- Advertisement -

Қайтарымсыз грант бағыттары айқындалды

26

- Advertisement -

Өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағытында облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан бірқатар жұмыстар жүзеге асып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Айдар Абдырқадыров пен кәсіпкерлер палатасы жанындағы өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Латиф Айдаров қатысқан баспасөз брифингінде айтылды.

Кәсіпкерлер палатасымен қолға алынған «Бастау Бизнес» жобасы көптің көңілінен шыққаны белгілі. Жоба аясында кәсіп бастауға ынталы жандарға 5,5 миллион теңгеге дейінгі сомада қайтарымсыз гранттар беріліп, жаңа бастамалар іске асырылды. Спикерлердің айтуынша, осы жылы жоба жаңа бағыттар бойынша қаржыландырылмақ.

– Өткен жылы қайтарымсыз гранттар бөлінісінде инновациялық және жастар тарапынан ұсынылған жобаларға басымдық берілсе, биыл екі негізгі бағытты қамтиды. Оның біріншісі – өтінім беруші кәсіпкерлер реестрде міндетті түрде тіркелген болуы шарт. Ал, екінші шарт – өтінім беруші «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушысы болуы шарт, – дейді Айдар Қайнарұлы.

Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – ауыл шаруашылығы саласындағы ең перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік беретін бірегей бастама. Жоба сертификаттаудан өткен және нарықтық тартымдылығы бар сапалы өңірлік өнімді жасауға ауыл тұрғындарын тартуды көздейді. Мұнда негізінен тамақ өнімдері, ұлттық өнімдер және биотехникалық өнімдерге басымдық беріледі.

– 2023 жылы жобаға облыстың барлық аудандарынан 50-ге жуық кәсіпкер қатысты. Жобаның іріктелген қатысушылары үшін жоғары оқу орындарының арнайы технологтарын тарта отырып, өндіріс технологиясы бойынша оқыту жүргізілді. Сондай-ақ, өнімді жылжыту және өткізу, тауар белгілері мен сапа стандарттарын әзірлеу бойынша қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек, «Қазақстанның үздік тауары» конкурсымен бірлесіп, өткен жылы жобаға қатысушылардың көрмесі өткізілді. Оған 40-тан астам кәсіпкер әйел қатысып, байқау қорытындысы бойынша 3 финалист іріктелді, – дейді Латиф Айдаров.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы бүгінде кәсіп бастаушыларға бизнес-жоспар жазуға және табысты тәлімгерлерді тарта отырып, ісін жаңа бастаған бизнесті ұйымдастыру бойынша одан әрі сүйемелдеуге жәрдем көрсетіп келеді. Жиында шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлердің арыз-шағымы бойынша жұмыстарды жүзеге асыру жайы да назардан тыс қалмады.

 

Аяжан АҚЫЛБЕКОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support