- Advertisement -

Абыройлы белес

254

- Advertisement -

«Aulieata media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ауысып, өңір айнасы «Aq jol» газетіне жұмысқа тұрған мені серіктестіктің сол кездегі басшысы Оралхан Дәуіт қарама-қарсы беттегі кең кабинеттердің біріне ертіп келді. Екі әйел кісі отыр екен. Терезе жақ төрдегі екі үстелдің бірі бос тұр. Екіншісіндегі, бізге жылыұшырай амандасқан оң беткейдегі орындықтағы келіншекке мені таныстырған Оралхан артынша маған бұрылып:

– Бұл кісі Жүрсінгүл деген әпкеміз, «Aq jol» газетіндегі «Саясат» бөлімінің меңгерушісі, – деді.

«Жүрсінгүл» деген есімге елең ете қалдым.

– Жүрсінгүл Жақып па?!! Жүрсінгүл деген сіз екенсіз ғой. Сыртыңыздан атыңызға қанықпын, – дедім мен де.

– Жүрсінгүл Жақып ұжымымыздағы тәжірибелі журна листің бірі, – деген Оралхан бос тұрған екінші креслоны нұсқап, енді осы бөлмеде, Жүрсінгүлдермен бірге отыратынымды айтты.

Содан бері жылыстап жыл өтіп кетті. Газет бетіндегі мақалаларын күнде оқып, өзін сырттай білем ғой деген Жүрсінгүл менімен түйдей құрдас боп шықты. «Құрдастың құдайы бір». Бір жылғы құрдас болған соң ба, жырымызға да, сырымызға да ортақ тақырып табылды. Жалпаң мақтан, жалған сөзге жоқ Жүрсінгүлдің біртоға мінезі, қарапайым келбеті, шынайы табиғаты мені өзіне тартты.

Трайбализм «дертімен» деміккен, «ала қойды бөле қырқатын», ақыл мен сабырдан гөрі «аттаны» мен «айғайы» басым, арзан есепті адамдары құмырсқадай қаптаған әмісе жандайшап, әсіре жарнамашыл мына қоғамда досы көппен сыйласып, досы жоқпен сырласқанды жөн көретін едім. Өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға жәрдем беріп, басқа түскен уайым мен қиыншылықты бірге көтеруге дайын тұрар арқасүйер жандарымның көп болғанын қалаушы едім. Бір-біріне қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиет иелерін аласапыран уақыт арасынан инемен құдық қазғандай тынымсыз, талмай іздей беруші едім. Осы әдетімнің олқы жерін Жүрсінгүл толтырды. Біздің арамызда өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың мызғымас достығы орнады. Жүрсінгүл жан құрбымның мені ұжымымызда «Аққұрдасым» деп еркелете атап кеткені де жарасып тұрады.

Атамыз қазақ «Дос – ажарың, жолдас – базарың» деп тегін айтпайды. Сіздің ішіңізге сыймаған дүниені өз ішіне сақтай алатын адам – нағыз дос. Тәулік бойы жаныңызда жүрмесе де, керек кезде қасыңыздан табылатын адам – нағыз дос. Сіздікі жөн болмағанның өзінде екі жақты мәмілеге келіп, бір шешім табатын, сіз үшін басын бәйгеге тікпесе де, кезі келген жерде сіздің сөзіңізді сөйлеуге ұмтылатын адам – сізге нағыз дос. Адал дос. Жүрсінгүл осындай қасиеттерімен менің жүрегімнің төрінен ойып тұрып орын алды.

Оның үстіне ол – аяулы ана. Екеумізді жіпсіз байланыстырған тағы бір тылсым – осы. Менің тақырыбым – алтын асықтай ұлдарым болса, Жүрсінгүлдің күміс қасықтай аппақ қызы үшін шығарда жаны бөлек. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің барлық сатылы квалификациясын меңгерген қызы Тоғжан резидентураны да тәмамдауға таяу. Үлкен мегаполистегі салмақты аурухананың білдей дәрігері болып қызмет атқарып жүр. Тоғжан ару – өмірге келген күнінен бастап, өбектеп, бүкіл саналы ғұмырын бір түйір балапанына сарп етіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, сапалы білім, тағылымды тәрбие беріп, иманды қыз, инабатты бойжеткен қып өсірген, оқытқан, тоқытқан асыл анасының шексіз мақтанышы. Үміт еткен көзінің нұры – Тоғжан.

