- Advertisement -

Ауызашардан басталған Наурыз

171

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Наурыз мерекесін кеңінен тойлауға ерекше мән беріп отыр. «Мен Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып, жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ, Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз» деп атап өтті Президент.

Әз Наурыз қасиетті Әулиеата жерінде де жоғары деңгейде тойланып жатыр. 19 Наурыз – Жаңару күніне орай, «Aulieata- Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласындағы «Сыбаға» мейрамханасында ауызашар кешімен орайластырып, Наурыз думанын ұйымдастырды. Әуелі аталған серіктестік құрамындағы 102 жылдық тарихы бар «Aq jol» газетінде әр жылдары еңбек етіп, бұл күнде өмірден озған ардагер әріптестердің рухына Құран бағышталды.

Мұнан соң Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов бастаған аға толқын журналистер және «Aulieata- Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы сөз алып, жиналғандарды әз Наурыз мерекесімен құттықтап, Рамазан айында ораза ұстап жүрген әріптестерге ниет қабыл болсын десті.

Іс-шара ән мен күймен жалғасын тапты. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның күйшісі Дидар Басықараев қоңыр домбыраны күмбірлетіп, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», «Аққу» күйлерін жоғары шеберлікпен тартып берді. Жамбыл аудандық Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің оқушысы Асылжан Тойшыбеков орындаған Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні, танымал айтыскер Нұрлыбек Құрманов шырқаған терме көпшілік көңілінен шықты. Келесі сәтте «Aq jol» газетінің аға тілшісі Жүрсінгүл Жақып пен ақын Үміт Битенова Айша есімді бүлдіршіннің тұсауын кесіп, мерекені қыздырды. Аталған медианың құрамындағы «Ar- Ai» жастар газетінің ұжымы да аянып қалған жоқ. Атап айтқанда, аға тілші Нұрым Сырғабаев Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартып берсе, корректор Ғалия Садықова орындаған Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попури де көңілден шықты. Тілші Нұрсұлтан Рахымбайдың жүрегінен шыққан жыр жолдары жүректерге жетті.

Іс-шара барысында спорттық ойындардың да бәсі қызды. Ұлттық ойындарды «Знамя Труда» газеті ұйымдастырды. Ерлер арасында қол күрестен «Ar-Ai» жастар газеті бас редакторының орынбасары Талғат Нұрханов жеңімпаз атанса, аталған газеттің көлік жүргізушісі Батыржан Шоқалақов екінші, «Aq jol» газетінің көлік жүргізушісі Нұркен Исаев үшінші орыннан көрінді. Қыздар арасындағы қол күресте «Aq jol» газетінің корректоры Саят Әлімжанова қарсылас шақ келтірмеді. «Ar- Ai» жастар газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева да сәтті өнер көрсетті. Кір тасын көтеруде «Aq jol» газетінің тілшісі Нұржан Әліш жеке дара көш бастады. Ол 16 килограмдық кір тасын 40 рет көтерсе, «Aq jol» газетінің көлік жүргізушісі Нұркен Исаев 31 рет аспанға атып, екінші орыннан көрінді. Үздік үштікті 30 рет көтерген «Ar-Ai» жастар газеті бас редакторының орынбасары Талғат Нұрханов пен газеттің көлік жүргізушісі Батыржан Шоқалақов өзара бөлісті. Арқан тарту сайысында Данияр Асқарұлы бастаған ерлер командасы әуелі «Ar-Ai» жастар газетінің командасын, финалда көлік жүргізушілер құрамасын ұтып, жеңімпаз атанды. Қыздар арасында контент ұжымы жеңімпаз атанса, жүлделі екінші орын «Aq jol» газетінің қыздарына, үшінші орын «Ar-Ai» жастар газетінің қыздарына бұйырды.

Іс-шараны «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы қорытындылап, қонақтарға және мерекелік іс- шараға белсенді қатысушыларға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support