- Advertisement -

Қазақы танымдағы «феминизм» деген не?

21

- Advertisement -

«Альфа» ұрпақтың заманы деген ұғыммен бірге қазақ қоғамында қазақ қыздарының да санасында сілкініс болғандай. Сол «альфа» ұрпақты өмірге жолдайтын, алғаш базалық ілім мен қағидасын, мінезін қалыптастыру жолында өзін де шартсыз дамытып жүрген аналар бар.

Үздіксіз даму арқылы түрлі тәжірибе, іліммен танысып, «томпақ» танымдағы қыздарды үлгі етіп жүргендерді де кездестіреміз. Дегенмен, қазақ әйелі ошақ пен оттан ұзап көрмеген, тек наным мен тыйым шарттарымен өмір сүрген «қараңғы» емес. «Альфа» тұрмақ, талай тентегін тезге салып, даналарды өсірген, бағыт берген, перзенттерінің саналы болып өсуіне жол ашқан.

«Гендерлік теңдік» деп ұрандатып жүргендерге үлгі болады-ау деген мақсатпен Тұмар, Ұмай, Бопай, Бөртелерді былай қойғанда, «феминизм» деген сәнді ұғымды дұрыс қолдана білген қыздар жайлы ой қозғасақ.

Бізде әу бастан қазақ зиялылары татар, орыстан ғана қыз алды деген жалған түсінік бар. Оған дәлел, Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Байгурина секілді Алаш арыстары Міржақып, Әлжандардың жарлары. Гүлайым Байгурина француз тілінде еркін сөйлеген. Мұстафа Шоқай мен Міржақып Дулатовты таныстырған, бір деңгейде ой таластыра алған. Осы үш қыз да «Қазақ», «Айқап» басылымдарына әйел теңдігі жайлы үздіксіз жазып отырған. Аққағаз Досжанова бүкілресейлік съезде мұсылман әйелдерінің жағдайы жайлы мәселе көтерген. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Поволжье, Оралда қиналып жатқан жұртты қазақ жеріне көшіру жайын жалпының назарына салған. Жетім балаларды орналастыру, емдеу жолында тер төккен. Гүлсім Асфендияровамен медбикелер курсын ашқан. Тіпті Аққағаздың оқу бітіру кешіне сол кездегі министр Тұрар Рысқұловтың өзі арнайы қатысқан. Сондай-ақ, небәрі 17 жасында Петербургқа хат жазып, өз бостандығы үшін күрескен Нәзипа Құлжановадай ағартушыны айтпасақ болмас. Ол 27 жасында Абай шығармаларының кешін жасаған. Әлихан, Потанин, Халел Ғаббасов, Герасимов, Михаэлиспен бірге орыс география қоғамында қызмет еткен. Шолпан Иманбаевадай аяулымызды жарыққа шығарған ағартушы. Затаевичке қазақтың екі әніне әуен жаздырған әншілігі тағы бар. 1921 жылы Ахмет Байтұрсынұлы қазақша оқулық жазуға адам іздейді. Мағжан педагогиканы, Әлихан географияны, Нәзипа мектепке дейінгі білім берудің ғылыми методикасын жазған. Ахметтің «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген өлең жолдары дәл осы Нәзипаға арналған. Бір ғана нәзікжандының бойында мың түрлі қабілеттің нәтижесін өзіңіз сарапқа салып көріңіз.

Кеңес кезіндегі «әйел эмансипациясы» жағдайы нашар отбасынан шыққан қыздардың білім алуына жол ашты. Соның жемісі ретінде қазақ қыздары жайлы «Әйел теңдігі» басылымы болған. Бұл басылым қыздарға «оқы», «сауатыңды аш» деді. Сара Есова, Нағима Арықова мен Нұржамал Саналиева атты қазіргі тілмен айтқанда, алғашқы «феминист» қыздар болды. Нағима Арықова қазақ Жоғарғы сотының төрайымы қызметін атқарды. Біздің тарихымызда Нағимадан кейін Жоғарғы сотты басқарған әйел болмаған. Мұндай деректерді тізе берсек, мысал көп.

Айтпағым, тек пен түптен, тарихтан, негізден ажырамай-ақ role model (рөлдік модель) болатын қайраткер қыздарымыз, аналарымыз бар. Бұл аяулыларымыздың орасан еңбегінің тек бір парасы ғана.

Қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасындағы теңсіздік жайын қозғап жүрген күрескер қыздарымыз да бар. Перизат Мырзахметтің «Өмірдің аты М» атты кітабынан кейін қыз баланың сезім білдіру мәселесі қалыпты күйге түскендей. Әлеуметтік желі арқылы «Роза коуч» атымен танымал Роза Әшірбаеваның тікелей эфирлері қыздар арасында сұранысқа ие. Дегенмен, білім, ғылым, ізденіс жолында Әлия Әшімнің ақпаратқа толы қысқа видеолары, деректі фильмдері нағыз үлгі дер едім. Әйел теңдігі тек тең құқық ұғымы негізінде ғана емес, санадағы еркіндік түсінігімен де өлшенсе деймін…

 

Ақерке ЖАҚЫПБАЙ,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support