Жүрсінгүлдің мен байқаған басты, тағы бір қасиетінің бірі – өз ісіне деген жауапкершілігі. Журналист Жүрсінгүл – мамандығын адаспай тапқан бақытты адам. Әлбетте, ол бұл биікке дейінгі жолды тарам-тарам сүрлеулерден бастап, соқтықпалы соқпақсыз баспалдақтармен шаршамай- шалдықпай жүріп өтіп, бағындырды.

1964 жылы 25 наурызда облысымыздың киелі топырақты ауданы Мойынқұмның Бірлік деп аталатын шағын ғана ауылында дүние есігін ашқан қаршадай қыз сүйікті ата-анасының сүйкімді баласының бірі ғана емес, бірегейі бола білді. Үлгілі тәртіппен, озық оймен сабақты да жақсы оқыған ол мектепте оқып жүргенде- ақ аудандық «Коммунизм таңы» («Мойынқұм таңы») газетіне әртүрлі тақырыптарға қысқа хабарламалар мен шағын мақалалар жіберіп тұрады. Хатпен жолдаған жазбалары үзбей жарияланып та жатқан.

Сөйтіп редакция алқасымен тығыз байланыс орнайды. Айдарлы ауылындағы Кеңес орта мектебін бітіріп, оқушы кезден-ақ аудандық газеттің штаттан тыс тілшісіне айналып үлгерген оны көп ұзамай газеттің сол кездегі бас редакторы Серік Әлімбетов марқұм редакцияға жұмысқа шақырған.

Бұл шақтар туралы әдемі естеліктерді бізге Әкебай Ертаев деген ағамыз айтып берді. «Бойында таланты бар Жүрсінгүл қарындасымыз ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып орналасты. Жастығына қарамастан тартымды мақалаларымен көзге түсті. Журналистика саласының алуан түрлі қыр-сырын тәжірибелі журналистерден үйренуден еш жалыққан жоқ», – дейді Әкебай аға асқан ризашылық сезіммен.

Ал, білмегенін сұрауға еш намыстанбайтын Жүрсінгүл Нұртайқызы «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген қазақ ғұламаларының көзқарасын ұстанады. Білімін көтеру мақсатында ҚазМУ- дың, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1989 жылы ойдағыдай бітіріп, диплом алады. Бұдан кейін аудандық газетте бірнеше жыл қатарынан жауапты хатшы қызметін атқарған талантты журналистің өмірі мен еңбек жолы облыс орталығында жалғасын тапқан. 2003 жылға дейін аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып жұмыс істеген Жүрсінгүл Жақып 2003-2006 жылдар аралығында Тараздағы республикалық «Салық тәртібі», қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттерінің тілшісі болды.

2006 жылдың 10 шілдесінен бері облыстық «Aq jol» газетінде бас маман, «Жарнама» бөлімінің меңгерушісі, «Хаттар» бөлімінің меңгерушісі, жарнама менеджері, меншікті тілші, «Саясат» бөлімінің меңгерушісі, аға тілші болып жұмыс істеп келе жатқан менің құрбымның еткен еңбегі, төккен маңдай тері еленбей қалған жоқ. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанған Жүрсінгүл Нұртайқызы Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясы салалық ұйымдарының және бірқатар облыстық басқармалардың, Мойынқұм ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жүрсінгүл Жақып жанқұрбыма осынау асқаралы белестің тек қана баянды бақыты бұйырсын деп тілеймін. Біздей құрдас әріптестер үшін өмірдің қызықшылығы таусылмақ емес.

 

Үміт БИТЕНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support