- Advertisement -

Жауапкершілігі жоғары журналист

22

- Advertisement -

Шамасы, 2005 жылы облыстық «Ar-Ai» жастар газетіне келген сәтімнен бастап Жүрсінгүл Жақыпты білетін болсам керек. Журналистика дейтін әлемге, газет саласына жаңадан келген кезіміз. Үлкеннің бәрін үлгі тұтамыз. Аға буын журналистердің барлығына қызыға қараймыз. Сол қызығатын журналисіміздің бірі Жүрсінгүл Жақып еді.

2015 жылы облыстық «Aq jol» газетінің «Мәдениет» бөліміне тілші болып ауыстым. Алдында он жылға жуық жастар газетінде жұмыс істеген тәжірибем бар десем де, аға газеттің аурасы бөлек. Мұнда кілең есімдерін облыс жұртшылығы мойындаған журналистер еңбек етеді. Сол аға буынның бел ортасында Жүрсінгүл Жақып жүрді. Бұл кісі – «Жарнама» бөлімінің меңгерушісі, сонымен қатар редакцияның кәсіподақ комитетінің төрағасы еді. Жарнама бетіне келетін ақылы материалдарды сауатты қарап, нөмірге дайындап жатты. Аптасына үш рет шығатын газеттің жарнамасын жүргізу жеңіл емес. Аптасына кемі үш бет әзірлеп шығады.

Редакцияның кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде де Жүрсінгүл Жақып ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығынан ұжымға сыйлы болды. Кәсіподақ жұмысы көзге көрінбейді, бірақ өте ауқымды ғой. Күнделікті газет жұмысымен қарбаласып, жанталасып жүретін журналистерді бір сәт мерекелік сәттерде қуантудың өзі қандай ғанибет, десеңізші! Сондай сәтте ол іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне, қызметкерлердің бәріне бірдей құрмет көрсетілу керектігіне ерекше мән беретін. Кәсіподақ комитетінің басшысы ретінде қызметкерлерге берілетін сыйлықтарға да маңыз беретін. Одан бөлек, жаз мезгілінде қызметкерлердің елу пайыз жеңілдікпен демалуына, бірқатар мерекелік бас қосуға кәсіподақ тарапынан қаржылай қолдау білдіруге Жүрсінгүл Жақып дайын тұратын. Жоғары басшылықтан редакция қызметкерлері үшін сұрау керек нәрсе болса, батыл сұрайтын. Қызметкерлердің құқығын қорғау керек жерде, бетің бар, жүзің бар демей, батыл айтып қорғайтын. Біз де Жүрсінгүл Жақыпты осы өткірлігі мен жұмысқа жауапкершілігінің жоғарылығы үшін құрметтеуші едік.

Кейінірек Жүрсінгүл Жақып «Aq jol» газетінің Талас, Сарысу аудандарындағы меншікті тілшісі болып ауысты. Бұл жауынгер сияқты жұмыс. Жауапты хатшы қоңырау шалғанда беретін мақалаң дайын тұруы қажет. Ол кісі шалғайдағы екі ауданнан маңызды мақалаларды жолдап тұрды. Мәселен, Сарысу ауданына газ тарту мәселесін, «Еврохим» компаниясының қадамдарын індетіп жазды. Қаратау қаласының ахуалы, Талас ауданының алыс ауылдарының тынысы Жүрсінгүлдің қаламынан тыс қалмады. Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі – жеделдігі. Аталған екі ауданға министрлер, Парламент депутаттары, облыс әкімі барған сапарларды газеттің шығып бара жатқан нөміріне жедел дайындап берудің шебері болды. Түйіндеп айтқанда, меншікті тілші бола жүріп, ауыл тынысын дөп басып жаза білді. Жүрсінгүл Жақыптың аудандардан материалдар беріп қызықтыра білгені соншалық, кейде аудандардағы меншікті тілші болғымыз келіп кетуші еді. Меншікті тілшінің қызметін ол кісі осындай сапалы деңгейге көтере білгені рас.

Кейінгі жылдары газетке жұмысқа келген Жүрсінгүл Жақып көп ұзамай «Саясат» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл – Жүрсінгүл Жақыптың сауатты жұмысына берілген әділ баға. «Саясат» бөлімі – газеттегі жауапты бөлімнің бірі. Облыстың қоғамдық-саяси өмірін шеберлікпен қамту мықты журналистің ғана қолынан келеді. Ол кісі бөлімдегі тілшінің деңгейінің өсуіне, саяси сауаттылығына да мән берді.

Жүрсінгүл Жақып қай кезде де – ақылшымыз. Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде де біраз жыл еңбек еткен. Аудандарға іссапарға бара жатсақ, сол кісімен ақылдасып алатынымыз бар. Жүрсінгүл Жақып Мойынқұм, Шу, Сарысу, Талас аудандары бойынша қандай өзекті мәселені жазуымыз керектігін жаңылыспай айтып, бағыт- бағдар беруден жалыққан емес. Бір сөзбен айтқанда, тоғыз жылға жуық бір редакцияда еңбек етіп келеміз. Алдағы уақытта да жас журналистер Жүрсінгүл Нұртайқызын үлгі тұта берері анық. Жүрсінгүл Жақып мерейлі жасқа үлкен жетістіктерімен, әріптестер арасындағы абыройымен, облыс халқына батыл журналист ретінде танылған беделімен, берерімен жетіп отыр. Алдағы уақытта да оның қаламынан көптеген маңызды мақалалар жазыла беретініне сенімдімін. Ол кісі журналистер ғана емес, облыс тұрғындары арасында құрметті.

«Журналистік жұмыс – ауыр әрі жауапкершілігі мол сала. Біреуден мақтау есту үшін қолымызға қалам ұстаған жоқпыз. Жанымыз қалаған соң, жаздық. Осы салада еңбек еттік. Қызығы мен қуанышын қатар көрдік. Талай рет іссапарларда жолда қалып кеткен кездер болды. Сын жазғанымызда қуанған кездеріміз де, біреулер соңымыздан қалмай ренжіген кездеріміз де болды. Жалпы, журналистік жұмысыма жауапкершілікпен қараймын. Ұзақ жыл табан аудармай еңбек еттік. Біз алдыңғы буынның қатарындамыз. Қазіргі дәуір басқа. Қазіргі журналистикаға қойылып жатқан талап пен міндет те басқа. Жас буындар сол заманауи талаптарды меңгерген. Сондықтан, журналистиканың болашағы жарқын деп айта аламын. Осы саланы таңдағаныма өкінбеймін. Елдің мәселесін көтеріп жазған мақалаларыма көңілім толады. Жастардың жолы жарқын болсын деген тілегім бар», – дейді журналист Жүрсінгүл Жақып.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support