комиссияның шешімімен облыс бойынша жанар-жағармай таратушы әлеуетті операторлар анықталып, дизель отынының бағасы литріне 250 теңге болып бекітілді.

Биыл 332,4 мың гектар алқапқа 53,3 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіріледі. Тыңайтқыш сататын кәсіпкерлердің бағалық ұсынымдары GOSAGRO-ға ендірілген. Сондай- ақ, биылғы жылы 65,2 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Оның ішінде 43,9 мың гектарға тамшылатып суару технологиясы, 21,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы қойылмақшы.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы арқылы 2,5 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі күні шаруалардан түскен 24 өтінімге 217,6 миллион теңге төленген. Қазіргі уақытта өтінім қабылдау жалғасып жатыр.

Қорыта айтқанда Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған облыстық жол картасы әзірленіп, оны іске асыру бағытында жұмыстар атқарылуда.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support